Блогерлердің жергілікті мұнай өңдеуші кәсіпорынға қызығушылығы тектен тек емес. Себебі, Қазақстандағы мұнай өңдеуші өндірістің алғашқы қарлығашы Атырау МӨЗ-дің 70 жылдық тарихы бар. Мұнда бірнеше мыңдаған жұмысшы, қызметкерлер жанар-жағармай өнімдерімен негізінен елдің батыс өңірін қамтамасыз етіп отыр. Жиырмадан астам ұлттың өкілі өзара татулықта жұмыла еңбек етуде. Зауыт тәуелсіздік жылдары шығаратын өнімдерінің түрлерін арттырып, үшінші жаңғыртуды жүргізуде. Екі жыл бұрын кәсіпорында ароматикалық көмірсутектер өндірісі кешені іске қосылды. Бензол мен параксилол өнімдері өнеркәсіптік партиялармен шығарыла бастады. Бүгінде өнімдер экспортқа жөнелтілуде. Блогерлер делегациясы зауытта негізгі өндірістермен танысты. Бас инженердің өндіріс жөніндегі орынбасары Василий Гацко цехтардағы жұмыс барысын көрсетіп, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі процестерді таныстырды. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жобасын техникалық қамтамасыздандыру бөлімінің бастығы Әділет Шошаңбасов блогерлерді зауыттағы соңғы жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс алаңдарына апарып, кешеннің ерекшелігінен хабардар етті. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені (МТӨК) іске қосылысымен К-4 және К-5 (Евро-4, Евро-5 тектес) стандарттарындағы бензин шығарылады. Мұнайды тереңдетіп өңдеу ұлғайып, өндірісте ашық түсті мұнай өнімдерінің (бензин, дизель отыны) үлесі артады. Зауыттың мұнайды өңдеу қуаты жылына 5 тен 5,5 млн. тоннаға дейін жеткізіліп, құрамында зиян мөлшері төмен автокөлік бензинінің тұтыну есебінен аймақтың экологиялық ахуалы жақсармақ.
Зауыттағы негізгі өндірістер мен жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқан блогерлер өздерін толғандырған сұрақтар қойып, сол жерде тұщымды жауаптар алды.
Исабек Жұбаныш, блогер (Қызылорда облысы):
Осынша үлкен өндіріс орнын тұңғыш рет көруім. Атырау мұнай өңдеу зауыты туралы баспасөз бен теледидардан хабарымыз болғанмен, көзбен көрген емеспін. Енді міне, Атырауда өткен блогерлердің VII құрылтайында зауытты көрудің сәті түсті. Ұйымдастырушыларға үлкен рахметімді айтамын. Біз өндіріс орнында жұмыс процесімен таныстық. Жаңа іске қосылған ароматикалық көмірсутектер өндірісінің қондырғыларын көрдік. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр екен. Құдды бір тағы да зәулім зауыт салынып жатқандай әсер алдық. Байқағаным, зауытта қауіпсіздік шараларына қатаң қарайды екен. Қай өндіріс болмасын жұмысшылар арнайы киіммен қамтылған. Танысуға келген біздерге де қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп жатыр. Зауыт өкілдері бізді қысқаша тарихымен, шығарылатын өнім түрлерімен таныстырып шықты. Сұрақтарымызға тұщымды жауаптар алдық.
Әлихан Жарар, блогер (Қостанай облысы):
Атырау мұнай зауытын аралағанымызда өте тарихи кәсіпорын екенін байқадым. Алып зауыт. Территориясының өзі біраз жерді алып жатыр. Мұнайды тереңдетіп өңдейтін кешен құрылысымен таныстық. Евро-4, евро-5 стандарттарына сай автокөлік бензинін шығаруға жұмыстанып жатыр. Өндіріс орны қайнап жатыр. Мұнай өңделуде, кешен құрылысы қарқын алған. Мұндай стратегиялық нысанға алғаш кіруім. Әріптестерім арасында мен сияқтылар көп болды. Сондықтан да қызықтыратын сұрақтарымыз аз болған жоқ. Зауыт өкілдеріне ризамыз. Біздің қай сұрағымыз болса да жауапсыз қалдырмады.
Назад к списку новостей