Құпия әскерде қызмет еткен ардагер

23.02.2017
532 просмотров
                   Құпия әскерде қызмет еткен ардагер

Ол - «Құрмет» орденді зауыт ардагері. 40 жыл табан аудармастан кәсіпорынға адал қызмет етті. Өзінен кейінгілерге еңбек адамының қашанда құрметті екенін үлгі етіп кеткен жан. Базарбай Жансариев зауытқа келгенде 20 жастағы жігіт-тін. Соғыс ардегерлері Мәйтім Мәмбеталиев пен Молданияз Қалиевтердің тәлімін алды. Жастайынан жұмыс істей жүріп тәжірибе жинады, өмірдің де берген сабағы аз емес. Енді міне, 70 жастан асқан шағында өзі де соғыс ардагерлері мәртебесін алды. Базарбай ақсақалдың құпия әскери қызметте болғанын бүгінде көпшілік біле  бермесе керек-ті...    

1965 жылы Базарбайды Гурьев әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырды. Ол кезде әскери қызмет 3 жыл болатын. 18 жасқа толған күзінде бозбала әскерге аттанып кете барды. Алдымен Кеңес Одағының әр түпкірінен жиналғандарды Өскемен қаласына алып келді. Елдің балаларының, әсіресе қазақтардың Қазақстанда әскери қызмет етуі өте сирек. Өскемендегі әскери дайындықтан өткен соң, басқа аумақтарға таратады деп ойлаған. Олай болмай шықты. Бір айдан соң әскери ант қабылдағандарды сапқа тұрғызып, Семей облысына аттандырған. Іскери бөлім ішкі әскерлер құрылымына қарайтын. Олар далалықта қызмет етті. Кеңес Одағының құпияны асырғаны сол, әскери қызмет еткен сарбаздар жақын орналасқан Семей атом полигонынан хабарсыз болатын. Офицерлік құрамның да білуі екіталай. Сарбаздардың байқағаны жазды күні түске дейін тамылжып тұрған күн, аяқ астынан астаң-кестеңі шығып шаңытып кететін. Құйынға да ұқсамайды. Түсініксіз табиғат құбылысы болатын. Жақын маңда ауылдар орналасқан еді. Бірақ, сарбаздарды ауылға жібермейтін. Осылайша Базарбай Жақсариев 3 жыл әскери қызметін өтеді. Құпия жүктерді күзетті. Діттеген жерлеріне қарулы күзетпен жеткізді. Тағы бір бөлімше аса қатаң режимдегі түрмені күзеткен. Әскери қызметі біткен уақытта қай жерде болғаны жөнінде тіс жармау туралы құпиялықты сақтау құжатына қол қойған. Елге келген соң да әскери қызметі туарлы ауыз ашқан емес. Кейіннен білді ғой, Семей полигонында атом бомабасы сынағы болғанын.

-         Тәуелсіздік алған соң, 90 жылдардың орта шенінде «Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылған екен. Маған да хабарласты. Мен әскерде қызмет еткен 60 жылдары Семей полигонында жойқын атом сынағы болғанын білдім. Жер асты және жер үсті сутегі бомбасы сыналған екен. Біздің әскери қызметімізден құпиялық алыныпты. Содан әскери комиссариат арқылы жеңілдіктер болатыны айтылды. Оған мән бере қойған жоқпын. Ол кезде зауытта жұмыста едім. Енді міне, былтыр қоғамдық бірлестік сол жылдары әскерде қызмет еткендерді соғыс ардагерлеріне теңестіру жөнінде Үкіметтен бекітіп алыпты. Маған жыл аяғында куәлікті тапсырды. Біз енді оқ пен от кешкен соғыс ардагері емеспіз. Бірақ, қауіпті жерде қызмет еткендіктен, жеңілдіктің артықтығы жоқ. Қоғамдық көлікте тегін жүреміз. Жеңілдікпен шипажайларға барып демалуға мүмкіндігіміз бар.

       1968 жылы әскерден оралысымен Базарбай Жансариев мұнай өңдеу зауытына жұмысқа тұрды. Мұнайды тұзсыздандыру қондырғыында оператор болды. Қондырғы бастығы Махмұд Бердиев, аға оепраторлар Фазыл Мұхамбетов, Зекеш Жетімеков, Николай Усаченко мен Әнел Сағызбаевтардың ізін басып еңбек етті. Зауыттағы өмірі күні кешедегідей көкірегінде сайрап тұр. Жұмыстастарының бәрінің есімі жаттаулы. Қондырғыда аға оператор бола жүріп, жастарды тәрбиеледі. Еңбегі еленіп зауыттың Құрмет тақтасына ілінді. 2005 жылы зауыттың 60 жылдығында 60 жасқа толды. Мерейгер Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне таққан. Бүгінде Базарбай ақсақал немерелерін тәрбиелеп отыр. Олардың алды студент. Ұлы Саламат әке жолын жалғастырып Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етеді.  

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу