Ол зауыт қақпасынан кіргенде кәсіпорын туралы ешқандай хабары да жоқ-тын. Әскерден келген соң, жұмысқа тұруды мақсат еткен. Бұл 1975 жыл еді. Одан бері де 42 жыл өте шығыпты. Сатыбалды зауытқа қабылданғалы сан сынақтан өтті. Бәрінен сүрінбей өткен санаулы жанның бірі де бірегейі еді. Сол кезеңде әскерден оралған бірнеше жігіт зауытқа жұмысқа тұрған. Солардың ішінде шыдамдылық танытып, қиындықты жеңіп шыққан екен. Қалғандары көп шыдас бермеді. Алды екі-үш айда зауытпен қоштасты, кейінгілері 2-3 жыл ғана шыдас берген. Бүгінде зейнет жасына келген Сатыбалды Мұхамбетұлы Супығалиев аға буыннан үйренген тәлімін кейінгілерге аманат етуде.
Тепсе темір үзетін шағы. Әскерден келген Сатыбалды Супалиев зауытқа алынарда кез-келген жұмысты қиынсынбайтынын ұқтырған. Сондықтан да №1 цехқа машинист болып қабылданды. Шешінген судан тайынбас. Қанша қиын сынақ болса да шыдап бақты. Бағына орай, тәлімгерлері соғыс көрген майдангерлер Досжан Ақжігітов пен Василий Шильцовтар болатын. Екі ардагер кезектесіп жас жігітті жұмыстың қыр-сырына үйретті. Жастықтың буы шығар шыдамсыздау болатын. Жұмысқа үйренгелі бұрын бойында жоқ шыдамдылық, сабырлық пен салқынқандылық пайда болды. Мұның бәрі тәлімгерлердің ықпалы еді. Майдангерлерден өмірлік те тағылым алды. Сондықтан шығар машинист болып тапжылмастан 30 жыл еңбек етіпті.
- Ол кезде ауысым деген атымен жоқ. Кешкісін жұмыс аяқталар сәтте насостан ақау шығады. Содан жөндеуге қаламын. Түннің уағында үйге қайтып жүретінмін. Әйтеуір, көмек қолын созып, білмегенімді үйреткен тәлімгерлерім мықты болды. Бірер жылда жұмысыма машықтанып алдым. Дегенмен, қондырғыда бұзылу жиі орын алып жатады. Кейде 2-3 күн насостың жанында түнеп жататынмын. Жаспын, қайратым бар. Басшылыққа шаршадым деп айтқан емеспін. Өзіммен бірге келген жігіттер шыдай алмады. Жұмыстан шығып жатты. Маған да оңай болған жоқ. Бірақ шыдап бақтым. Кейіннен насостар оңтайландырыла басталды. Жүйе автоматтандырылды. Бүгінде жұмыс істеу бұрынғыдай емес, барынша оңтайлы. 30 жыл машинист болдым. Жас ұлғайды. Содан кейінгі 10 жылда слесарь болып жұмыс істеймін. Біз үшін жұмыстың ауыр, жеңілі жоқ. Солай тәлім алдық. 42 жыл өмірім зауытпен байланысты өтті. Өкінбеймін. Енді міне, өзім де артымда ісімді жалғастыратын шәкірттер дайындап жатырмын.
Сатыбалды Мұхамбетұлы қарапайым еңбек адамы болып-ақ, талай жетістікке жетті. Зауыттың Құрмет тақтасынан орын алды. Құрмет кітабына енгізілді. Жұбайы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі де аяқтанған. Бүгінде немере-жиендерінің арасында. Айтқандай, үлкен ұлы Ерсайын әке жолын жалғастырып, мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау бөлімшесінде еңбек етеді.
Назад к списку новостей