Кенже Жанзақова:«Тәуелсіздік бізді табысқа кенелтті...»

01.11.2016
712 просмотров

             Ол Атырау мұнай өңдеу зауытына сонау 1991 жылы жұмысқа келгенде 24 жаста екен. Оған дейін екі жыл жас маман жолдамасымен қызмет етіп тәжірибе жинақтаған. Дегенмен, зауыттың өз ерекшелігі мен қиындығы бар еді. Қыз бала болса да бәріне төзді. Төзімділігі мен табандылығының арқасында қызмет баспалдағымен өсті. Бүгінде осыдан ширек ғасыр бұрынғы кезең мен қазіргі жетістіктің арасы жер мен көктей.

    Кенже Жанзақова Киров атындағы Қазан мұнай-технологиялық институтын 1989 жылы бітірді. Еркін жолдама қолына тиісімен Маңғыстаудағы Жетібай кен орнында екі жыл еңбек етті. 1991 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытына келгенде бәрін қайта бастауға тура келген. Бұрын мұнай өндіру саласында болса, мұнай өңдеудің машақаты бөлек еді. Зауытқа келісімен сол кезде жұмысы қайнап жатқан, әйел адамға ауырлау тиетін №4 цехқа бөлінген. Цехтың шикізат паркіне оператор болып тағайындалды. Жұмыс ауысыммен. Бәрі де қол күшімен атқарылады.

-         Ол кезде жұмысты 3 ауысыммен 8 сағаттан істейміз. Жұмыс ауыр болатын. Насостарды осы жалаң қолымызбен жуатынбыз. Арнайы киімдеріміз де сәйкес емес еді. Әр ауысымды тапсыратын кезде бәрін тазалап, келесі ауысымға дайындаймыз. Цех бастығы Қайрат Оразбаев болатын. Темірдей тәртіп орнатылған. Мынау әйелдің, мынау ерлердің жұмысы деген жоқ. Бәрін бірдей атқарамыз. Болашаққа сенгендігіміз шығар, алдан үмітіміз болды. Ол кездегі адамдардың да қиындыққа төзімділігі мен пиғылының түзуі шығар. Қиындықты елемейтінбіз. Бір бірімізге сүйеу болдық. №4 цехта Ксения Навражная тәлімгерім болып, көп нәрсеге үйретті. Айгүл Жантілекова, Гүлшат Құрмашевалармен иық тіресе жұмыс істедік. Осындай жұмысы қайнаған цех бізді еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа үйретті. Тәжірибе жинадық. Осылайша өндіріс басында 3 жыл шыңдалдым. Ол келешегіме үлкен сабақ болды. Одан соң, зауыт басқармасына баланс бөлімі бастығының орынбасары болып ауыстым. Осында аға экономист болған, марқұм Зина Тусуповадан үйренгенім көп. Есеп-қиспатың қыр-сырына баулыды. Меңгеріп алған соң, мансаптық жолым басталған еді. Жақында №4 цехқа, бүгінде тауарлы мұнай өнімдері өндірісіне барып көрдім. Көп өзгеріс байқадым. Жұмыс екі ауысымен атқарылады. Цех іші таза, бәрі автоматтандырылған. Бұрынғы біздің көрген қиындықтардың бірі де жоқ. Бұл алдымен тәуелсіздігіміздің арқасы дер едім. Себебі, еркіндікке қол жеткізген соң зауытымыз жаңғыртылып жатыр. Соңғы үлгідегі технологияларды алуға қол жеткізілді. Әлі де жетіліп жатыр. Сондықтан да осы 25 жыл ішінде жақсылығы көп өзгерістер болды. Мен соның ішінде, осы зауытпен бірге болғаныма қуаныштымын.

      Қайнаған өндіріс ортасынан шыққан Кенже Исағалиқызы кейіннен сатып алу бөлімінің бастығы, бас инженердің баланс жөніндегі орынбасары, мұнай өнімдері департаменті директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде өндірістік бөлім бастығының орынбасары лауазымында. Айтқандай, ол отбасында мұнай өңдеуші болған әкесінің жолын жалғастырушы. Әкесі Исағали Жанзақов №4 цехта 1954 жылдан 1987 жылға дейін жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан жан. Осындай тәрбие көрген ол, зауытта барлық қиындықтан өтті, бүгінде жинаған тәлімінің жемісін көріп отыр. Кенже Жанзақова біліктілікті жанына ту еткен адам. Өзіне ғана сенімін ұстанады. Сол арқылы биік белестерге жетіп жүр.        

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу