ЖАҢА ҰЖЫМ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

27.12.2016
530 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауыты 2016 жылы да біраз мамандармен толықты. Мұнда әр өндіріс орны мен жаңадан іске қосылғалы жатқан өндірістік қондырғыларға жыл сайын жас мамандармен қатар кәсіби майталмандар да алынады. Кәсіпорын қашанда жастарды еңбекке баулитын, қамқорлық  пен қолдау көрсететін ұйым. Сондықтан да әрбір маманның ісін меңгеріп кетуі мен ұжымға бейімделуіне жағдай жасалады.  Есесіне олар бар ынтасымен  жұмыс істейді. Біз газетімізде келер жаңа 2017 жылды жаңа ұжымда қарсылағалы отырған мамандар пікірін білдік.     

Әділ Құлтаев, Мұнай өңдеу, ауқымды күкіртсіздендіру өндірісінің  операторы

Биыл жасым 24-ке толды. Алматы экономика колледжін, одан соң 2014 жылы Атырау мұнай және газ институтын бітірдім. Екі жыл Қарабатанда құбыр желісінің оператор болып жұмыс істедім. Осы жылдың маусым айында Атырау мұнай өңдеу зауытына құжаттарымды тапсырған едім. Көп кешікпей шақырту алдым. Сынақ мерзімі арқылы зауытқа қабылдандым. Ұжымға бар-жоғы 2-3 айдың ішінде үйренісіп кеттім. Өндірістік цехтағы әріптестерім жаңа жұмысты игеруіме көп көмек жасады. Тәжірибелерімен бөлісті. Осылай жылы қабылдаған өндірістік ұжымына алғысым шексіз. Бұрын мен шикізат аудау құбырында оператор болсам, мұнда өндіріске кірістім. Айырмашылығы әрине, үлкен. Бастысы- мамандығыма сәйкес жұмыс таптым. Бұрынғы тәжірибем де жұмысқа алынар кезде кәдеге жарады. Байқауға түскенде басымдығым болды.  Енді сенімді ақтап, жұмысымды жауапкершіліпен атқарамын. Жаңа 2017 жылды жаңа ұжыммен қарсыламақпын. Алдағы жылдарды да еңбегімді еселеп, осы зауытпен байланыстыруды шешіп отырмын. Барлық әріптестерімді Жаңа Жылмен құттықтап, отбасыларына бақ-береке, жаңа белестер тілеймін!

 

Азамат Дәулетов,  Мұнай өңдеу, ауқымды күкіртсіздендіру өндірісінің  операторы

      Атыраудағы политехникалық колледжін 2012 жылы бітіргенмін. Маманыдығым - мұнай өңдеуші. Расын айтқанда осы жылға дейін тұрақты жұмысым болған жоқ. Қолдан келетін жұмыстан тартынған жоқпын. Бірақ, тұрақты болмағандықтан болашаққа сенім болмайтын. Құжаттарымды бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытына өткізіп қойғанмын. Биыл маусым айында мамандар қабылданып жатқаны жөнінде хабар келді. Келіп, сынақтан өттім. Шартты мерзіммен қабылдады. Қуанышымда шек болған жоқ. Мұнай өңдеу зауытында мен тұрақты еңбек жолымды бастап жатырмын.  Сондықтан да сынақ мерзімінен өткенде барымды салып, биіктен көрінуге тырыстым. Басында әрине, жұмысқа үйрену керек болды. Оңай болған жоқ. Мені жұмысқа машықтандыруда тәжірибелі мамандар көп көмек етті. Үйретті, көрсетті. Бастысы- тәртіпке үйрендім. Тұрақты жұмыс таптым. Бүгінде оператор қызметіне төселіп қалдым. Әрине, әлі де үйренерім көп екенін білемін. Ол үшін біліктілікті арттыру керек, оқу, іздену керек. Бұл тұрғыда Атырау мұнай және газ институтында сырттай оқып жатырмын. Мұнай өңдеу, ауқымды күкіртсіздендіру өндірісінің ұжымына ризашылығымды білдіремін. Мұнда жаңадан келген мамандарға жылы көзқарас бар. Барынша қолдап отырады. Алдағы жылдарды да зауыттықтармен бірге өткізіп, бірге еңбектенетін боламын. Жаңа Жылда зауыттағы ұжымдастарыма береке, бақыт, ынтымақ-бірлік, сәттіліктер тілеймін!

Әлібек Қалекенов, МТӨК технологиялық сорғылар машинисі

     

   Жасым 47-де. 22 жыл газ саласында технологиялық компрессорлар машинисі болып қызмет еттім. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңа өндірістегі қызметім сорғылар машинисі. Көп айырмашылығы жоқ. Мұнда өндірістік технология. Жас емеспін. Бірақ жұмысты, ұжымды ауыстыруға тура келді. Бұрынғы жұмысымда газ көлемі азайды да жұмыс ауқымы да шектелген. Осы кезде мұнай өңдеу зауытына МТӨК өндірісіне мамандарға байқау болып жатқанын естіп, бағымды сынап көрейін дедім. Бір жағынан мамандығыма сәйкес келді.  Құжаттарымды тапсырдым. Тәжірибеме сәйкес қабылдады. Бүгінде жаңа жұмысқа бейімделіп жатырмын. Қайта дайындық курсынан өтіп жатқан жайым бар. Адамға оқу мен үйрену артық етпейді. Әрине, 22 жылдан соң жаңа ұжымға үйренісіп кету оңай емес. Әріптестерімнің көбі жастар. Сонда да танысып-білісіп жатырмыз. Жаңадан келегнідктен бізге әлі еңбек етіп, жұмысымызды көрсетуіміз керек. Барша ұжымдастарымды Жаңа Жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл жаңа қуаныштар, жаңа жетістіктер әкелсін!

 

 

Азамат Қаһарманов, МТӨК технологиялық қондырғысының операторы   

          

     Атырау мұнай және газ институтын 2014 жылы бітірдім. Тәжірибем болмағасын жұмыстың реті бола қойған жоқ. Екі жыл жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Былтыр жыл аяғында құжаттарымды Атырау мұнай өңдеу зауытына өткізіп қойған едім. Резервке алған екен. Содан биыл тамыз айында шақырды. Тәлімгерлер арқасында жұмысымды меңгеріп келемін. Үш ай сынақ мерзімі бекітілген еді. Сынақтан сүрінбей өтіп, штатқа алындым. Ұжымға үйренісіп кеттім. Әріптестерімнің көбі дерлік өз қатарластарым. Енді тек жұмыс істеп, жаупакершілікпен атқарып сенімді ақтау керек. Мамандығыма сәйкес жұмысым бар. Жаңа жылды жаңа ұжыммен қарсы алғалы отырмын. Барлық әріптестеріме Жаңа жылда сәттілік, бақыт, денсаулық тілеймін!

 

  Асланбек Сәрсенғалиев, МТӨК технологиялық қондырғысының операторы   

         

     Ресейдегі Уфа Мемлекеттік мұнай –техникалық университетін 2015 жылы технолог мамандығы бойынша бітірдім. Бітірген бойда Атырау мұнай өңдеу зауытына құжат өткіздім. Бір жылдай жеке экологиялық зертханада қызмет еттім. 2016 жылы ақпанда әңгімелесуге шақырды. Одан соң емтихан тапсырдым. Біліктілік санаты бойынша барлық сынақтардан өткен соң, жұмысқа қабылдады. Ұжымға үйрендік. Енді оқығынымды тәжірибеде пайдаланып, мамандығыма сай жалақысы тұрақты жұмыс таптым. Болашақта өмірімді зауытпен байланыстырып, бар білігімді өндіріске салмақпын. Жылға жуық уақыт әрине көп емес. Бірақ жаңа келген жас маманға бұл бейімделу мерзімі, танысу-білісу, ұжымға өзіді таныту кезеңі. Ұжымдастарымды жаңа жылмен құттықтай отырып, береке-бірлік, жетістіктер тілеймін!   

    

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу