Депутаттар зауыттықтармен жүздесті

11.01.2017
582 просмотров

     Жуырда өңірімізге келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев, Кәрібай Мұсырман, Бахытгүл Хаменова, Зәуре Аманжолова, Майра Айсиналар Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары елдегі саяси-экономикалық ахуалмен таныстырып, зауыттықтардың ой-пікірлеріне құлақ салды. Депуататтар мемлекеттің ұстанған айқын бағыты мен өркендеуіне ықпал ететін жайттарды, Парламентте атқарылған жұмыстар туралы әңгімеледі. Кездесуді «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев жүргізіп отырды.    

   

Кездесуде алғашқы болып сөз алған «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ғалымжан Амантурлин  депутаттарға кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырып өтті: «Атырау мұнай өңдеу зауыты ежелден келе жатқан елдегі іргелі кәсіпорын. 70 жылдан астам тарихы бар. Өңірде тұрақты жұмыс істеп тұрған бірден бір ірі өндіріс орны. Ұжымның басым бөлігін ерлер құрайды. Жиырма ұлттың өкілі қызмет етеді. 2016 жылы зауыт жоспарды толық орындады. Бүгінде зауытта жаңғыртудың үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы алаңында бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жоба жүзеге асқанда біз жоғары октанды бензин өндірісін ұлғайтуды жолға қоямыз. Сіздердің біздің ұжымға келіп, елдегі ахуылдан хабардар етіп жатқандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз».

         – 2016 жыл Қазақстан үшін тарихи оқиғаға толы жыл болды. Ең бастысы біз Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығын атап өттік-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев. – Әрине елдің осындай дәрежеге көтерілуі, әлемге танылуына осындай ірі де іргелі кәсіпорындардың үлесі бар.    Қазақстанда мұнайхимия саласы даму сатысына түсті. Өнім сапасына маңыз берілуде. Бұл тұрғыда Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі айтарлықтай. Біздің сіздермен кездесудегі мақсатымыз, толғандырған сұрақтарыңызға жауап беру. Ол өндіріске қатысты болмас, дегенмен, сайлаушы ретінде әрбір адамның көкейінде сұрақ болары анық. Соған осы жерде жауап берерміз, болмаса құзырлы министрліктер арқылы жауап аламыз. Бүгінде жаңа жылдан бастап күшіне енген «Көші-қон туралы» заңдылығына енгізілген өзгерістер әлеуметтік желіде, халық арасында үлкен мәселе туғызуда. Жұрт уақытша тіркелудің машақатын айтып, шағымдануда. Әрине, жаңашылдықты енгізу оңай шаруа болған емес. Бұл жерде түсіністікпен қарайтын нәрсе, бұл біздің қауіпсіздігіміз. Ұлттың қауіпсіздігі. Сондықтан заңдылықтың жүзеге асырылуына түсіністікпен қарағанымыз жөн.

    -Бүгінде мемлекет бизнес ашуға барлық жағдайды жасауда. Ол үшін кәсіпкерлерлікті тіркеу және басқа да шаруаларына қағазбастылық барынша азайтылды, қолдау бар. Енді кәсіпкерліктің мемлекетке әкелер пайдасы болуы шарт-деп атап өтті Мәжіліс депутаты Майра Айсина. - Жоғары заң шығарушы орган бүгінде жаңа форматпен жұмыс жүргізуде. Әрбір ел тұрғыны интернет арқылы депутаттарға сауал жолдай алады. Сондай-ақ, парламенттің пленарлық отырыстары мен үкімет сағаттары БАҚ өкілдері және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен онлайн режимінде өткізіледі. Сондықтан да зауыттықтарды да өздерінің азаматтық көзқарасын көрсетіп, заң шығару жобаларына белсенді қатысуға шақырамын.

     Мәжілістегі әлеуметтік-экономикалық даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырманның айтуынша, алтыншы шақырылым депутаттары 8 ай ішінде біраз жұмыс тындырған. Талқылауға 81 заң жобасы шығарылған. Оның ішінде 51-і Сенат қарауына жіберілді. 32 заң бүгінде қабылданып, күшіне енген.    Оның ішінде «Терроризмге қарсы күрес туралы», «Көші-қон туралы» және «Амнистия туралы» заңдары бар. Тағы да жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау туралы заңына жаңа өзгерістер дайындылап жатқанын депутат атап өтті. Елбасы 2017 жылы өткізілетін Қысқы универсиада ойындары мен ЭКСПО-ға байланысты «Волонтерлық қызмет туралы» заңына қол қойды. Бүгінде төменгі палатада «Коллекторлық қызмет туралы» және «Жайылымдық жерлер туралы» заңы талқылануда. Қазақстанда қазіргі күні банктер мен шағын несиелік ұйымдарға ақшаны қайтару үшін 56 коллекторлық агенттік қызмет көрсетеді екен. Алайда, олардың қызметін реттейтін заң жоқ.

     Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова өткен жылы қабылданған «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына айырқша тоқталды. – Бүгінде елдің медицина саласы едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Кардиохирургия мен бауыр, бүйрек, жүректі алмастырып салу оталарын отандық дәрігерлер меңгерді. Бұл өте қаржылық жағынан қымбат жұмыс. Сондықтан да Қазақстанда медицинаны қаржыландырудың жаңа моделі енгізілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2017 жылдың шілдесінен бастап қаржы түсе бастайды. Ал, 2018 жылдан бастап медициналық сақтандыру жұмыс істейді. Қаржы жұмыс беруші арқылы және азаматтардың жалақысынан және де басқа да көздерден түседі.   Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын жасақтау алдымен жауапкершілікті талап етеді. Бірінші кезекте дәрігерлердің, екінші жұмыс берушінің және де әрбір азаматтың жауаптылғы. Мемлекет те денсаулық сақтау саласына қаржы бөледі. Мамыр айында Парламентте дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы арнайы мәжіліс өтеді. Оған сіздердің де ой-пікірлеріңізді білгім келеді-деді депутат. Атырауда медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету жоғары деңгейде, алайда, мамандар жағы жетіспей жатыр. Оны шешу үшін жергілікті түлекетерді медициналық жоғары орындарында оқыту үшін арнайы грант бөлдіргелі жатырмыз.  

  Кездесу барысында зауыттықтар Мәжіліс депутаттарына толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.  

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу