Тұрлан Жұбанышев: «Мені болашаққа жетелеген Тәуелсіздік...»

26.11.2016
582 просмотров

Әскерден келген кезі. Қасаң тәртіп Ұлы державаның күні санаулы қалғанын аңғарса да сарбаздарға сыр білдірмеген екен. Кеңес Одағы ыдырап Қазақстан жаңаша даму жүйесін таңдап жатқан тәуекел тұсы болатын. Жергілікті ауылшаруашылығы техникумын бітірген дипломы бар, әскерде шыңдалған Тұрлан Жұбанышев бір-екі ай мамандығына сәйкес жұмыс қарайлап жүріп қалған. Шаруашылықтардан береке кете бастаған кезде жұмыс қайдан табыла қойсын. Сөйтіп жүргенінде мұнай өңдеу зауытына жұмысшы күші қажет екенін естіп, ойланбастан келген. Бұрын атын естігені болмаса, алып зауытты тұңғыш рет көруі. Жүрексінді әрине. Бірақ шегінген жоқ. Албырт шақта жұмыстың қай-қайсысына да дайын еді. Ол сонау 1991 жылдың желтоқсаны болатын. Міне, содан бергі ширек ғасырда Тұрлан Жұбанышев болашағын Тәуелсіздікпен сабақтастырып келеді. 

    20 жастағы күші бойында бұлқынған оған өмірдегі өз орнын табу керек еді. Ол әрине, еңбекпен келеді. Отбасынан алған тәрбиесі сол, жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ. Ерінбесең табысты боласың. Осы қағиданы Тұрлан санасына құйып ұстанды.

-         Армиядан соң, 2-3 ай жұмыс іздедім ғой. Сол кезде байқағаным Кеңес Одағының ыдырауымен көптеген мекемелерде де тәртіп босаңсыған екен. Жолығатын адамыңды табу, сөйлесу қиындау болатын. Ал, мұнай өңдеу зауытына келгенде тәртіптің жолға қойылғандығы бірден көрінді. Қабылданған күні қайда баратыным, кімге жолығатыным тікелей айтылды. №4 цехқа бөліндім. Цех бастығы күні кешеге дейін зауыттың бас директоры болған Қайрат Оразбаев екен. Аз-кем әңгімелескен соң, цехтың эстакадасына апарып көрсетті. Ештеңе айтқан жоқ. Маған қалай әсер ететінін сынаған секілді. Эстакада бүгінгідей емес. Бәрі қол жұмысы. Адамдар майға малынып жүреді екен. Бет ауыздарына дейін қожалақтанған. Арнайы киім де жұпынылау. Мен жұмыс процесін қарап тұрмын, ол маған сұраулы жүзбен аңдып тұр. Біраз тұрған соң, жұмыс орның осы. Ертең кірісесің деді. Менің айнып қалмайтынымды білген сыңайлы. Ертесіне келгенде таңданған жоқ. Бірден үйретушіге қосып эстакадаға жіберді. Сол жерде жұмыс істеп жүргендерден білдім ғой кейін. Жаңа жұмысқа тұрушыларды цех бастығы эстакада басында нақты жұмыс барысын көрсетеді екен. Жүрексінгендері сол жерден кейін қайтатын көрінеді. Менің қайтпайтынымды білсе керек. Енді сенімді ақтау үшін жұмыс істедім. Аянған жоқпын. Жұмыс әрине, оңай емес. Адам мақсат қойса бәріне төселеді екен. Соған көзім жетті. Еңбегіме қарай жалақы алдым. Зауыт осы тәуелсіздік жылдары көз алдымда өзгерді десем артық айтпаспын. Соңғы 15 жылдан бері зауытта келелі жаңғыртулар болып келеді. Бәрі де еңбек адамы үшін. Технология жаңартылды. Жұмыс оңтайланды. Бүгінде жұмысымыздың 90 пайызы автоматтандырылған. Бұрынғы біз бастаған кездегі қол жұмысы келмеске кетті. Заманның ағымына қарай өзгерістерді айқын сезініп келеміз. Мұның бәрі де тәуелсіздігіміздің арқасы. Еркін жұмыстың нәтижесі. Мені Тәуелсіздік болашаққа жетеледі. Осы зауыт арқылы. Енді менің алдағы өмірім де зауыттан ажырамасын білемін.

  Тұрлан Жұбанышев өндірістен қол үзбей жүріп Атырау мұнай және газ институтын химик инженер-технолог мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бүгінде өз ісінің озатттары санатында. Айтқандай, ол «Үздік маман-2004» байқауының жеңімпазы. Тәуелсіздік болашағына жол салған маман қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. Зауыттағы көркемөнерпаздар ұжымына мүше және спорттық жарыстарға белсене қатысады.                     

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу