Студенттер зауыт өндірісімен танысты

20.01.2017
555 просмотров

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері Атырау мұнай өңдеу зауытында болып өндіріс орындарына саяхат жасады. Зауыттың «Еңбек даңқы» мұражайында кәсіпорынның тарихына үңіліп, жетістіктерінен хабардар болды. 

          С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері жылдағы дәстүрмен зауытқа саяхат жасады. Бұл жолы колледждің «Химиялық технология және өндіріс» мамандығына оқып жатқан 1 курс студенттері келген. Олар алдымен зауыттың өндірістік цехтарын аралады. Жаңа іске қосылған ароматикалық көмірсутектер өндірісі кешенімен толығырақ танысты. Ароматикалық  көмірсутектер шығаратын  кешендегі  каталитикалық  риформинг қондырғысы, бензол және параксилол шығаруға арналған қондырғы, параксилол бөліп шығаратын қондырғы және толоул мен ауыр ароматикалық көмірсутектерді трансалкилация қондырғылары мен рафинатты бөліп шығару секциясын аралап көрді. Студенттер CCR қондырғысының жұмыс барысымен танысты. Мұнда олар кешеннің екі бірдей мақсатын: отындық және мұнай-химиялық  нұсқаларын білді. Отындық нұсқа жоғары октанды бензин өндірісін мейлінше молайтуға жол ашпақ. Ал, мұнай-химия нұсқасы бензол және параксилол өндірісіне бағытталған. Өндірістегі инновациялық технологиялар шығарылатын автокөлік бензинінің құрамындағы бензол мөлшерін 1 пайызға дейін  төмендетеді.  Ол өз кезегінде аймақтың экологиялық ахуалын  жақсарта түспек. Ароматикалық көмірсутектер кешенінің осындай ерекшеліктері таныстырылды. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінде бүгінде құрылыс қарқын алған. Инвестициялық жобаның  стратегиялық мақсаты – «АтырауМӨЗ» ЖШС қолданыстағы кәсіпорнында әлемдік талаптарға сәйкес келетін жоғары сапалы мұнай өнімдерін және отандық өндірісті өркендету үшін мұнай химиясына шикізат шығаруға мүмкіндік беретін қазіргі заманға сай техникалық база қалыптастыру. Аталған жоба аясында 14 технологиялық қондырғы тұрғызылатын болады. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат (қарамай, вакуумды газойль) өңдеуге есептелген.  Жаңа кешен жоғарыоктанды бензин, авиациялық және дизель отынының өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.   5,5 млн. тонна  жылдық мұнай өңдеу  қуаты жағдайында   АМӨЗ  1 миллион 745 мың тонна   автокөлік бензинін, 1 миллион 640 мың тонна дизель  отынын, 244 мың тонна авиакеросин өндіретін болады. Қарамай өндірісі  193 мың тоннаға дейін азаяды. Барлық мотор отындары  К-5 деңгейіне сәйкестендірілмек. Студенттер кешен басында толғандырған сұрақтарын қойып, арнайы мамандардан жауаптар алды. «Еңбек даңқы» мұражайында зауыттың өткен тарихы мен жетістіктерінен хабардар болды. Мұнда кәсіпорынның әр кезеңдері шығарған өнімдерінің сынамалары мен қолданылған аппараттар қойылған. Зауыт жылнамасы фотосуреттермен қатталған. Мұражайда қойылған барлық жәдігерлер студенттерге түсіндірілді. Осылайша, зауытқа тұңғыш саяхаттап келген студенттер ерекше әсермен қайтты. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу