Зауыттықтар «Донор күні» акциясына қатысты

19.10.2016
723 просмотров

            18-19 қазанда Атырау мұнай өңдеу зауытында «Донор күні» акциясы өткізіліп, 200 –дей зауыттық қан тапсырды. Жалпы алғанда зауытта «Донор күні» акциясы жылына екі мәрте өтіп тұрады екен. Оған қатысушылардың да жыл өткен сайын саны артып келеді. Қан орталығында мұнай өңдеу зауытында істейтін 70 қызметкер тұрақты донорлар есебінде. Акция барсында әр донор 450 грамм қан тапсырды.

Көптеген зерттеулер донорлық – пайдалы екенін дәлелдеген. Себебі, донордың қаны алынған сайын қан жасаушы жүйесі қайта жаңғырып, жасарып отырады. Бұл адам ағзасына пайдалы. Әсіресе, жүрек пен тамыр, иммундық жүйе ауруларының, ас қорыту жүйесі, бауыр мен ұйқы безі бұзылыстарының профилактикасы. Дәрігерлердің айтуынша, қан 30-40 күннен кейін толық қалпына келеді. Тағы бір пайдалы жағы- қоғамдағы қанға мұқтаж жандарға көмек. Осыны түсінген зауыттықтар ертемен медициналық бекетке асыққан. Мұнда ұзын-сонар кезек. Бәрі де қан тапсыруға келген. Облыстық қан орталығынан келген арнайы жылжымалы бригада зауыттықтарды тізімге алып, тексеруден өткізіп барып қан тапсыруға жібереді. Қан тапсыру ерікті түрде. Акцияға қатысам деушілер өз еріктерімен келіп тіркелуде. Ешкімді қан тапсыруға мәжбүрлемейді. Гүлжан Елеусінова, облыстық Қан орталығы жылжымалы бригадасының дәрігері: - Атырау мұнай өңдеу зауытында қан тапсырушы еріктілер жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады. Соңғы рет келгенімізде 150 адам қан тапсырды. Осы келгенімізде тілек білдірушілердің көп екенін байқадық. Келушілер алдымен тіркеуден өтеді. Біз оларды донорлық базадан тексереміз. Қан құрамын және түрлі инфекциялардың болмауын анықтаймыз. Қан тобы айқындалады. Анкета толтырып, терапевтің тексеруінен өтеді. Содан кейін ғана қан тапсыруға жібереміз. Денсаулықтары бір қалыпты. Донорларды қан тапсырып шыққан соң тағы бір дәрігерлік бақылаудан өткіземіз. Дегенмен, қан тапсырып болған соң бізге денсаулығына байланысты қаралған адам болған жоқ. Оларға басшылық тарапынан арнайы демалыс күні беріледі. Адам ағзасы қалпына келуі керек. Қан айналымы орнына түскенше адам дәрігер белгілеген тағамдарды пайдалануы шарт. Марат Меңдіғалиев, ППНГО ГФУ технологиялық қондырғысының машинсисі: - Екі жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келемін. Екі айда бір рет 450 грамнан қан тапсырып тұрамын. Міне, біздің зауытқа келген бригаданы білген соң, алғашқылардың бірі болып қан тапсырудамын. Осы жылдардан бері дәрігердің қарауындамын. Денсаулығымда ешқандай кінәрат болған жоқ. Жүйелі түрде қан тапсырып тұрған соң, жеңіл жүресің. Сондай-ақ, бұл сауапты жұмыс. Менің қаным мұқтаж жандарға керек болар. Сондықтан жүйелі түрде қан тапсырып тұрамын. Бұл үшін ешқандай ақының қажеті жоқ. Тек өзіме пайдасы бар, өзгелердің де өміріне пайдаға жарап жатса болғаны.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу