Зауытқа таңдаулылар ғана шақырылады

16.09.2016
751 просмотров

   Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенін іске қосу барысында және мұнайды өңдеу өндірісіне жаңа мамандарды тарту мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытына үстіміздегі жылы маусым айынан бастап бұгінге дейін 98 адам тартылған екен. Оның 79-ы Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешеніне, ал, 19 маман Мұнай өңдеу өндірісіне жұмысқа қабылданды. Жаңа өндіріске мамандар қандай талаптармен қабылданды, олардың біліктілігі деңгейі қалай сараланды? Бүгінде кәсіпорын өндірісіне жұмысқа шақырылатындарға қойылатын талаптар ерекше әрі қатал. Себебі, жаңа өндірістің, жаңа технологияларды игеру осындай шартқа негізделген. Біз бүгін жаңа мамандармен кездесіп, олардың зауытқа шақырылу жайын, алғашқы өндірстегі алған әсерімен бөліскен едік:

  Ернар Ерғалиев, МӨӨ Мұнай өңдеу, ауқымды күкіртсіздендіру өндірісі  басқару тетігінің операторы:
-    Мен мамандық таңдағанда мұнай өңдеу ісіне ден қойдым. Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетіне оқуға түсіп, 2014 жылы бітіріп шықтым. Жоғары оқу орнын бітірісімен тікелей Атырау мұнай өңдеу зауытына келдім. Үмітім зор еді. Дегенмен, менің мамандығымды арнайы мамандар құптағанымен, ол кезде бос жұмыс орны бола қойған жоқ. Тәжірибем де жоқ еді. Бірақ, зауытттағы мамандармен жұмыс бөліміндегілер менің талабымды ұштап жіберді. Себебі, зауытта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын, оған мамандар тартылатынын хабардар еткен болатын. Содан мен жұмыс іздеп, бір жағынан тәжірибе жинақтау мақсатында Ақтаудағы «ҚазАзот» компаниясында мамандығыма сәйкес жұмысқа тұрдым. Алғашқы жұмыс жолынан өттім. 2015 жылы қазан айында, әлі есімде, Атырау мұнай өңдеу зауытына әңгімелесуге шақырту келді. Ойланбастан аз күндей демалысымды алып, жеттім. Менің біліктілігімді сынаған және түрлі емтихандардан өткізген комиссия мені зауыт мамандарының кадрлық резервіне алғанын айтты. Қуанышымда шек болған жоқ. Жұмысқа кірмесем де резервке алынуымның өзі өзімнің мақсатыма деген бір табан жақындау еді. Үмітімді үкілеп, алғашқы жұмыс орнымда қызметімді атқара бердім. Міне, 8 ай өткенде дәлірегі осы жылдың маусым айында жаңа өнідірске мамандар шақырылып жатқандардың ішінде мені де Атырау мұнай өңдеу зауыты шақырды. Екі жылдық тәжірибем бар мені басқару тетігінің операторы қызметіне шартты мерзімге алды. Өз мамандығым болғандықтан, жұмысқа құлшына кірістім. Тәлімгерім Ермек Бердиевке үлкен рахмет. Білмегенімді үйретіп, жұмыстың қыр-сырына үйретіп жатыр. Жалпы алғанда зауыттың жаңғырту жобалары жас мамандарға, білікті кадрларға үлкен мүмкіндік. Мәселен, менің алға қойған мақсатыма жол ашты. Енді мен кәсіптегі өз орнымды таптым деп ойлаймын. Ендігі жұмыс жолым Атырау мұнай өңдеу зауытымен тығыз байланысатын болады.

Асұланбек Ағыраев, МӨӨ Мұнай өңдеу, ауқымды күкіртсіздендіру өндірісі  бензолды сутектендіру және газфракциялық қондырғысының операторы:
-    Мені шақырады деп ойламаған едім. Себебі, білімім мұнай өңдеуге қатысты болғанымен орта-кәсіби ғана болатын. Өз мақсатыма жету үшін Атырау мұнай және газ институтында сырттай білім алып жатырмын. Жасым 21-ге келгенше оқудан қол үзген жоқпын. Соның енді жемісін көрсем бе деген мүмкіндік туды. Былтыр қыркүйек айында жаңа өнідірске мамандарды жинақтау барысында әңгімелесуден және кешенді біліктілік тестілеуден өттім. Саралаған комиссия менің резервке алынғанымды жеткізді. Демек, үмітім болды, зауытқа жұмысқа шақыратынына. Содан мауысым айында шақырту келгенде қуанғаным-ай. Оны айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, мен алғаш жұмыс жолымды Атырау мұнай өңдеу зауытында бастап жатырмын. Тәлімгерім Бауыржан Әубекеров бүгінде мені жаңа технологияны жете түсіндіріп, үйретіп жатыр. Ризамын. Енді зауытқа сенімді де адал қызмет етпекпін!      

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу