Осыдан 60 жыл бұрын зауыттың қақпасынан енген бозбала мұнай өңдеушілер династиясын бастаймын деген ойында жоқ еді. Алып кәсіпорын оны баурап әкетті. Зауыттағы өндірістік цехтарда аянбай қызмет жасады. Еңбегі де еленіп, марапаттар алды. Атырау мұнай өңдеу зауытында 40 жыл еңбек еткен Мұса Мырзағалиев бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал. Оның жолын балалары жалғады. Енді немерелері де сабақтастырып жатыр.
Жұма Мырзағлиұлының балалық шағы Теңіз ауданында (қазіргі Құрманғазы ауданы) соғыс кезіндегі таршылықта, тапшылықта өтті. Бала уағынан буыны қатпай тұрып еңбекке араласты. Қарны тойып жүргені, бала болып ойнаған күндері есінде жоқ. Бар болмысымен күйбің тірліктің құсауында болған екен. Осылай жергілікті жерден 10 жылдық орта білім алып шықты. Елде бірер жыл еңбек етті. Ендігі ойы қалаға барып білім алу еді. Бірақ оған ыңғайы болмады. Бұл мұнай өңдеу зауытына жергілікті жерден жұмысшыларды қабылдай бастаған кезең еді. Оқуда жолы болмаған Жұма тәуекел етіп зауытқа жұмысшы болып орналасты. 1956 жыл болатын. Кәсіпорын жанында жатақханасы бар, асханасы күн-түн демей жұмыс істеп тұр. Салт басты ер адамға бұдан артық не жағдай қажет? Тек еңбек етсе болғаны. Бір жылдан соң Жұма Кеңес армиясы қатарына шақырылды. 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеген соң, зауытқа оралып жұмысын жалғастырған. №4 цехтағы оператор орнына қайта алынды. Ол кезде зауытта соғыс ардагерлері жұмыс істейтін. Майдангерлердің алдын көрген ол көп нәрсені түйіп есейді. Ұжымдық шаруаларды шешкенде алдымен ардагерлердің пікірі тыңдалатын. Олардың жұмыстағы болсын, жұмыстан тыстағы болсын әрбір ісінің өзі үлгі еді. Осындай ізгі қасиеттерді санасына тоқыды. Одан кем болған жоқ. Еңбегі де еленіп, марапаттарымен көзге көріне бастады. 1961 жылы Петровский зауытының басшылығы аттай қалап Ж.Мырзағалиевті темір ұстасы етіп өздеріне аударып алған. Ол кезде жергілікті зауыттар арасында мамандарды ауыстырып отыратын келісім болатын. Екі жыл сол зауытта қызмет етіп, мұнай өңдеу зауытына қайта оралды.
- Ол кезеңді қазіргі уақытпен салыстыруға келмес. Жұмыстан борты қорап мәшинемен қайтамыз. Ол заманның өз қызығы да болатын. Жас болдық, жұмыстың ауырлығын елең қылмайтынбыз. 8 метрлік құбырлар болатын. Салмағы ауыр. Соны екі адам болып қондырғы басына тасимыз. Қазір оны техника атқарады ғой. 60 жылдардың аяғында автобустар келе бастады. Сол көлікпен жұмысшыларды таси бастады. Ол кезде барлығымыз «Тұрғындар қалашығында» тұрамыз. Әрбір демалыс күндері көңілді шаралар ұйымдастырылады. Қысты күні мұнайшылар сарайында концерттік қойылымдар болады. Жазда Жайықта қайықпен қашықтыққа, биіктіктен секіруден, жүзуден түрлі сайыстар болады. Өз стадионымызда жарыстар күн құрғатпай өтіп жататын. Бүгінде заман жақсарды емес пе?! Зауыттағы жұмыс автоматтандырылған деп естиміз. Бұрынғыдай қол жұмысы жоқ. Адамның ыңғайына қарай жағдай жасалған. Технология дамып жатыр ғой,-деп ағынан жарылды ардагер.
1962 жылы жұбайы Ғалия Мырзағалиевамен отау құрды. Ол зауыттың жөндеу, жабдықтау бөлімінде сылақшы болатын. Екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де болашағын зауытпен байланыстырды. Үлкені Сәния бүгінде зауытта –диспетчер. Зауыттың жолдамасымен жоғары білім алды. Салауаты –оператор. Нариман көлік цехындаеңбек жолын бастады. Кенжесі Ирина асханада жұмыс істейді. Бәрі де ата-ана жолын жалғастырып, абыроймен еңбек етеді. Жұбайы Ғалия Мырзағалиева айтады:
- Осы зауыт бізді қосты. Отбасы болғалы тарыққан жоқпыз. Бұрын, біздің кезімізде жұмысшылардың айлығы аз болатын. Бірақ, соған қарамастан еңбек еттік. Шүкір, балалар өсті. Енді олар біздің жолымызды қуып, өмірін зауытпен байланыстырып жатыр. Зауыттағы ардагерлер кеңесіне рахмет. Ұмытпай шалымыз екеумізді түрлі шараларға шақырып тұрады. Біз жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Енді немерелердің тілеуін тілеп отырған қариялармыз.
Бүгінде Жұма Мырзағалиевтің немерелері зауытта еңбек жолын бастап жатыр. Осылайша мұнай өңдеушілердің династиясының еңбек жолына 60 жылдан астам уақыт өтіпті. Оның ары қарай ұзағынан жалғасарына сенім білдіреміз.
Назад к списку новостей