Ө.Шүкеев Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымына Елбасы Жолдауын түсіндіріп, «Самұрық-Қазына» Қорындағы ұтымдастыру бағдарламасы туралы айтып берді.

22.02.2017
501 просмотров

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан былай - Қор) басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» Жолдауын түсіндіру мақсатымен Атырау мұнай өңдеу зауытының (бұдан былай - АМӨЗ) ұжымымен кездесті.

Жолдаудың басты идеясы – Қазақстан экономикасының негізгі салаларын инновациялар мен сандық технологияларды енгізу арқылы жаңғырту. Бұл мақсатты «Самұрық-Қазына» Қоры іске асырып жатқан трансформация бағдарламасы да көздейді.

Операциялық шығындарды азайту, үздіксіз жетілдіру мәдениетін қалыптастыру және бұл үдерістерге жұмысшылардың қызығушылығын арттыру мақсатымен, «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация бағдарламасының аясында,«ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ компаниялар тобында 2016 жылы  Lean 6 Sigma деп аталатын бағдарламаны енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша 2016 жылы мұнай өңдеу зауыттары мен жанар-май станцияларының, және корпоративтік орталық қызметкерлері оқу оқып, нәтижесінде 23 жоба мақұлданды. Бұл жобаларды іске асырудан түсетін экономикалық пайда «ҚМГ – өңдеу және маркетинг» компаниялар тобы бойынша 2017 жылы шамамен  350 млн теңгені құрайды. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) 2017 жылы 5 жоба іске асырылып жатыр, алдын-ала есеп бойынша олардан түсетін пайда 77 млн теңгені құрамақ.

Трансформация басталған екі жылдан бері біз алты ұлттық компанияның құрылымын оңтайландырып, жаңа операциялық модельдер енгіздік,- деді Қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Атырау қаласында ақпанның 22-де өткен АМӨЗ ұжымымен кездесуде.  – Өзгерістер «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта», «Самұрық-Энерго», «KEGOC» сияқты компанияларда жүріп жатыр. Біз бұл компаниялардың бухгалтерлік және салықтық есеп, қазынашылық, ақпараттық технологияларды басқару сияқты корпоративтік бизнес-үдерістерін ретке келтіріп,  стандарттарға сай еттік.

Бұған қоса, АМӨЗ-де өндірістік үдерістерді басқару жүйесі (MES) енгізілген. Автоматтандырылған заманауи жүйе өндірістік үдерістерді тиімді басқаруға көмектеседі. Жүйе мұнай өнімдерін өлшеу және материалдар қозғалысы туралы мәліметтерді сараптау үдерісіне адами фактордың ықпалын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, өндірістік ақпараттың дәлдігі жоғарылап, неғұрлым тиімді шешімдер қабылданады.

Өмірзақ Шөкеев АМӨЗ модернизациясының іске асу барысымен танысты. Қазіргі күні модернизацияның екінші кезеңі аяқталды, оның аясында жанар-жағармайдың жоғарғы октанды құрамдас бөліктері, және жылына 133 000 тонна бензол мен 496 000 тонна параксилол өндіретін кешен салынды.

АМӨЗ модернизациясының үшінші кезеңінде моторлық жанармай өндірісінің көлемін арттыратын мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуда. Өндірілетін жанармай Кедендік одақтың Техникалық регламентіндегі талаптарға сай К4, К5 экологиялық санаттарына жататын болады. Құрылыстың аяқталуы және іске қосу жұмыстары 2017 жылдың 2 тоқсанына жоспарланған.

АМӨЗ ұжымынан бөлек Қор басшысы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ-ның еншілес компаниялары – «ҚазТрансОйл» АҚ батыс филиалы және «ҚазТрансГаз - Аймақ» Атырау өндірістік филиалының қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде, сонымен қатар, ҚМГ ҰК еншілес компранияларында заманауи технологияларды енгізу мәселесі талқыланды.

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу