Атырау мұнай өңдеу зауытына Нұрсұлу әкесінің сара жолын жалғастыру мақсатында келді. Әулетте алдымен ағасы Мұрат Қалмұратов әке соқпағына түсіп, төл кәсіпорында жұмыс істеп жатқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлу Жұмақызы көлік цехына орналасты. Есепші мамандығына сәйкес қызметін бастаған.
Әкесі Жұма Қалмұратов 40 жылдай Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек еткен майталман. Ол 1947 жылы, яғни, зауыттың ашылған алғашқы жылдарында жұмысшы күші ретінде жергілікті жерден алынған азаматтар қатарында болды. Қарапайым еңбек адамының тұлғасы отбасындағы балаларды ізгілік пен табандылыққа тәрбиеледі. Содан шығар бәрі де зауытты болашағына балайтын. Нұрсұлу да осындай мақсатта болған-ды.
- Әкем жастайынан зауытқа келіп, 1986 жылы зейнеткерлікке шықты. Бәріміз әкемізге қарап бой түзедік. Ол зауытта қазандық тазалаушы болатын. Былайша айтқанда-жұмысшы. Мен сонымен мақтанатын едім. Меткепте отбасың туралы шығарма жазғанда әкемнің қарапайым еңбек адамы екенін мақтан тұтатынымды бірінші атап өтем. Ол біздің білім алып, өмірде өз орнымызды табуға септесті. Оқу керектігін әркез айтып отыратын. Зауытта ол қадірлі болатын. Есімі екі мәрте «Құрмет кітабына» енгізілген. Ол дегеніңіз үлкен атақ еді. Менің алдымда зауытқа Мұрат ағам барды. Кейін мен де бардым. Осылайша әке жолын жалғастырдық. Оған өкінбейміз. Себебі, зауытта еңбегіміз арқылы танылдық, жұмысымыз бағаланды. Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғой, көлік цехына бухгалтер болып келгенім. Ол кездегі жағдай қандай еді, бүгінгі жайымыз қандай?! Жер мен көктей. Ол кезде барлық есепті қол мәшинкесіне басамыз. Көшірме қара қағазбен көбейтеміз. Бүгін ше? Қағазды қойып, есеп, түрлі хаттар электронды жүргізіледі. Бұл дамудың, алға қарыштаудың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында зауытымыз көп өзгерді. Ол біздің көз алдымызда. Әлеуметтік жағдаймызы жақсарды. Қзімізге, отбасыларымызға қаржылай да медициналық көмек көрсетіледі. Жыл сайын балалар елдегі көрікті деген лагерьлерге барып демалады. Міне, осының бәрі тәуелсіздік пен дамыған кәсіпорынның арқасындағы жетістік. Мұндай құрмет аймақтағы басқа мекемлерде бар деп айта алмаймын. Ардагерлерге көрсетілетін қолдау бір бөлек әңгіме. Сондықтан да зауытқа еңбек ету керек. Еңбегің еленеді.
Нұрсұлу Қалмұратова көлік цехында 20 жылдай қызмет етіп, бүгінде мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінде қоймашы болып еңбек етеді. Ол зауытта кез-келген жұмысты атқаруға қымсынбайтынын айтады. Себебі, ол әкесінің жолын жалғастырушы, оның атына кір келтірмей кәсіпорындағы еңбеккерлер династиясын жалғап келеді.
Назад к списку новостей