Жолдау жүктеген міндеттер- болашақтың бағдары

02.02.2017
531 просмотров

Қанат Қабденов,  «Атырау МӨЗ» ЖШС Кәсіподақ комитетінің төрағасы:

    

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауымен танысып шықтым. Заманауи мәселелер қамтылып отыр. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустриаландыру жалғасады деді. Елде аталған бағдарлама бойынша бірнеше ірі кәсіпорындар ашылғанын білеміз. Онда мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Индустриаландырудың ел үшін болашағы зор. Біздің 70 жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауытында осы бағдарламаға сәйкес, үшінші жаңғырту кезеңі жүріп жатыр. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жобасы өткен жыл аяғында телекөпірде Елбасыға таныстырылды. Кешен іске қосылғанда жүздеген жұмыс орны ашылады, сапалы жоғары октанды бензин отыны шығарылып, елді жанармаймен толықтай қамтуға мүмкіндік аламыз.

    2025 жылға дейін Үкімет алдына шикізаттық емес экспортты екі есе ұлғайту міндетін қойды. Әрине, экспортқа шығаратын өнім шығаруға елдің қауқары бар. Мәселен, көрші Ресейге мал еті мен балықты өңдеп шығаруға болады. Ол үшін экспортты дамытуға арнайы ведомство жауапты болып, өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде біздегі шаруашылықтар мен балықшыларға үлкен қолдау.

     «Нұрлы жол» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған екен. Бағдарлама әсіресе, жастардың баспаналы болуына ашылған мүмкіндік. Елбасы биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары басталатынын жеткізді. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға берілмек. Бізді Ақтөбемен байланыстыратын және Астрахан бағытындағы автокөлік жолдары жөнделетініне сенім бар.

     Кәсіпкерлікке қолдау көрсету биылғы Жолдауда да көрініс тауып отыр. Енді Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алуына жол ашылады. Бұл әсіресе, ауылдықтарға үлкен қолдау. Жұмыс орындары ашылады, қызмет көрсету аясы кеңейеді.

   Енді ел бюджетінің қомақты бөлігін құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрлігінің қаражатты тиімді игеруі бақылауға алынбақ. Ол көптің көкейіндегі мәселе болатын. Себебі, осыншама бөлінетін миллиардтаған қаржының қайтарымы болуы шарт. Сондықтан да халыққа жақын қадам.

     Жалпы алғанда бес басымдықтан тұратын биылғы Жолдаудың мемлекетіміз үшін маңызы ерекше. Оның жүзеге асуы еліміздің дамуына тың серпін беріп, келешегімізді айқындайтынына сенімдімін. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу