Құрманжан Оразов: «Тәуелсіздікке сенім арттық...»

23.11.2016
681 просмотров

             Атырау мұнай өңдеу зауытына ауысып келерде көп ойланып жатпаған. 1991 жылдың орта шені болатын. Кеңестік жүйенің іргесі сөгіле бастаған. Ол қоғамда еркін талқыланып жатқан шақ. Болашақты ол кезде бағамдау мүмкін емес-тін. Еңбек адамы үшін қай дәуір, қай кезеңнің айырмасы жоқ. Жұмыс жасауға ыңғайлы ортасы болса жетіп жатыр. 25-ке толар шағында жаңа орында қызметке кіріскеннен бері 25 жыл өтіпті.  Осынау жылдар ішінде тәуелсіздіктің жетістігін көріп келеді.  

Құрманжан Оразов қаладағы №1 кәсіптік-техникалық училищесін бітірген соң, жұмысшы мамандығымен химия зауытына жұмысқа тұрған. Одан соң екі жыл Отан алдындағы әскери борышын өтеп келді. Қайтадан сол үйренген зауытта жұмысын жалғастырған. 3-4 жылдан бері аппаратшы қызметіне төселіп қалған. Дегенмен, зауытта жойқын апат болып, кәсіпорынның біраз бөлігі жұмысын тоқтатты. 90 жылдан бастап өнім шығару көлемі азайып, өндірістен береке кете бастаған. Құрманжан осы кезеңде өзінің жұмысшы мамандығына сай басқа мекемеге ауысуды ойластырып жүрген. Ол 1991 жылдың мамырында Атырау мұнай өңдеу зауытына келді. Еңбек тәжірибесі бар жас №4 цехқа 3 разрядты сорғы машинисі болып қабылданды. Әрине, бұрынғы жұмысына қарағанда айырмашылығы бар. Басынан қайта үйрену қажет. Өзі еркімен келген соң табандылық танытып, қиындыққа төзе білді.

-         Химия зауыты 80 жылдары өркендеді ғой. Жаңа қондырғылар әкелініп, іске қосылған. Кеңестік технологияны меңгеру соншалықты күрделі болмайтын. Ал, мұнай өңдеу зауытында басында қиындау болды. Бәрі қол күшімен атқарылады. Тәлімгерлерім мықты болды. Қашанда жалықпастан үйрететін. Сондай-ақ, жаңа ұжымға төселіп кетуіме де осы тәлімгерлер көп септігін тигізді. Әсіресе, Гүлшат Бегиеваның қасына алып жүріп үйреткенін ұмытпаймын. Жыл жарым өткен соң, тауарлы-шикізат паркіне ауыстырылдым. Бастығымыз Марат Каримов еді. Бұл жерде де бәрін қайта басынан үйренуге тура келді. Жұмыс істеген адам, іс басында тәжірибе жинайды, машықтанады. Мен де осылайша дағдылындым. Ол үшін тәлімгерің үйретері бар адам, сенің ынтаң болуы керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Мен осыны ұстандым. Зауытқа келгелі бері тәуелсіздігіміз жарияланды да, оның жетістігін көріп келемін ғой. Өз алдына дербес кәсіпорын болған кезде зауыт басшылығы алдмен жұмысшыларына жағдай жасады. Әлеуметтік қолдауды жандандырды. Басқа мекемелер тоқырап жатқанда, біз осындай қамқорлықты сезіндік. Бастысы- тәуелсіздікке сенім арттық. Себебі, заман алмағайыптау болғанымен болашаққа деген үмітіміз болды. Өндірісі тоқтамаған соң, табыс болады, зауыт дамиды. Міне, біз осындай үрдісті көрдік. Енді міне көз алдарыңызда 25 жылдан бері зауыт бірнеше жаңғыртудан өтті. Мұнда жұмысқа келген адамның тұрақтап қалатындай жағдайы бар. Бүгінде бқрынғыдай емес, бәрі автоматтандырылған. Қол жұмысы компьютерлік басқаруға ауысқан. Барлық жерде электронды көрсеткіштер бар. Бұрын күні бойы көрсеткіш алу үшін операторлар тыным таппай жүгіріп жүретін. Ал, бүгін бәрі басқаша. Сондықтан да мен осындай көріп отырған игіліктің бәрі тәуелсіздіктің арқасы дер едім. Осыдан 10 жыл бұрын зауыттың қолдауымен пәтер сатып алуға қол жеткіздім. Міне, осының бәрі еркінідігіміздің жетістігі.

  Құрманжан Оразов жұбайымен балаларын өсіріп, аяқтандырды. Бүгінде тауарлы мұнай өнімдері өндірісінің операторы. Қарапайым еңбек адамы тәуелсіздіктің ширек ғасырын қуанышпен қарсы алмақ. Себебі, ол егемендіктің бағасын білетін жан. 

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу