Дүйсенбай Сидиханов: «Тәуелсіздік көп өзгерістерге бастады...»

21.12.2016
540 просмотров

 

             

Ол әскерден келісімен еңбекке араласты. Ешқайда бұрылмастан зауытқа келген. Бұл 1991 жылдың басы еді еді. 20 жастағы жігіт 4 цехқа қабылданды. Осылайша жауапкершілікті талап ететін эстакада операторы болып өндірістің қыр-сырын үйренді. Жылдар өте Дүйсенбай Сидихановты зауыт жұмысы шыңдай түсті. Тәжірибе жинақтады, ауысымның қиындығына төселді. 

Жастық жалынмен қай істі де тиянақты атқарды. Жұмыстың жауапкершілігі сол, сылтауды көтермейтін. Сондықтан да болашағын өндіріспен байланыстырған жас қиындықтан қаймыққан жоқ. Есесіне шынықты. Тәлімгерлерінен үйренді.

-         1988 жылы осы қаладағы химия училищесін бітіргем. Одан соң армияға алындым. Германиядағы Кеңес әскерлерінің бастыс топтық құрамында қызмет еттім. Оралған соң, көп ойланғам жоқ. Өндіріске баруға бел будым. Кәсіптік білімім бар. Содан Атырау мұнай өңдеу зауытына келдім. 90-шы жылдары Тәуелсіздік алған соң, елдегі әлеуметтік жағдай қиындады ғой. Біздің де зауыттың болашағы бұлыңғыр болатын. Бірақ, неге екенін білмеймін сенім болды. Басшылықтың көрегендігі шығар, дағдарысты біздің зауыт көп сезінген жоқ. Бастысы- өндіріс тоқтаған емес. Ал, жұмыстың ол кезде қиындығы бір басқа. Табысымыз болды. Тарыққан жоқпыз. Сондықтан да жұмысымызды тиянақты атқардық. Сатылап зауытта жаңғыртулар жүргізілді. Соның арқасында бұрынғы қол жұмысы автоматтандырылып, біз де білімді жетілдірдік. Тәуелсіз елдің алдыңғы қатарлы өндірістік зауыты болған соң, мамандар да лайық болуы тиіс. Тәжірибе жинақтау барысында Қытайға, Ресейге барып оқып, жұмыс істедік. Олардың өндірістік жүйесінде кейбір айырмашылығы болғанымен, технология бір. Тәжірибе алудың тиімділігі сол, өнімділік әдісін үйренесің. Салыстырасың. Осының бәрін тәуелсіз елдің арқасында біліп жатырмыз. Сондай-ақ, маман-кадрлар елде дайындалады. Шетелдерге шығып оқуға, білім жетлдіруге жол ашылған. Бүгінде зауыт кеңейтіліп, жаңа өндірістік кешен салынуда. Жаңа талаптарға сай, сапалы өнімдер шығарылатын болады. Зауытымыз ежелгі болса да жаңғыртулар арқасында заманға лайық технологияны енгізген. Сондықтан да еңбеккерлерде тұрақтылық бар. Менімен сол 90-шы жылдары осында жұмысқа келгендердің барлығы дерлік әлі де қызметін жалғастырып жатыр. Ол дегеніңіз зауытқа деген жоғары сенім мен болашақты айқындағандық деп білемін.

  

     Дүйсенбай Сидиханов бүгінде тауарлы мұнай өнімдері өндірісінде автоматтандырылған тактылы құю қондырғысында аға оператор. Зауыт ардагері, кәсіби маман атағы бар, «Құрмет тақтасына» да ілінген. Ол бастысы еңбек адамының өндірісті қозғаушы күш екенін біледі. Сондықтан да артынан ерген жастарды еңбегіне адал болуға үйретуде. 

        

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу