Сабыр Ғұмаров: «Өндірістің адамы екенімді сезіндім...»

28.11.2016
616 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек еткен жылдарында ол таза өндірістің адамы екенін сезінді. 15 жылға жуық уақыт аралығында талай тәжірибе жинады, басқа елдердің өндірісін көрді. Алдыңғы буын ағалардан тәлім алды. Енді міне, жаңғыртудың соңғы сатысындағы алып өндірістік кешеннің қондырғысына басшылық етпек. Бұған дейін өндірістің қайнаған ортасында шыңдалған Сабыр Ғұмаров қай іс те де бар шеберлігін көрсете білген маман екенін байқатқан жан.  

Алғашында Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, мұғалім мамандығын алып шыққан. Төрт жыл бойы мектепте ұстаздық етті. Сабақ беру әдісін, оқушылармен жұмысты меңгерген еді. Дегенмен, көңілі алаңдаулы болатын. Жастықтың да тәуекелге ықпалы болған шығар. Бір күнде мұғалімдік жұмысымен қош айтысып, Атырау мұнай өңдеу зауытына келді. №3 цехта ЛГ қондырғысына оператор қызметіне тұрды. Бұл 2002 жыл еді. Бір жылдай еңбек еткен соң барып, көңілі орныққандай болды. Бұрын жаны қалайтыны өндіріс екенін сезгендей.

-         Өндіріс қызықтыра берді. Оған сәйкесінше білім алу керек. Оқуды қиынсынғам жоқ. Атырау мұнай және газ институтын өндірістен қол үзбей жүріп, мұнай ісі мамандығы бойынша бітіріп алдым. 2005 жылы күкірт шығару қондырғысына аға машинист қызметіне жіберді. Атқардым. Одан соң КУ ГБД қондырғысында аға машинист, механик болдым. Әрине, білімім болғанымен мұндай қондырғыларда білікті үйретушің болмаса, қиналасың. Мен ондай қиындықты көргем жоқ. Себебі, ЛГ қондырғысында аға оператор болған Виктор Шайков, ЛГ қондырғысының бастығы болған Павел Сармин, аға машинист болған Александр Охамук, цех бастығы Юрий Мелехиндердің тәлімінен өткен едім. Оларды зауыттың мұнай өңдеу саласындағы корифейлері десем артық айтқандығым болмас. Осы жұмысымның арқасында талай елде болдым. 2006 жылы Италияда тәжірибеден өттім. Қытай, Жапон елдерінде білім жетілдірдім. Ресейдің Нижний Новгород қаласында тәжірибе жинап қайттым. Өзіміздің Павлодар мұнай-химия зауытында да болып, өндірістерінде жұмыс жасадық. Мұның бәрі де қажет, артық етпейді. Заманау технологияларды меңгересің. Ерекшелігін білесің. Бұл өз кезегінде жас мамандарды үйретіп, іске баулуға септігін тигізбек. Біз де алдағы буыннан үйрендік. Кейінгілерге үйретуіміз заңдылық. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы жобасы басталғалы араласып келемін. Салынып жатқан каталитикалық крикинг қондырғысы бүкіл ТМД елдерінде теңдесі жоқ құрылғы. Ол іске қосылғанда біздің мамандарымыз дайын болуы шарт. Соған жұмыстанып жатырмыз.

   Сабыр Ғұмаровтың спорт десе жаны бөлек. 2006 жылы зауыт жанынан волейбол командасын құруға атсалысты. Зауыт командасы төрт жыл бойы Атырау қаласы мен облысының бас жүлдесін жеңіп алып жүрді. «ҚазМұнайГаз» ҰК ұйымдастыратын дәстүрлі спорттық сайыстардан қалған емес. Атырау мұнай өңдеу зауытының тек өндірісті ғана емес, бұқаралық спортты дамытып, жергілікті мәдени шараларға қатысуы кәсіпорынның өміршеңдігін білдіреді,-дейді ол.       

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу