Күміс алқалы Күнсұлудың бақыты

24.02.2017
498 просмотров
Күміс алқалы Күнсұлудың бақыты

Әр баласының өз орны бар. Бөле-жаратындай емес. Қызы қияға ұшты, ұлдары бір-бір шаңырақ иесі. Бәрін де еңбектен қол үзбей жүріп жеткізді. Жасында енесі бала тәрбиесінде көп көмегін көрсетті. Үйелмелі-сүйелмелі балаларға алаңдатқан жоқ. Зауытқа 30 жылын арнаған Күнсұлу Айбарова бүгінде немере-жиендерінің ортасындағы ардақты әже, бақытты ана. 

   

 Күнсұлу Айбарова зауытқа жұмысқа тұрғанда 25 жаста екен. Жылу электр орталығына қабылданды. Жұмыстың жеңілі жоқ. Үйренісіп кету де оңайға соқпады. Табанды жас екі апта ішінде жұмысына машықтанып алды. Түздің жұмысы мен үйдің жұмысын да қатар алып жүру бір сәт ақсаған емес. Оған енесі көп септігін тигізді. Зауытқа келгенде кішкентай екі баласы бар еді. Бірі 5 жаста, бірі 2-де. Қарты бар үйдің қазынасы бар деген нақылдың рас екенін Күнсұлу жастайынан түйген. Бүгінде сол жолды жалғасытырып отыр. Дүниеге келген сәбидің бәрін енесі құшағына алып, тәрбиесін берді. Жолдасы Сайлау Төлемісов көлік цехында еңбек етті. Екеуі күн ұзақ жұмыста. Демалыста ағайын-туғанның қуанышы мен қазасы бар. Бәріне де үлгеріп, араласып тұрды. Жұмысын істей жүріп, жыл аралатып декреттік демалысқа кететін. Сәби аяғынан тұрған сәтте, қайта оралатын. Осылайша зауытта 30 жыл еңбек етті.

-         Үйде үлкен адамның болғаны мағын үлкен демеу болатын. Балаларға алаңдаған емеспін. Зауыт балабақшасы бір жарым жастан қабылдайтын. Бірі балабақшада болса, бірі мектептке баратын. Олардың бәріне енем қарайласты. Жолдасым екеуміз жұмысты ғана білетін едік. Сондықтан бала босанған соң, жыл өтпей жұмысқа шығып кете беретінмін. Қазір өзім енді сол үлкендердің орнында немерелерді тәрбиелеп отырмын. Жастарды да түсінем, үлкеннің де жайын ұғынам. Баланы марапат алайық, не болмаса алқа тағайық деп туған жоқпыз. Ұрпақ жалғасы ретінде қарадық. Балалы үй –базар дегенді кішкентайымыздан санамызға тоқып өстік. Әр баланың өз несібесі болады. Енді міне, солардан тарағандардың қызығын көріп отырған жайымыз бар. Құдай көпсінбесін, 10 немере, екі жиен немере, бір жиеншарым бар. Бәріне шүкіршілік етемін. Осылардың ортасында отырғанның өзі бір бақыт. Өкініштісі осыны жолдасым Сайлау көре алмай кетті. 55 жасында, дер шағында мезгілсіз өмірден өтті. Балалар енді ғана аяқтанып келе жатыр еді. Маған әрине, қалғандарын жетілдіру оңай болған жоқ. Үлкендері бір-бірін сүйеді, қолдады. Сөйтіп, барлығы да бір-бір шаңырақ болды. Ұлдарды еншісін беріп бөлек шығардым. Кенже ұлым 26 жаста. Жаңа үйленді. Соның қолында тұрып жатырмын. Немере деген тәтті ғой. Солардың күйбеңімен уақыт өтеді. Әулет болғасын балалар қуанышты сылтауратып басымызды қосып тұрады. Құда-құданалы болған соң, ағайындармен араласасың. Зауыт ардагерлер кеңесі шақырып тұрады. Мейрамдарда құттықтап, назардан тыс қалдырған емес. Біз жасарымызды жасадық, болашақ осы бала-немерелердікі. Солардың тілеуін тілеп отырған қариямыз.

  Үлкені Гүлмира Төлемісова ана жолын жалғастырып, зауыттың жылу-электр орталығында қызмет етеді. Қонысбайы бұрынғы көлік цехында автобус жүргізеді. Қалғандары оқу оқып, сан-салада қызметте. Бүгінде күміс алқалы Күнсұлу ана үлкен әулеттің ұйытқысы ретінде жол көрсетіп отырған дана.

Ғалия Қуанышева, келіні:

 Туған анамдай десем, артық айтқандығым болмас. Келін болып түскенім күні кеше, 2016 жылы. Бірден баурап алды. Жатырқағам жоқ. Бұрыннан бірге тұрып үйреніскен адамдаймыз. Маған дейін де келін түсіріп көрген. Сондықтан келінге қарай қарауды, білмегенін үйретуді, ағайын арасында сыйластықта болуды біледі. Жас болған соң, жаңадан түскесін білмейтініміз көп болып жатады. Оны байыппен түсіндіреді. Өзі жасап үйретеді. Менің төрт абысыным бар. Бәріміз де татумыз. Кез келген уақытта жинала қалып, өзімізге артылған жұмысты дөңгелетіп алып кетеміз. Осының бәрі енеміздің арқасы деп білемін. Өзі де енесімен бірге тұрып, көп нәрсе үйренген, тәлімін алған. Енді біз сол өнегені алып жатырмыз. Көп балалы ананың білгені мен берері көп деп ойлаймын. Ол ұрпақ тәрбиесінде маңызды. Ол өнегені біз аламыз, кейінгіге жалғастырамыз. Сондықтан да үйде үлкен адамның болуы біз үшін мәртебе.   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу