Әрине, екі түрлі ұлт өкілінің отбасы құруы 120-дан астам ұлт пен ұлыс мекендейтін Қазақстанда сирек кездесетін құбылыс емес. Ал, 98 пайыз жергілікті ұлт мекендейтін Атырауда ілуде біреу ғана кездеседі. Біздің Атырау мұнай өңдеу зауытында біраз интернационалды отбасылар бар. Олардың тұрмыс-тіршілігі көпшілікті қызықтырап жататыны да жасырын емес. Тимур мен Иринаның шаңырақ құрғандарына 10 жылға жуық уақыт өтті. Одан бері бірі қазақ, бірі орыс ұлтының өкілі бір-бірін тереңірек танып-білгендей. Олар осындағы халық бірлігінің, татулығының нышаны іспеттес.
36 жастағы Тимур Мүсіркегенов мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау өндірісінде 2006 жылдан бері эстакада операторы болып еңбек етеді. Жұмысына тыңғылықты, жауапкершілігімен көзге түсіп жүрген мамандардың бірі. Атырау мұнай және газ институтын химик-технолог мамандығы бойынша бітірген.
Тимур зауытта жұмыс істегеніне екі жыл өткен соң, яғни, 2008 жылы орыс қызы Ирина Хазарджянмен отбасын құрады. Жастар бұрыннан сөз байласып жүріпті. Дегенмен, отбасын құруға келгенде үлкендердің батасын алғанды жөн көреді.
- Мен үйдің үлкенімін. Менен кейін қарындасым мен інім бар. Иринамен отбасын құру туралы шешімімді ата-анама айтып, үй-ішімен таныстырдым. Несін жасырайын, басында қалай айтарымды білмей уайымдаған кезімде болды. Басқа ұлтттың өкілін қалай қабылдайды деген ой ғой. Бірақ, ата-анам Иринаны жылы қабылдады. Оң батасын берді. Ол да біздің туысқандарға келген күннен бауыр басып кетті. Қазақ болған соң көп ағайын бар. Бәрімен тіл табысады. Олар да бірден Иринаны іздеп тұрады. Орыстың қызы деп шеттеткен емес. Қайта елге, ағайынға тартып, бауырмал етті. Сондықтан да жақындарыма, жұбайыма ризамын. Міне, бас қосқанымызға 10 жылға жуық уақыт өтті. Біз бірімізді уақыт өткен сайын түсінісіп келеміз. Өсіп келе жатқан екі гүліміз, қыздарымыз бар.
Жалпы, Иринада бес ұлттың қаны бар екен. Осының өзі өзара татулықтың белгісіндей. Ол қазақ тілін еркін меңгерген. Ұлттық тағамдарды дайындағанда, салт-дәстүр ұстанымында қазақтан кем емес. Бәрі де бала жастан алған тәрбиесі мен үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсете білетін биязы мінезінде болса керек-ті. Қазақ келіні Ирина ашылып сөйлемесе де, ісіне байыпты жан екен. Сонда да сөзге тартып көрдік:
- Шаңырағымызда береке мен бірлікті биік ұстанамыз. Біз өз қалауымызбен қосылдық. Ешкім зорлап қосқан жоқ. Сондықтан да түрлі ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған емес. Екі ұлттан қосылсақ та ол отбасылық болуы татулығымызға еш кедергі болған емес. Ата-енемізден еншімізді бөлек алып шықсақ та байланысымыз тығыз. Үлкен әулет болған соң, түрлі шаралар болады. Сонда ағайындармен біргеміз. Бәрі маған өз қыздарындай, бауырындай қарайды. Мен де осындай жылы қабақтарына сызат түсірмеуге тырысамын. Қазақы салт-дәстүр, жоралғыларды үйреніп те алдым. Үйде соны ұстанамыз.Ұлттық тағамдарды пісірем. Ең бастысы, отбасылық ынтымағымыз бар, бір-бірімізге деген сыйластығымыз бар. Одан басқа бізге ешнәрсенің де керегі де жоқ. Кішкентай балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз.
Өзге ұлт болса да қазақылықты бойына сіңірген Иринаға риза болдық. Екі түрлі ұлт өкілі отбасын құрып өз бақытын тапқан. Татулығы мен жарасқан ынтымағына қарап көңіл сүйсінеді. Осындай кеңпейіл де жайдары шаңырақ көпке үлгі боларлықтай.
Назад к списку новостей