Жасампаздықты ту еткен тұғырлы Тәуелсіз ел

20.12.2016
557 просмотров

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанат өтті. Салтанатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған ширек ғасыр аралығында елдің асқан асулары мен бағындырған белестерін атап өтті. Мемлекеттік арналарда тікелей эфирде көрсетілген жиынды Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы да тамашалады.  

-Бүгін мен барша халқымызды Отанымыздың ұлы мерейтойымен құт­тықтаймын! Бұл – барлық қазақ­стан­дық­тардың жалпыға ортақ салтанаты. Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі. Тәуелсіздік – миллиондардың қа­­нат­ты үміті және орындалған ға­сыр­лық арманы,-деп тоқталып өтті. Елбасы ширек ғасырдағы елдің жетістігі мен Тәуелсіздіктің маңызын тілге тиек етті.

    «Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырады.
Осы бақытты буын – бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын ол – сіздер! 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең.  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасыры – Еуразия жүрегіндегі Ұлы Далада жазылған мыңжылдық тарихтың ЖАҢА ДӘУІРІ. Біздің кең-байтақ даламыз – ға­сырлар бойы сан алуан өркениет­терді тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік осындағы Ұлы Жібек жолының бойында түйіскен. Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы – күллі адамзаттың тари­хын­дағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі. Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақ­тары мен империялар пайда болып, асқақтаған.   Мыңжылдықтар толқыны бізге сол заманның көптеген ғажайып жәдігерлері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы тылсым жаңғырықтарды жеткізді.  Біздің Ұлы Даламыз – қазіргі түркітілдес халықтардың бәрі өрбіген алып бесік іспетті.  Барша түркінің бабасы Алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күңі­ренген күйлері, Күлтегін ұсты­нындағы өсиеттер – бәрі де қазақ жеріне тікелей қатысы бар, тұтас түркі руханиятының көне тамыры. Бес жарым ғасыр бұрын Ұлы Дала төріндегі аласапыран оқиға­лар­дың алапат құйынында бүгінгі еліміздің тікелей тамыры – Қазақ хандығы құрылып, даңқты да тауқыметті жолды жүріп өтті. Біз былтыр ұлы бабалары­мыз­дың рухына бас иіп, тарихи оқи­ғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болды. Қуаты асқан кезінде жері кеңіді, бірлігі қашқан кезінде өрісі тарылды. Жерінің шетіне қада қағып, келісімге мөр басып, ата қонысын біржола иемдене алмады. Сан мың жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ сүңгінің ұшымен, ақ білектің күшімен ғана қорғады. Бірақ, дәуірдің барлық дауылдарына қайыспай төтеп берді. Бұл – біздің халқымыз ХХ ғасыр түгесілер тұста Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, ТҰҢҒЫШ РЕТ жаңа, заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға ұлы жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз. Сондықтан, біздің жасампаз істеріміз бен жарқын жеңістеріміз Ұлы Даланың ұлы тарихында ізі қалған БАРША ҒАСЫРЛАРҒА ПАРА-ПАР. Тарихи статистикаға жүгінсек, ХХ ғасырдың басында елімізде аза­маттардың орташа өмір ұзақтығы небәрі 32 жас болыпты. Бүгінде бұл көрсеткіш – 72 жас. 2050 жылы 82-ге жетеді.  Біз ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ШИЕ­ЛЕНІСКЕН ТҮЙІН­ДІ тар­қаттық. Бүгінгі, қазақстан­дықтардың тең­дес­­сіз еңбегі мен ерлігінің мәні осын­­да. Біз пешенемізге жазылған та­рихи міндетті мүлтіксіз орындау­дамыз!»  

      Елбасы салтанатта кемел елдің болшағын айқындайтын міндеттерді көрсетіп, ортақ іске біртұтас жұмылуға шақырды.  
      Салтанатты жиын барысында ел тәуелсіздігімен қазақстандықтарды Елбасыдан басқа үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер, мұғалімдер, оқушылар мен спортшылар құттықтап, ізгі тілектерін айтты. Тікелей  эфир біткен соң «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Амантурлин зауыттықтарды мерекемен құттықтап, қызметкерлерге марапттар табыстады. ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен кәсіподақ комитетінің төрағасы Қанат Қабденов, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен зауыт ардагері Юрий Шкодиндер марапатталды. Сондай-ақ, бір топ қызметкерге «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.  



Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу