Талжан Хайырлиева: «Біз Тәуелсіздікпен бірге түледік»

21.10.2016
671 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауытына сонау 1991 жылы жұмысқа келген жас маман Талжан Хайырлиева Тәуелсіздіктің ширек ғасырын осы кәсіпорынмен астастырып отыр. 25 жыл еңбек адамы үшін толысатын шақ, тәжірибелі маманның биігі. Сол биіктен көрінген Талжан Мінжанқызы зауыттың кешегісі және бүгінімен сыр бөліскен еді.

Талжан Хайырлиева -Атыраудың төл тумасы. Орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, арман қуып, мамандық иесі болу үшін Оңтүстікке аймаққа аттанған. Шымкенттегі технологиялық институтты инженер, химик-технолог мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген соң, жолдамамен Қырғызстанға жіберіледі. Кеңес дәуірінің социалистік жолдамасы жас маманды 3 жыл сынайтын. Жоғары оқу орнын бітіргендер үшін тәртіп пен заңы солай. Ол Фрунзе қаласындағы ЭВМ зауытында технологтар тобында қызмет етті. Мамандығының қыр-сырын меңгерді. Жолдама мерзімі бітісімен, туған елге оралған. 1991 жылдың екінші жартысы болатын. Ойланбастан Атырау (ол кезде Гурьев) мұнай өңдеу зауытына келген. Үш жыл жинаған азды-көпті тәжірибесі бар маман зауыттың орталық зертханасына химиялық сараптама лаборанты болып қабылданады. - Ол кезде жасым 27-де. Жаспыз ғой. Заманның өзгерісіне көп мән бере қойған жоқпын. Жұмысқа шындап кіріскен кезіміз. Қоғамда өзгерістердің біліне бастаған шағы. Дүкендерде қажеттінің бәрі қат. Теледидар, газеттерден әйтеуір бір өзгерістерге бастайтын саяси жағдай басталғандай. Көп кешікпей Тәуелсіздігіміз жарияланды ғой. Қуандық. Дегенмен, күдік басым еді. Себебі, бұрын бір жүйеде ұстап тұрған күш ыдырай бастады. Көрші химия зауытының өндірісі тоқырап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында –ақ жұмысын тоқтатты. Біздің өндіріске сұраныстың болғаны шығар, сонымен қатар ұтымды басшылықтың арқасында біз қиындық көре қойған жоқпыз. Айлығымызды уақытында алдық. Әлеуметтік қолдауымыз болды. Басқа кәсіпорын немесе мекемелердегі замандастарым, дос-жарандар маған қызыға да қызғана қарайтын. Ал, жұмыс жағдайына келер болсақ, зертханадағы сараптама технологиясы, аппараттар кеңестік дәуірдікі болатын. Көбін қолмен атқаратын едік. Жұмыс қолы да жетіспей жататын. Сонда да біз тапсырыстарды дер кезінде жасап үлгеріп отырдық. Айтпағым, біз осынау 25 жылда тәуелсіздікпен бірге дамыдық. Зауытта жаңғыртулар жүргізіліп, жаңа қондырғылар іске қосылды. Зертханамызға Жапония, Германия және Францияның аппараттары келді. Бәрі де автоматтандырылған. Штатымыз кеңейді. Әр лаборанттың өз жұмыс ауқымы бар. Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарында тәжірибеден өттік. Тәжірибе алмастық. Ресейдің зауыттарының бізден алып бара жатқан айырмашылығы жоқ. Кей жерлерде бізден жарақтандырылуы жағынан төмендігі де байқалады. Осындай жаңа технологияға қол жеткізуіміз, мамандарды дайындау, тарихи зауытымызды жаңғырту осы Тәуелсіздігіміздің арқасы екенін білеміз. Осындай еркіндігіміз болмаса, кім білген осындай игілікке қол жеткізе алар ма едік?! Талжан Мінжанқызы зауыттағы 25 жылдық еңбек өтілінде талай марапаттарға ие болды. Оның бәрі де тәуелсіздік жылдарының еншісінде еді. Қарапайым лаборант қыз тәжірибе жинақтай келе аға лаборант, инженер қызметі сатыларынан өтті. 2013 жылдан бері Орталық зауыт зертханасы бақылау зертханасының бастығы лауазымында абыройлы еңбек етіп келеді. Айтқандай, осы зауытта жүріп 1996 жылы кәсіпорын қызметкері Болат Макпузовпен отау құрды. Бүгінде балаларын тәрбиелеп отыр. Бәрінен де Талжан Хайырлиев Тәуелсіздіктің көпұлтты ұжымды сақтап қалуға, саясаты ауызбіршілікті, татулықты ұстанып, жетістікке алып келе жатқанын жақсы түсінеді.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу