Балаларға ұмытылмас әсер сыйлады

29.08.2016
777 просмотров

Тамыз айының 13-25 аралығында зауыт қызметкерлерының балалары Алматы маңындағы «Ақ бұлақ» лагерінде тынығып, жазғы демалыстың соңғы күндерін қызықты әрі есте каларлықтай әсерлі өткізіп келді.

Тамыз айының 13-25 аралығында зауыт қызметкерлерының балалары Алматы маңындағы «Ақ бұлақ» лагерінде тынығып, жазғы демалыстың соңғы күндерін қызықты әрі есте каларлықтай әсерлі өткізіп келді.

Тау бөктерінде орналасқан «Ақ бұлақ» лагері көркем табиғатымен, мұнтаздай таза ауасымен айрықша. Көз тоймас табиғат пен лагерь ұжымының балаларға деген жылы шырай, кең құшағы демалушыларды барған күннен баурап алды. Балалар да бір-бірімен тез тіл табысып, ұйымшылдықтарын көрсетті.

Лагерьде өткен әр күн өзінше қызықты, өзінше әсерлі болды. Балалар бассейнде жүзіп, салт атпен қыдырып, мұз айдынында сырғанақ тепті. Таза ауада серуендеп, табиғат таңғажайыптарымен танысуды да ұмытқан жоқ.

Лагерь ұжымы балалардың жас ерекшелігіне байланысты алуан түрлі мәдени шаралар, байқаулар ұйымдастырды. Сол шаралардың барлығына да біздің зауыт қызметкерлерінің балалары белсене қатысып, Атырау өрендерінің өнерлі де білімді екендіктерін көрсетіп, оң баға алды. Бұдан өзге, балалар тұрақты түрде денелерін шынықтырып, нәрлі, дәруменге бай пайдалы тағамдармен тамақтанды.

Лагерь аумағындағы шаралардан басқа өзге экскурсиялық саяхаттар да ұйымдастырылып, балалар Алматы қаласындағы ойын-сауық кешендерінде қыдырыстады.

Демалысқа бөлінген 12 күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әйтсе де балалардың алған әсерлері ерекше. Осындай тамаша демалыс үшін зауыт басшылығы мен Кәсіподақ комитетіне, сондай-ақ, «Ақ бұлақ» демалыс-сауықтыру кешенінің ұжымына үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Алтынгүл Маманова,

демалушы балаларға бөлінген зауыт өкілі

                                                  Ата-аналар дән риза

         Таяуда ғана зауыт қызметкерлері балаларының соңғы легі Алматы қаласындағы «Ақ бұлақ» лагерінен оралған болатын.

Жазғы демалыстың балаларға ұнағандығы соншалық, көрген-білген қызықтарын, алған әсерлерін сөзбен айтып жеткізе алар емес. Осы орайда балаларға естен кетпес демалыс сыйлап, еліміздің алдыңғы қатарлы, ең тамаша сауықтыру орнында тынығу мүмкіндігін сыйлаған зауыт басшылығына, Кәсіподақ комитетіне және цех белсенділеріне, лагерь ұжымына, сондай-ақ, балаларды бастап барған Алтынгүл Мамановаға ата-аналар атынан зор алғыс білдіреміз.

         Оның жауапкершілігінің арқасында күн сайын балалардың жағдайы туралы хат-хабар алып отырдық. Бұрын-соңды ата-ана жанынан бір елі ұзап көрмеген балаларымыз ұшақтан түсе сала: «Келесі жылы тағы лагерьге барайыншы!» - деген өтініштерін айтып жатты. Осының астарында-ақ, бұл демалыстың каншалықты әсерлі болғандығын байқауға болады. Жылдан жылға жалғасып келе жатқан осы игі дәстүр әлі де жалғасын табарына сенеміз.

                                                   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу