Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы мен Кәсіподақ комитеті кәсіпорында қызмет ететін Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысқандарды ұлықтады.
Мерекелік жиынды ашқан «Атырау МӨЗ» ЖШС Бас директорының жаңғырту және дамыту жөніндегі орынбасары Нұрлан Кейкин: «- 9 Мамыр бәріміз үшін қастерлі күн. Ұлы Отан соғысында аталарымыз қанын төгіп, осындай бейбіт күніміз үшін соғысты. Олардың сара жолын жалғастыру міне, отырған Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге бұйырды. Ауғандықтар да аталар жолына адал болды. Отан үшін жат жерде күресті. Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері арамызда өте сиреп қалды. Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль апатына қатысқандар соғыс ардагерлеріне теңестірілген. Осындай Жеңіс мерекесінде сізерді зауыт басшылығы атынан құттықтаймын»,-деді. Ардагерлерді сондай-ақ, зауыт кәсіподағы комитетінің төрағасы Қанат Қабденов те құттықтады: «-Зауытымызда Ұлы Отан соғысынан кейін жүздеген майдангер жұмыс істеді. Жеңіс мерекесі күндері асханамызға сыймай жататын. Уақыттың да алары бар ғой. Бүгінде арамызда қалғаны үш ардагер. Оларға құрмет көрсетіп келеміз. Енді әкелеріміздің, аталарымыздың жолын жалғастырып келе жатқан ауған соғысының ардагерлері. Сіздерді зауыт кәсіподағы атынан шын жүректен құттықтаймыз. Кейінгі келе жатқан буынды елін қорғайтын азамат етіп тәрбиелеудегі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!»
Ардагерлер де өз кезегінде зауыт басшылығының сый-құрметіне ризашылықтарын білдіріп, соғыс әндерін айтып берді. Кездесу соңында ардагерлердің бәрі де ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Назад к списку новостей