Аманкелді Қанатов:«Зауытта қанатымды қатайттым...»

02.11.2016
637 просмотров
 

            Мектепті бітірер жас романтик болып келетіні бар. Бірі жер-жаһанды шарлайтын теңізші болғысы келеді, бірі аспан әлемін бағындырар ұшқыш, бірі бәріне тау биігінен көз тігер альпинист...осылай жалғаса береді. Ал біздің кейіпкеріміз Аманкелді Қанатов мектепті бітірісімен сыныптасы екеуі мұнай өңдеу зауытынан бір-ақ шыққан. Бозбаланы зауыт қызықтырса керек-ті. Арманын үкілеп, қанатын қомдап келген жасты зауыт кеудесінен итерген жоқ. Қатарына қабылдады. Бұл 1986 жыл еді. Содан бері аттай 30 жыл өтіпті.

Зауытқа келгенде Аманкелді Қанатовтың бар болғаны орта білімі болған. Ол кезде ер балалар Отан қорғап барып келіп жұмысқа кірісетін. Оның әскерге дейін бір жыл уақыты болды. Содан зауытқа келген. Жұмыстың ауыр екенін біледі. Біле тұра үлкен өмір жолын қиын соқпақтан бастағанды жөн көрді.

-         Зауытқа келіп тұрмыз. Қасымда сыныптасым бар. Мектепті жаңа бітірген бозбаламыз. Бірі күле қарайды. Бір сынай қарайды. Бірақ тауымызды қайтарған жоқ. Мені №4 цехқа 3 разрядты слесарь етіп жіберді. Жүре бара үйрендім. Тәлімгерлерім күшті болатын. Цех бастығы Фарид Закирович Гумеров. Адам танитын еді жарықтық. Менің жұмысқа сіңісіп, үйренісіп кетуіме өзі бас-көз болды. Кемшілігімді жасырып, жетістігімді асырып отыратын. Ұжымда адамдармен тіл табысып жұмыс істеуіме, бірліктің не екеніне үйретті. 1987 жылы әскепге аттандым. Екі жыл Германиядағы Кеңес әскерлерінің құрамында қызмет етіп елге оралдым. Келгенде көп ойланғам жоқ. Төселген зауытыма бардым. Фарид Закирович №1 цехқа бастық болып кетіпті. Аттай қалап мені өзінің цехына алды. Оператордың көмекшісі етіп алды. Құсайын Орынбасаров, Берік Әбдиевтер тәлімгер болды. АТ қондырғысы операторының қыр-сырын үйреніп шықтым. Тәуелсіздік алған жылдары зауыттың да өзіндік бағыты өзгерді. Жұмысшылардың мүддесін қорғау, әлеуметтік қолдауға көңіл бөлінді. Зейнеткерлеріміздің қоғамы құрылды. Тәуелсіздігіміздің арқасы шығар, зауыт маған ұзақ мерзімге қарыз (ссуда) берді. Оған пәтер сатып алып, отбасыммен баспаналы болдық. 2005 жылы ЭЛОУ қондырғысында зейнеткерлікке шыққалы жатқан Ырысбай Ермышев пен Базарбай Жансариевтерден қондырғыда жұмыс істеуді үйренуге жіберілдім. Бұл қондырғының өз ерекшелігі бар еді. Ардагерлер мені демалысқа шыққандарынша қондырғыда жұмыс істеудің қыр-сырына үйретіп кетті. 2008 жылдан бері ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысында аға оператор болып еңбек етіп келемін. 2006 жылдан бері қондырғыларды бақылау автоматтандырыла бастады. Жұмыс жеңілдеді. Соған сай оны басқару тетігін білетін жастар легі келе бастады.

Аманкелді Қанатов зауыттың белсенді спортшылар санатында. №1 цехта құрылған арқан тарту командасы 1998-2008 жылдары аралғында, 10 жыл бойы зауытішілік чемпион тізгінін бермеген. Кәсіпорын көркемөнерпаздары мүшесі. Домбырамен ән айтады. Бүгінде жұбайы Гүлнар Ахметова екеуі үш баласын жетілдірді. Зауыт ардагері атағы бар. Марапаттары да аз емес. Дегенмен, ол үшін алғаш өмірге қанатын қақтырып, қатайтқан зауыт ұжымы бәрінен де ыстық. Сондықтан да саналы ғұмырын Атырау мұнай өңдеу зауытымен байланыстырып келеді.

     

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу