Мерейгер мерейі

17.05.2017
1267 просмотров

Адам өмірінде бейнетінің зейнетін көріп жатқан жаста жан-жақтан қаумалап қолдап-қолпаштап жатса бір жасап қалатыны бар. Жуырда сексеннің сеңгіріне шыққан Нұрсұлу Меңдіғалиева төл кәсіпорнынан құттықтау алып масайрап отырған жайы бар. 31 жасында мұнай өңдеу зауытында еңбек жолын бастаған ол, 27 жыл табан аудармастан қызмет етіпті. Еңбегін бұлдаған емес. Бәрімен бірге ыйық тіресе жұмыс жасады. 

Сексенге келсе де Нұрсұлу апаның қимылы ширақ. Үй шаруасына мығым. Біз сәлемдесе барғанда көршісінде болатын бір шараға дайындалып жатыр екен. Бізбен сөйлесіп жүріп шәйін де қойды, пәтер ішінде зырылдап жүріп ескі суреттерді де әкеліп, өткеннен сыр шертті. Бәрі де қара жұмыс істегеннің арқасы шығар дейді,-ардагер.

-         Өзім мына Индер ауданындағы Бөдене ауылының тумасымын. Бала кезімізден мал бағып өстік. Қара жұмысты ауырсынбайтынбыз. Қалаға келгенім 1968 жыл еді. Содан осы мұнай өңдеу зауытына бардым. 31 жаста болатынмын. Зауытта ол кезде соғыс ардагерлері көп. Алдымен, №6 цехта жұмыс істедім. Тазалықшы болдым. Ұжым мені өз қатарларына жылы қабылдады. Бәріміз бір үйдің адамдарындай араластық. Осы цехта 10 жыл жұмыс істедім. Одан соң зейнеткерлікке шыққанша №2 цехта болдым. 1988 жылы көп балалы ана ретінде жеңілдікпен зейнетке шығарды. Дегенмен, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік болды. Содан 1995 жылға дейін зауытта еңбек еттім. Міне 20 жылдан асты зейнетке шыққаныма. Ардагерлер Кеңесіне ризашылығым шексіз. Осынау жылдар ішінде қатарластарыммен түрлі мерекелерде, арнайы шараларда жиі кездесіп тұрамын. Концерттер, қойылымдарға билет алып беріп, шақырады. Жуырда 80 жасқа толғанымды ескеріп, арнайы шақырып құттықтады. Ақшалай сыйлық берді. Жиналған мерейтой иелерін Жеңіс саябағына апарып серуендетті. Осының өзі үлкен адамды бір сергітіп тастайды. Жасы үлғайған адамға не керек? Көңіл ғой, қарағым... Бүгінде сол назарға алынып, жасап қалып жатқан жайым бар. Зауыт басшылығына рахмет, зейнетақыма қосып, қаржы төлейді. Ол да үлкен көмек.         

  Нұрсұлу Меңдіғалиқызы осы зауыттың Жылу-электр орталығында қызмет ететін Мардан Аюповпен шаңырақ құрып, 40 жыл ғұмыр кешкен. 8 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бәрі де бір-бір шаңырақ болған. Кенжесі Аманжан Аюпов ата-ана жолғын жалғастырып, зауытта қызмет етіп жатыр. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу