Келешегін зауытта айқындаған жан

14.09.2016
769 просмотров

Ол зауытқа тұрмыс тауқыметімен жағдайын түзем алсам деген оймен келген еді. 40 жасқа қараған шағында, әрине, бұрын таныстығы жоқ тыңға түрен салу Самиғолла Жанахметовке оңай түскен жоқ. Дегенмен, барын салды. Білмегенін үйренді. Жастан да үйренді, жасмастан да үйренді. Ешкімді талғаған жоқ. Себебі, атадан алған тәрбиесі мен өнегесі солай еді. Міне адан бері ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Басында бір-екі жыл тұрмыс жайын түзем алсам деген ол болашақ өмірлік бағытын мүлдем өзгертіп, зауытта жұмысын жалғастырып әкетті. Бүгінде Самиғолла Қармысұлы асқаралы 60 жасқа келді. Айналасына сыйлы. Кішілерге мақтаныш.

Жастайынан ұстаздық жолды таңдаған Самиғолла орта мектепті бітірісімен сол кездегі Гурьев педагогикалық институтына құжаттарын өткізген. Мақсаты – тарих пәнінің мұғалімі болу. Талабы таудай бозбаланың тауы шағылған жоқ. Сәтін салып педагогикалық жоғары оқу орнының студенті атанды. Сан қырлы шежіреге толы тарихтың тұңғиығы туралы ғалымдардың дәрісін санасына тоқыды. Студент бола жүріп ізденді. Ғалымдық жолды да таңдау ойында бар-тын. Студент шағында әскер қатарына алынып, өтеп келді. Оқуын жалғастырды. 1981 жылы толыққанды тарих мұғалімі мамандығын алып шықты. Содан Самиғолланың ұтаздық жолы басталды. Алдымен мектепте еңбек етті. Одан соң кәсіптік-техникалық училищелерде оқушыларға тарихтан сабақ берді. Біліміне сай білігі бар азаматтың алдағы қызметтік мансабы да айқындала бастағандай еді. Себебі, сауатты білім бере алатын жасты білім бөліміндегі басшылық назарға ала бастаған. Бәрі де бір мезетте өзгеріп шыға келді. 1991 жылы Кеңес Одағы тарап, ел Тәуелсіздігін алды. Жас мемлекеттің аяқ алысы басында барлық салада қиындық тудырғаны әмбеге аян. Әсіресе, ұстаздардың қадірі қашты. Айлық аз, оның үстіне кешіктіліріліп берілетін. Жоғары санатты біраз мұғалімдердің базар жағалап саудагер болып кететіні осы тұс. Самиғолла Қармысұлына да бұл кезең оңай түскен жоқ. Балалар жас, жеткізу керек. Дегенмен, заман жақсарар деген үмітпен 2-3 жыл үмітін үзген жоқ. Бірақ тұрмыс тауқыметі шыдатар ма? Бұл 1994 жылдың аяғы болатын.
Ол кезде Атырауда тек мұнай өңдеу зауытының әл-ауқаты мен өндірісі басқаларға қарағанда көш ілгері болатын. Дүркіреген кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып, жұмысшылар босып кетіп жатқан шақ. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының болашағы бар екендігі, өміршеңдігі айқын білінетін. Самиғоллаға таныстары осы зауытта бос жұмыс орындары бар екенінен хабардар етеді. Бұрын өндірістің маңайында болмаған оған бәрі оғаштау болатын. Бір жағынан кәсіпорынға кәсібі бар маман қажет. Сонда да тәуекел етіп, зауытқа келіп әңгімелесуден өткен. Сәтін салды ма, 1995 жылдың басында жұмысқа шақырту алды. Содан бері міне, 21 жыл 4 цехта эстакада операторы болып қызмет етіп келеді.
- Тұрмыс жағы қинады. Мұғалімнің табысы балаларды жеткізуге жетпейтін. Барынша қосымша жұмыс істеп көрдім. Осындай қиналып жүрген кезде, Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылдап жатқан хабарландыруды естідім. Басында 1-2 жыл жұмыс істеп, жағдай түзелгесін, өз салама қайта ораламын деп ойлағам. 40 жасқа қараған шақта келдім ғой. Оңай болған жоқ. Бәрін басынан бастап үйрендім, білім жетілдірдім. Осы ұжымда достар таптым. Көріп тұрсың ғой, 20 жылдан асты әлі зауыттамын. Демек, мен болашағымды да осы кәсіпорынмен байланыстырған болып тұрмын. Өкінбеймін. Себебі, мен мұнда өндірістің қалай болатынын ұқтым, еңбек адамының құрметті екенін ұқтым,-дейді мерейгер.
Мерейлі жасқа толған Самиғолла Жанахметов бүгінде артынан ерген шәкірттеріне бағыт сілтеуші. Бүгінде оны ұжымындағы үлкен де кіші де майталман ретінде сыйлайды. Ол зауыттан бағын бір тапса, сыйласты достарын екі тапты. Зайыбы Гүлбараш Бегалиева екеуі ұлы мен қызын жетілдірді. Оқытты. Мамандықтарын алып сан салада қызмет етіп жүр. Мерейгер үшін бұдан асқан бақыт жоқ...

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу