Бейнеттің зейнетіне жеткен ана

14.02.2017
513 просмотров

Ол кезеңде жергілікті тұрғындарды зауыт қара жұмысқа алатын. Көбіне ерлерді қабылдады. Ауылда туып-өскен Нұржамал Өтешқызы қалаға тұрмысқа шыққан соң, жұмысқа тұруға тура келді. Бұл 1957 жыл. Соғысты өткерген халықтың енді ғана еңсесін тіктей бастаған шағы. 18 жасқа толған ол мұнай өңдеу зауытынан жұмыс іздеген. Мектептен соң оқуға сәті түспеді, жыл айналмастан тұрмысқа шыққан. Әйелдерді өндіріске болмағанмен, зауыттың шаруашылықтарына  қабылдайды екен. Ескертілгені жұмыс жеңіл емес. Тәуекелге бел буды. Содан зауытқа ғұмырының 40 жылын арнапты. Кез  келген жұмысты атқарды. Ерлермен ыйық тіресе жүріп еңбек етті. Жұмысынан қалмай жүріп алты баланы тәрбиелеп ер жеткізді. Бүгінде зауыт ардагері Нұржамал Құрманова бейнетінің зейнетін көріп отырған жан.          

Ол кезде мұнай өңдеу зауытының қосалқы шаруашылығы болатын. Онда көкөніс егіледі, бау-бақшасы бар. Жеміс-жидек ағаштары да өнімін беретін. 15-20 қаралы адам осы бақпен айналысады. Солардың ішінде Нұржамал Өтешқызы да еңбектенді. Көкөністер мен жеміс-жидектер бірден зауыттың асханасына жөнелтіледі. Қосалқы шаруашылықтың жұмысы жыл он екі ай қайнап жататын. Кейбірулер оны маусымдық жұмысқа санайды. Ал, шындығында шаруашылық қысы-жазы тоқтамастан жұмыс істеді.

-         Зауытты қамтамасыз етіп тұрдық. Жұмысымыз бау-бақшаны баптау. Өнім жинаймыз. Осылайша 10 жыл еңбек еттім. 1967 жылы РСЦ-ға /жөндеу-дәнекерлеу цехы/ ауыстым. Ол жерде жұмысшы болдым. Алексей Богатырев деген басшысы болды. Әйелдер мұнда саусақпен санарлық. Олар қоймашы сияқты әйелдерге тән жұмыста. Мен және тағы бір әйел адам қара жұмыс атқардық. Кәдімгідей ерлермен қатар темір-терсектерді тиедік, түсірдік. Тас тасыдық. Жұмыс ауыр әрине, оған қарауға шама да жоқ. 80-ші жылдар болуы керек. В.Гафнердің зауытта басшы кезі. Біздер тас тиеп жатқанда келгені бар. Оның қарапайымдылығы сол, цехтарды өзі аралап жүретін еді ғой. Содан байқаған болуы керек. Түстен кейін Акутин деген басшымызды директорға шақыртып кетті. Ол келген бойда бұйрық шығарып, бізді жеңіл жұмысқа ауыстырған бар. Содан 50 жасымда көп балалы ана ретінде зейнеткерлікке шықтым. Дегенмен, адам жетіспей техникалық қызметшілікке қалдым. 1997 жылы толықтай зейнеткерлікке шықтым. Зауыттың ұжымына, ардагерлер кеңесіне ризамын. Әлі күнге дейін ұмытқан емес. Осы зейнетке шыққаннан бері 20 жыл бойы барлық шараларға шықрып отырады. 75 жасқа толғанымда ақшалай сыйлық берді. Зауыттың 70 жылдығына шақырып, құрметті қонағы болдым. Зейнетақыма қосымша ақы төлейді. Біздің қатар өзі сиреп келе жатыр ғой. Сонда да үлкендеріміздің басымызды қосып тұратын ардагерлер кеңесіне алғысым шексіз.

   Нұржамал Өтешқызы екі мәрте зауыттың Кұрмет кітабына енгізілген. Еңбектен қол үзбей жүріп жолдасымен бірге 6 бала тәрбиелеп өсірді. Оқытып, жетілдірді. Бүгінде немере-шөберелерінің ортасындағы қадірлі әже. Күміс алқа иесі. Көп жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған ана.  

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу