Еңбегіне лайық құрмет

31.08.2016
897 просмотров

               Конституция Күні мерекесінде Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагері Қаржаубай Сұлтанғали «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Мұндай жоғары дәрежелі ілтипат қаламгерге көрсетілген лайықты құрмет деп санаймыз.

Мемлекеттік мереке қарсаңында Мақат аудандық Мәслихатының депутаттары кезекті сессияда Қаржаубай Сұлтанғалиұлына «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағын беруді бірауыздан қолдап дауыс берген. Мәслихат шешімімен қатталған. Еңбек ардагері аудандағы мерекелік шараға арнайы шақырылып, құрметті атақпен Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев салтанатты түрде марапаттады.

         Қаламы қарымды қаламгер, майталман журналист, кәсіби аудармашы үшін бұл мақаттықтар тарапынан көрсетілген зор құрмет, ауданға сіңірген еңбегін лайықты бағалағандық. 1983 жылы қылшылдаған 40 жастағы Қаржаубай Сұлтанғалиұлы Мақат аудандық «Мұнайшы» газетіне бас редактор қызметіне тағайындалады. Бұған дейін Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітірген, облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгінгі «Атырау») газетінде жауапты қызметтер атқарып ысылған маманға сол кезеңде үлкен жауапкершілік артылған еді. Газетті тәжірибелі журналист мақаттықтарға етене жақындата түсіп, тұрғындар мүддесін қорғай білді. Аудандық басылымда тек өндірістік тақырыптар ғана емес, әлеуметтік жағдайға, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, оқу-ағарту мәселесі мен сол кезеңдегі өзекті мәселе халықтың тұтыну тауарлармен қамтылуына назар салынды. Сын материалдар жарық көре бастады. Бас редактор, жас редактор осындай албырттығы үшін жоғары жақтан талай ескертулер де алған. Мойыған жоқ. Бес жыл бойы, яғни 1988 жылға дейін «Мұнайшы» газетін түрлендіріп, әр алуан тақырыптарды қозғап оқырмандарының көңілінен шыға білді. Әрине, оған сол кездегі газеттің барлық шығармашылық ұжымы қолдап, атсалысқан еді. Міне, арада 30 жылдай уақыт өткенде Қаржаубай Сұлтанғалиұлының еңбегі еленіп, мақаттықтар ұмытпай азаматқа лайықты құрметін көрсетті.

       Атап өткен жөн, қаламгер Қ.Сұлтанғали «Жыр-Аманат» жинағын құрастырушы, «Балғымбай әулеті», «Біздің Мақаш» және «Ғибратты ғұмыр» кітаптарының авторы. Көркем очерктері «Кел, Мақатқа!», «Алтын бұлақ» кітаптарына енген. Оның А.Мырзағали мен Г.Мұңатпен бірігіп құрастырған «Мұнай өңдеуде жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің орысша-қазақша сөздігі» елдегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірісінде маңызды аудармалық құрал ретінде қолданылады. Қаржаубай Сұлтанғалиұлы зейнетке шықса да, еңбектен қол үзген жоқ. Атырау мұнай өңдеу зауытында күнделікті қолданыстағы іс қағаздарын мемлекеттік тілге сауатты да дәл мағынасында аударуға өз үлесін қосып келеді.

                                                                                              Нұрлыбек ҒИЗАТОВ

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу