Құрметті демалысқа шығарып салды

23.12.2016
558 просмотров

Мұнай өңдеу өндірісі сервистік қызмет көрсету өндірісінің ұжымы зауыт ардагері Енисей Төлеповті құрметті демалысқа шығарып салды.   

Ұжым жиналысын ашқан сервистік қызмет көрсету өндірісінің бастығы Салават Бисалиев жұмысшыларды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. Алда тұрған міндеттерге тоқтала келе, қамтамасыз ету есебін жүргізу технигі Енисей Төлеповтің зейнет жасына шығуына байланысты ұжым атынан лебізін білдірді: - Құрметті демалысқа шығып, Сіз ардагерлер кеңесіне мүшелікке қабылданасыз. Біздің қашанда қамқорлығымызда және назарымызда боласыз. Зауыттан алыстап кетпейсіз деп ойлаймын. Сіздің тәжірибеңіз жас мамандарға қажет болары сөзсіз. Сондықтан байланыста боламыз.

Енисей Сералыұлы Төлепов 1969 жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп келеді екен. 47 жыл өтілі бар өндірістің майталманы артына ерген талай жасқа үлгі болды. 2006 жылдан бері қамтамасыз ету есебін жүргізу технигі қызметінде. Зауытқа қажетті құралдар алу үшін шет елдерде айлап іссапарда жүрген кездері бар. Табанды да талапты маман өндірісті қажетті құрылғымен қамтамасыз етуде аянып қалған емес.

-         Әрине, саналы ғұмырымды осы зауытқа арнадым. Күн-түн демей қызмет істедік. Бір жағынан ұжымды қимай, бір жағынан толқып тұрмын. Осындай салтанатпен құрметті демалысқа шығарып жатырсыздар. Бәріңізге рахмет!-деп Е.Төлепов алғысын білдірді.  

Зейнеткерге сондай-ақ, бірнеше жыл бірге қызмет атқарған әріптестері де ізгі ниеттерін жеткізді.         

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу