Фатима Кенжеғалиева: «Тәуелсіздік өндірістің дамуына серпін берді »

08.11.2016
636 просмотров

             Фатима Түсіпқызы Кенжеғалиеваны зауыттықтарға таныстырып жатудың өзі артық. Қай істі болмасын жауапкершілікпен тыңғылықты атқаратын ол талай қиын учаскелерде сыналып келеді. Атырау мұнай өңдеу зауытына мектеп бітірісімен 1981 жылы келген талдырмаш қыз өндіріске машықтанды. Технологиялық сорғылардың машинисі болды. Болашағын осы кәсіпорынмен байланыстыруды шешіп қойған. Сондықтан да жоғары білім алуға талпынды. Оған өдірістен жолдама алу таңдаулыларға берілетін. Төрт жыл дегенде ол Қазандағы мұнай технологиялық институтында оқуға қол жеткізді. Бұл 1985 жыл еді. Ел Тәуелсіздігін алар жылы оқуын бітіріп, еңбек жолын бастаған зауытта қызметін жалғастырған. 

    

Жоғары білімі болса да №4 цехқа оператор болып алынды. Бұл енді маман үшін сынақ еді. Табандылық қажет. Оқу бітіргенін бұлдаған жоқ. Кірісіп кетті. Жауапкершілікпен атқарды. Жұмысына тиянақты қыз көзге бірден түскен. Кешікпей зауыттың дипетчерлігіне ауыстырылды. Үш жылдан соң қайта өндіріске жіберілді. Бұл жолы ауысым бастығы болып барды. Жұмысына тиянақты жан қызметін шырқ-үйіріп алып кеткен. Ауысымды реттеді. Цехта өндірістің тоқтап қалмауы басты міндет. Адам атқаратын істе бәрі де болады. Бірі ауырып қалады, бірінің отбасылық жағдайы бар.  Осындай кезде білгірлікпен ауысымды реттеу де өнер. Фатима Түсіпқызы сыннан сүрінген жоқ. Жұмысшылар арасында беделі көтерілді. Басшылар да санасатын болған. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінен асқан шақта зауыттағы кеңестік технологияның ескіргені байқала бастады. Қондырғылар кейде тұрып қалатын. Жаңа шетелдік технологиялар алуға, қондырғыларды жаңғыртуға қаржы қажет. Үкімет деңгейіндегі қолдау болмаса, зауыттың өз қаражаты жетпейтін еді. Білікті мамандардың да тапшы кезі. Осы кезде Фатима Кенжеғалиеваға тағы бір жауапкершілік артылды.

-         1997 жылы болатын. Зауыттың бас технологы Дауыл Хамитов эстакада бастығы болуды ұсынды. Бұл енді өте күрделі де қиын жұмыс. Абырой әпермейтін қызмет болғасын ба, ерлердің өзі бұл қызметтен қашатын. Барынша тайсақтадым. Және әйел адам зауыт тарихында эстакада бастығы болып көрмеген. Демек, әйелге ауырлау жұмыс. Бірақ, көнбесіме болмады. Келістім. 2-3 айдай көресің, болмай бара жатса осы қызметіңе қайта ораласың деді. Үлкен жауапкершілік, үлкен сенім. Мен барған жерімде тұрақтамасам онда кейін маған сенім жоғалатынын жақсы білемін. Осылайша сол кездегі зауыт директоры Владимир Гафнердің алдына бардық. Бас технолог менің кандидатурамды қолдап отырғанын жеткізді. Гафнер таңданаысын жасырмады. Маған сынай қарап отырып, істей аласың ба деп, тікесінен сауал қойды. Сенімді барынша ақтауға тырысатынымды айттым. Екі айдан соң өзім барып тексеремін. Бүгіннен бастап бұйрық шығарамыз деді. Енді шегінер жер жоқ. Әйел басыммен кіл ерлермен алысып жұмыс істеуге тура келді. Алдымен, эстакаданы тазалаудан бастадық. Бұрын көп көңіл бөлінбеген болғандықтан, оны тазартуға ешкім белсене қоймады. Өзім бастағасын еркектер емес пе, қосылып кетті. Сөйтіп, директор В.Гафнер екі айдан соң келіп жұмысымды тексерді. Бұл кезде эстакаданы барынша тазартқанбыз. Үнсіз аралап көрді де, соңынан риза екенін білдіріп кетті. Содан кейін жұмыстың басқа сатысына көштік. Әділдігін айтайын, эстакададағы команда мықты болатын. Ол кезде резервуарлар жер астында. Эстакада ескірген. Жаңасы тек жобада ғана еді. Бензин, дизель құбырлары жер астымен жүргізілген. Бірінде ақау болса, жер бетін шығып, көл болып алып кететін. Және оның қай жерден жарылғанын біліп болмайсың. Күнделікті жұмысты тоқтатпастан құбырларды қайта монтаждадық. Механиктер Аманжан Сегізбаев пен Валерий Тарабриндердің еңбегі зор. Басқа да жігіттер күн-түн демей дамыл таппастан жұмыс істеді. Сөйтіп жүріп құбырларды жер бетіне шығарып, жүргіздік. Еңбегіміз елеусіз қалмады. Сол жылы эстакада тұңғыш рет зауытішілік сайыстың жеңімпазы атанды. Осылайша үш жыл эстакада басында болдым. Одан соң сегіз жыл №4 цех бастығының орынбасары қызметінде болдым. Зауыт көз алдымызда дамыды. Оның дамуы алдымен Тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз. Осының арқасында табысымыз өсті. Жетістіктерге жеттік. Сондықтан да менің қызықты да күрделі қызметтік жолым осы жылдар ішінде өтті. Әлі де зауытқа берерім бар деп ойлаймын. Қай жерге, қай іске жібермесін абыроймен атқара бермекпін. 

   Фатима Түсіпқызы 2009 жылы зауыттың аға диспетчері қызметін атқарды. 2010-2013 жылдары біріктірілген менеджмент жүйесі бөлімі бастығының орынбасары, 2014-2015 жылдары аралығында қайтара өндіріске барып №4 цех бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылдан бері ароматикалық көмірсутектер өндірісі кешенінің техникалық құжаттамалар бойынша инженері. Еңбек жолының өзі Ф.Кенжеғалиеваның қайда болмасын қажет маман екенін көрсетеді. Ол қай жұмыста болмасын өзін тек іскерлігімен, қарапайым да ұйымдастырушылығымен айналдырып әкетеді. Сондықтан да тәуелсіздік еңбектегі бағын ашқан маман тек биіктерден көрініп келеді.

               

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу