Тілек Ділмағамбетова: «Тәуелсіздік рухымен көркейген зауыт»

21.10.2016
666 просмотров

Тілек Ділмағамбетова зауытта 40 жыл еңбек еткен жан. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда аса қуанған, оның қадірін бір кісідей түсінетін адам. Еңбек адамы. Қарапайым қоңыр тіршлікті місе тұтатын, халқының амандығын тілеп, барлығын солармен бірге көретін елжанды азамат. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында еңбек ардагеріна жолықтық. Осынау жылдар ішіндегі өткен мен бүгінге саралаған пікірін тыңдау.

Зейнетке шыққаны дегені болмаса, Тілек апамыз әлі тың болып шықты. Пәтерінде қонақжайлықпен қарсылаған сәттен келген шаруамызды айтып жатырмыз. Байыппен тыңдаған соң: «Мен зауытта Тәуелсіздікке дейін 20 жыл, Тәуелсіздік алғаннан кейін 20 жыл еңбек етіппін. Әрине, Тәуелсіздік еліміз үшін, халқымыз үшін маңызды. Ал, мен өз басымдағы жағдаймен Тәуелсіздіктің бізге бергенін айтып көрейін...»-деп келісімін бергені.
Аз ғана шегініс. Тілек Ділмағамбетова 1953 жылы туған. Гурьев химия училищесін бітірісімен, 1971 жылы 18 жасында мұнай өңдеу зауытына 2 разрядты оператордың көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Жұмысына мұқият қыз табандылығының арқасында көп кешікпей оперторлыққа ауыстырылады. Сол қызметте табан аудармастан 40 жыл еңбек етті.
- Тәуелсіздік алғанда мен 38 жастамын. 20 жыл еңбек тәжірибем бар. Өмірдің мәнін түсінетін кезең. Ел қуанды. Мен де қуандым. Себебі, тәуелсіздіктің, еркіндіктің лебін сездік. Оған дейін Кеңес дәуірі қожырап жатқанын байқап жүрдік. Басқа одақтас республикалар егемендігін алып жатты. Олардың жүйесін өзгертіп жатқаны, бар байлығын өз иеліктеріне пайдалана бастағанын ақпарат құралдарынан көріп, оқып жүрміз. Біздің де күніміз туғанына қуандық, шаттандық. Президент Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты, елді басқа мемлекеттермен терезесі тең дамыту стартегиясы дем берді. Халық қолдады. Содан біздің мерейіміз тасыған еді. Алайда, алдымызда сынақ тұрды. Бәріміз оны сездік. Одақ тараған соң, бұрынғы ара ағайындық, байланыс үзілді. Ол экономикамызға әсер етпей қойған жоқ. Өзіміздің Атырауда ірі деген кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып жатты. Химзауыт қандай еді? Бізге барлық жағынан бәсекелес болатын. Сыра зауыты, ет комбинаты бәрі осындай экономикалық қиындыққа шыдай алмай жабылып жатты. Ал, мұнай өңдеу зауыты ондай тығырыққа тірелген жоқ. Ол бір жағынан өнімге сұраныстың болғаны шығар. Сонымен қатар, сол кездегі ұтымды да көреген басшылықта дер едім. Директорымыз Владимир Гафнер жұмысшылардың тарықпауы үшін қолдан келер барлық қолдауды аяған жоқ. Табысымыз бар. Бірақ сабан ақша күн сайын құнсызданған кезде біз азық-түлік, киім-кешек алып тұрдық. Ол кездегі бартер әдісі ғой. Соны басшылық ұтымды қолданды. Қажетті тауарларды әкеп беріп тұрды. Әйтпесе, басқа мекемелер қажетсіз нәрселерді айлыққа беріп жатқанын естіп, біліп жүрміз ғой. Бізде ондай сорақылықтың бірі де болған жоқ. Тек жұмысын істеген адамға біздің зауытта жағдай бар еді. Дегенмен, сол тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде талай адамды көрдік. Қиындыққа төзбейтіндердің беті ашылды. Зауытқа жұмысшы қолы керек. Оған келіп, екі күн болмай шығып кететіндер болды. Бәрі де жұмысты ауырсынғандар. Оңай жерде табыс жоқ, жұмыстың жеңілі жоқ. Бізге де оңай емес, бірақ төздік. Технология сатылап автоматтандырыла бастады. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы еді. Қаржыны басшылар өз жұмысшыларының иглігі үшін тиімді пайдалану көзін тапты. Бұрынғыдай тапқан табысымыз жоғарыға кетпей, зауыттың өз шаруасына пайдалануға жеткізілді. Қараңыз, 1996 жылы зауыт өз қаржысына Атырауда 120 пәтерлік және 40 пәтерлік екі үйді жұмысшылары үшін салып, пайдалануға берді. Пәтері ескіргендер мен жас мамандар алды баспананы. Соның ішінде менің отбасыма да пәтер берілді. Ол кезде әкімдіктер үй салуға бюджеттен қаржы таппай жатқан. Ал, біздің зауыт жұмысшылары үшін әлеуметтік қолдауды көтере бастады. Міне, осының бәрі Тәуелсіз елдің саясаты мен ұстанған дұрыс бағытының нәтижесі еді. Тәуелсіздіктің шапағаты тек біздің ғана емес, елдегі барлық адамдарға осындай игілік әкелгенін білеміз. Бірі кәсіпкерлікпен айналысты, бірі жұмыс істеді, бірі ғылыммен айналысты. Еркіндік берді бізге. Міне, тәуелсіздіктің игілігі. 2006 жылы Атырауға келгенде біздің зауытқа ат басын бұрған Елбасы Н.Назарбаевпен кездестік. Мен сол кезде Президентке тәуелсіздіктің біз үшін, қарапайым еңбек адамдары үшін маңызын айттым. Қуанышымды жасыра алмастан айтып бердім. Міне, мен үшін Тәуелсіздік!
Зейнетке шықса да Тілек Шотқарақызы зауытта өтетін қоғамдық шаралардан тыс қалған емес. Зауыт зейнеткерлер қоғамымен тығыз байланыста. Ширек ғасырда Атырау мұнай өңдеу зауытының дамуын Тәуелсіздікпен байланыстырады. Елдегі болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар. Елбасының халыққа Жолдауын жыл сайын қалт жібермей тыңдайды, оқиды. Оның орындалуына да көз жеткізіп келеді. Өткеніне өкінбейтін, келешектен үмітті ардагердің тілегі елдің, ұрпағының амандығы. Ел тыныш та тату болса, Қазақстанның кемел боларына сенімді.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу