Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі

25.11.2016
629 просмотров

    Осындай атаумен «Достық үйінде» өткен акция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Еліміздің барлық өңірлерінде Достық үйлерінде бір мезгілде бастау алған шарада ел тәуелсіздігінің тірегі- Конституцияның маңызы туралы айтылды. Акцияға жергілікті этномәдени бірлестік өкілдері, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен студенттер қатысты. Ұлттық бірлікті дәріптейтін шараға Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагерлері арнайы шақырылыпты. Акцияны облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Тамара Аман-Турлина жүргізді.

Алдымен облыстық соттың өкілі Мирас Ғабдолхаев жиналғандарға «Тәуелсіздік жылдарындағы Конституциялық реформалар» атты баяндамасын оқыды. Білгеніміздей, Тәуелсіздік жылдарында қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған құқықтық реформалар қоғамдық қатынастар дамуының орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Арнайы құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданғаны, Ата Заң негізінде іске асырылған реформа­лар­дың жаңа бағыт-бағдары, оң рөлі атап өтілді. Бұл құжатқа сәйкес мемлекетіміз үшін мей­лінше ыңғайлы президенттік басқару нысаны, біртұтас мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлудің тетіктері, атқарушы билікпен өзара іс-әрекет жасайтын қос палаталы Парламенттің жемісті қызмет істеуі берік орнықты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақ­стандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Қазақ­станда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағыт­талған қазіргі мол тәжірибе этнос­аралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде. Акция барысында Х.Досмұхамедов атындағы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен облыстық білім беру басқармасының өкілдері баяндамаларында Тәуелсіздіктің маңызы мен ұлттар достығы, ауызбіршілік пен ішкі саясаттағы тұрақтылық маңыздылығын тілге тиек етті.

       Шарада өзге ұлттар өкілдері Қазақстандағы бейбіт тіршілік пен татулық жайында жүрекжарды сөздерін айтып, мемлекет саясатына, Елбасының кемеңгерлігіне алғыстарын жеткізді. Акцияға Атырау мұнай өңдеу зауыты ардагерлерін бастап келген, кәсіпорынның ардагерлер кеңесінің төрайымы Людмила Скоробогатова осындай жастар үшін мәні мен маңызы терең кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:

-         Ерекеше акция деп атап өтер едім. Бұл жерде қатысып отырған студент жастарға өнеге. Атырау мұнай өңдеу зауыты ардагерлерінің делегациясы атынан Сіздерді Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл кездесуде екі ұрпақ беттесіп отыр. Оның бірі- 25 жыл бұрын тәуелсіздікті қарсы алып, оның қалыптасуы мен орнығуына еңбек сіңірген, бүгінде зейнетке шыққан аға ұрпақ. Екіншісі- осы тәуелсіздік жылдары туған, осы жылдар ішінде орта білім алып, жоғары оқу орнында оқуын жалғастырып жатқандар. Міне, сондықтан да осы акцияның маңызы осында! Біздің зауытта 625 зейнеткер бар. Олар 19 ұлтты құрайды. Ең жасы үлкеніміз- 96 жаста. Осындай көпұлтты зауыт 70 жылдан бері татулығымен, ауызбірлігімен ел экономикасын өркендетуге үлес қосып келеді. Сондықтан да тарихи кәсіпорын ұлттар бірлігінің, татулығының осы жергілікті жердегі үлгісі болып саналады.

  Акцияда Атырау мұнай өңдеу зауытының 70,80, 85 жасқа толған мерейгерлері ұлықталды. Бұл ардагерлерді зауыт басшылығының дәстүрлі құттықтаулары осы шарада қатысушыларға әсер қалдырды. Зауыттың зейнеткерлерінен құрылған «Сударушки» тобы кездесу соңын әсем әнмен әрледі.      

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу