Бортатқыш Аралбеков

15.02.2017
536 просмотров

Ауған соғысында қазақтар арасында тікұшақта бортатқыштар болғандар некен-саяқ. Оған қырағы көз бен жылдамдық қажет. Атқыш нысанаға дәл тигізе алмаса төмендегі көлік керуендеріне қауіп төнді деген сөз. Бортатқыш Талғат Аралбеков сол санаулы қазақтың бірі. Ауғанстанда әскери борышын МИ-24 тікұшағында өткізді. Дұшмандар тікұшақты шайтанға теңейтін. Жойқындығы үшін шығар...  

Талғат Аралбеков 1984 жылдың көктемінде Гурьев қалалық әскери коммисариатымен әскерге алынды.  Алдымен Өзбекстанның Самарқанына жеткізілді. Сол жерде бір ай бойы жас сарбаздар курсынан өтті. Қатаң тәртіпке төселіп, әскери өнерге машықтанды. Осы қала басында Отан қорғаушының антын қабылдаған. Одан соң аз уақыт Термезде тікұшақта бортатқыштыққа үйренді. Ұшып жүрген тікұшақтан пулеметпен атып нысанаға тигізуге жатықтырылды. Бір күні МИ-24 тікұшағымен ұзақ ұшқаны есінде. Қонған соң барып білді. Ауғанстанға келген екен. Құндыз қаласына. Қала кеңес әскерлерінің азық-түлік, оқ-дәрі жинақталатын үлкен стратегиялық базасы. Оған дейін Ауғанстанға баратыны жөнінде айтылған емес. Туғандарына да хабар беруге рұхсат етілмеді. Бәрі құпия түрде жүргізілген еді. Содан МИ-24 тікұшағында қызметі басталды. Күн аралатып Құндыздан Ауғанстанның сотүстігіндегі Пули-Хумри қаласына жүретін жүк колоннасын тікұшақпен қорғап алып жүреді. Ара қашықтық екі мың шақырымдық жер. Колоннаның алдында және артында тікұшақ жүреді. Керуеннің өзі шақырымдарға созылады. Тоқтатуға, тоқтауға болмайды. Әрине, жүк колоннасы дұшмандардың назарынан тыс қалған емес. Қалың жынысты тау шатқалынан қылаң етіп шығып, гранатометтен атып үлгеріп жатады. Әккі дұшмандардың тікұшақ қорғап келе жатқан колоннаға шабуыл жасауы сирек. Бірақ, болып тұрады. Олар тікұшақты өткізіп жіберіп барып, колоннаға оқ жаудырады. Тікұшақ айналып шеңбер жасап келгенше әрине, уақыт кетеді. Осы аралықта дұшмандар тау-тастың арасына тығылып үлгеріп жатады.     

-         Бортатқыштың міндеті пулеметпен жаудың тұтқиылдан шабуылын тойтару. Дұшмандар МИ-24-тен сұмдық қорқады. Дыбысы шыққан бойда бой тасалап үлгереді. Жүрек жұтқандары болмаса тікұшақты атуға тәуекел ететіндер сирек. Тікұшаққа арнайы қарудың оғы тисе, техниканы құтқару, тірі қалуың екіталай. Толық қаруланғандықтан борттан өрт шықса болды, көп кешікпей жарылыс болады. Сондықтан әрбір тапсрмаға шыққан сайын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Құндыздан шығатын ірі колонналарды қайдан екенін дұшмандар біліп отырады. Шабуыл болған жағдайда да колоннаға тоқтауға бұйрық жоқ. Істен шыққан техниканы жол шетіне ығыстыра салып, қозғалысын жалғастыра береді. Шабуыл болған жерді тікұшақпен торуылдаймыз. Тау-тас дұшмандардың жайлы мекені. Мықтап үңгір жасап алған. Әп сәтте жасырынып үлгереді. Байқалған жерін бас көтертпейіндей етіп атқылаймыз. Осылайша бірнеше рет жауынгерлік тапсырмаға шықтық. Елге 1986 жылы оралдым. Бүгінде ауған соғысына қатысқан жауынгерлер Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген. Әлеуемттік жағынан қорғалған. Жылына екі рет шипажайларға жолдама беріледі. Денсаулығымыз сыр берсе, госпитальдарға барып емделеміз.

  Талғат Аралбеков 2002 жылда бері Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етеді. Жылыу электр орталығындағы конденсатты стансасының операторы. Айтқандай, әскердегі естелігі ретінде қызының атын Құндыз қойған екен. Ауған соғысының ардагері бүгінде жастарға патриоттық тәрбие беруге атсалысып жүр.    

                                                                             Жеткіншек Кенжеғалиев,

                       «Атырау МӨЗ» ЖШС Ауған ардагерлері кеңесінің төрағасы

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу