Аға буын тәлімін парыз ғып өтеген Төлеген

23.09.2016
798 просмотров

Ол әскерден оралған соң, көп ойланбастан мұнай өңдеу зауытына жұмысқа тұрды. Еңбек адамының қашанда құрметті екенін жастайынан санасына тоқып өскен Төлеген үшін жұмыстың бәрі маңызды-тын. Еңбектің, табыстың оңайы жоқ, ол сандаған жылдар бойғы тәжірибе мен жұмысшы ортада жинайтын абыройға байланысты. Осы кәсіпорыннан өмірлік жарын тапты. Бүгінде зейнет жасына шыққан Төлеген Имашұлы Аймағамбетов 20 жасында зауытқа келгенде тісқаққан маман майдангерлердің тәлімін алды, енді өзі кейінгі ізін басқан жастарға үлкендер жолын сабақтастырып кетті.

Төлеген Аймағамбетов 1953 жылы Ақтөбе облысының Мартук ауылында туған. 50 жылдардың аяғанда ата-анасы Гурьев (Атырау) қаласына жұмыс бабымен қоныс аударады. Жаңа мекенде ол 1961 жылы мектеп табалдырығын аттады. 1972 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, елдің Қиыр Шығысында әскери борышын өтеді. Әскерден келген соң, жас жігіт мұнай өңдеу зауытының жанындағы мұнай тасымалдау мекемесіне оператор болып жұмысқа алынды. Шаршауды білмейтін кез еді, әскерден үйреніп, оқып-тоқығаны бар. Осындай жалынды жасты байқаған мамандар 1978 жылы баяу кокстеу қондырғысына жұмысқа шақырады. Сол қондырғыда табан аудармастан 12 жыл еңбек етіп, 1990 жылы №4 цехқа (бүгінде тауарлы мұнай өнімдері өндірісі) оператор болып ауысады. Еңбекте абыройлы болды, озат болды. Білмегенін үйренді, тәлімгерлері де мықтылар болатын. Соғыс ардагерлер Жәлеш Төлепов пен Рахмет Күзембаевтардың алдын көрді. Тәлім-тәрбиесін алды. Өмір көрген, тағдырдың ауыртпалығына төзіп, қан кешкен майдангерлердің еңбек жолы Төлегенге үлкен сабақ болатын. Енді тәлімгерлерді жерге қаратпас үшін, аянған жоқ. Жұмысты белсене атқарды, жауапкершілігін арттырды. Еңбегі еш кеткен жоқ, зауыт басшылығы ескеріп «Атырау МӨЗ Құрмет тақтасына» суретін ілді, зауыттың «Құрмет кітабына» енгізілді. Осындай қарапайым ғана марапаттар Төлеген Имашұлының төбесін көкке жеткізгендей еді. Одан бергі жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауытына-70 жыл» төсбелгісі, «Зауыт ардагері» құрметті атақтарын алды. Бәрі де еңбек адамының қашанда еңсесі биік екенін көрсетсе керек-ті.
-    Еңбек ете жүріп, алған марапаттарым аз емес. Бәрінен де мені еңбексүйгіштікке үйреткен, тәлім беріп, өмірлік дара жолға салған, батасын берген ақсақал-соғыс ардагерлердің сенімін ақтадым деп ойлаймын. Енді міне, өзім де тәлімгер атандым. Жастарға білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Себебі, үлкендер мені солай үйретті. Бағыт-бағдар берді. Бүгінде менің алдымды көрген жас мамандар Бекжан Қабдолов, Арман Қайыржанов, Мақсот Қаракөзов және Арман Дауысовтар зауытта абыройлы қызмет етіп жүр. Мен олардың жетістіктеріне қашанда сүйсініп отырамын.
    Айтқандай, Төлеген Имашұлы осы зауыттан өмірлік жарын тапты. №4 цех қызметкері Ғалияш Қағазовамен көңіл қосып, отау құрды. Екеуі бес бала тәрбиелеп, өсірді. Өкініштісі сол, балалар аяқтанып жатқанда жұбайы Ғалияш 2007 жылы мезгілсіз қайтыс болды. Тағдырға қанша налыса да өзі бас-көз болып, балаларын жетілдірді. Бүгінде бір баласы-Арманы зауытта қызмет етеді. Зауыт көп балалы отбасы ретінде жаңа салынған үйден 4 бөлмелі пәтер берген. Енді міне, жуырда өткен мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесінде ұжымдастары Төлеген Аймағамбетовті құрметті зейнеткерлік демалысқа сән-салтанатымен шығарып салды.  
    Атап өткеніміз жөн, Төлеген Имашұлы шілде айында бензолдың алғашқы партиясын Ресейге жөнелтерде жинау резервуарынан вагон цистерналарға бензолды тұңғыш құйған оператор ретінде зауыт тарихында қалды. Бұл еңбек адамы үшін зор құрмет еді...
    







Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу