Жаңа құқықтық реформа: Ерекшеліктер мен тиімділік басымдығы

23.08.2016
696 просмотров
 

  Елбасының «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында қолға алынған бес институттық реформаны кезең-кезеңімен орындау жүктелген. Ол мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда құқықтық реформаға басымдық берілген.

Бүгінде осы Ұлт жоспарына сәйкес бірнеше заң қайта қаралып оңтайландырылды. Ол алдымен қарапайым халықтың мүддесіне қарай ыңғайлы жүйеде қалыптастырылды. Сот жүйесі мен кәсіпкерлік саласында, қолжетімді баспана алуда келелі өзгерістер бар. Оның тиімділігі мен ерекшелігін нақты түсіндірмелік жұмыстар арқылы насихаттау жергілікті жерде жүргізілуде. Конституция Күні қарсаңында облыстық Әділет департаментінің қызметкерлері мен сот жүйесінің, табиғат қорғау прокурорлары және мемлекеттік банк өкілдерінен құрылған құқықтық-ақпараттық тобы зауыттықтармен кездесті. Кездесуді ашқан Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары Азамат Акишев Елбасы бастамасына қолдау білдіре отырып, заңнамалардағы жаңа өзгерістердің зауыттықтарға түсіндірілуінің маңызын екешеп өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған Атырау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қалдыбек Сапаров: -...100 нақты қадам» – бұл елді заманауи сын-қатерлерге бейімдеп дамыту және Ұлттың өркениетті мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Ресми құжаттың «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімдерінде мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған, бағыт –бағдары көрсетілген. Мұның бәрі де халықтың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету. Реформаның маңызы тәуелсіз сот төрелігі мен елдің бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталған,-деп нақтылады.
Ұлт жоспарының 27-қадамында - жекеменшік сот орындаушылар институтын түпкілікті қалыптастырып, әрі дамыту. Жеке сот орындаушыларының мәртебесін арттыру көзделген. Себебі, сот реформасында жеке сот орындаушыларға басымдық беру тиімділігін көрсетіп келеді. Облыстық жеке сот орындаушылары палатасының өкілі Саламат Бекмұханов аймақта бүгінде 70 жеке сот орындаушысы жұмыс жүргізіп жатқанын хабардар етті. Барлық сот орындаушылық істің 90 пайызын жеке сот орындаушылары атқарып отыр. Демек, халыққа жекеменшік сот орындаушылар институты тиімділігін көрсеткенін сенімді айта аламыз. Тұрғындар оларға сенетін болған, жеке сот орындаушылары өз кезегінде сенімді ақтап жүр. Бұл Ұлт жоспарының халық мүддесі үшін екенінің бір дәлелі.
Тағы бір мәселе, экономиканы алға тартатын шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы. Бұл тұрғыда жыл басында қабылданған ҚР Кәсіпкерлік Кодексі әр тараптағы заңнамаларды бір арнаға тоғыстырып, алты заңның атап айтқанда: «Шаруа немесе фермер қожалығы», «Инвестициялар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Бәсекелестік туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемелкеттік бақылау қадағалау туралы», «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңдардың күштерін жойды. Бүгінде кәсіпкерлер осы Кодекске сүйеніп, қызметін оңтайлы жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субьектісі мен жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркеу және жабуға мемлекеттік алым салынбайды. Яғни, бір рет тегін ашып, жаба аласыз. Бұл кәсібін енді бастаған азаматтар үшін үлкен көмек. Сонымен қатар кәсіпкерлікті рәсімдеу құжаттары да барынша қысқартылған және тіркеу мерзімі бір тәуліктің ішінде жүзеге асырылады. Бұл қоғам үшін кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға қолайлы жағдай жасады. Бұрынғыдай түрлі текесрулер шектелді. Кәсіпкерлердің жұмысын кедергісіз атқаруы бүгінде қадағалаушы заң органдарының жіті назарында. Зауыттықтарға жаңа өзгерістер туралы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Жұмажан Үмбетжанов нақтылап түсіндірме берді.
Атырау қалалық Әділет басқармасының басшысы Айбек Қадыралиев мүлікті жария ету науқанының ерекшеліктерін атап өтті. Жаңа талап бойынша жылжымайтын мүлікті сатып алғанда 6 ай ішінде тіркеу міндеттелген. Бұл мүлік иесінің толыққанды қожайын болуына кепіл. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікті алмастыру немесе сату, сатып алу процестері нотариалды түрде рәсімделгенде бірден электронды базаға автоматты түрде тіркелетін болған. Бұрын базаға тіркеу үшін мүлік иесі түрлі мекемелерде уақытын сарп етіп кезекке тұрып, кейде кешіктіріп алып жүретін. Енді жүйе оңтайланды. Бұрын тіркеуде болмаған мүліктерін заңдастыру да науқан кезінде бір орталықтан жүзеге асатын болған.
Облыстық Табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Азат Қалиев азаматтырдың денсаулығын қорғау мақсатында қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығаратын кәсіпорындар турасында нақты фактілер келтірді. Атырау өнеркәсіптік ошақта орналасқан қала болғандықтан ауаның ластану тәуекелі бар мекен. Соңғы 2 жылда ауаға күкірт сутегінің жайылуы белең алған. Табиғат прокуроры қоршаған ортаға әсерін бақыламайтын және зиянды қалдықтар шығаратын өндірістік ошақтарға кешенді прокурорлық тексеру жүргізілетінін мәлім етті.
Жұртшылықты бүгінде сонымен қатар қолжетімді баспана жайы да қызықтырады. «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ» банкі Атырау филиалының өкілі Сандуғаш Әбдірахманова зауыттықтарға банк арқылы пәтер алу жеңілдіктерін түсіндірді. Соңғы жаңашылдық «Өз үйім» бағдарламасына сәйкес, иелігінде баспанасы бар азаматтар да банкке жинақ салса пәтер алу мүмкіндігі бар. Бұрын мұндай жеңілдік болған емес. 2015 жылы пәтер алуға банк арқылы 3713 адам кезекке тұрған. Былтыр Атырау қаласы бойынша жас отбасыларға 234 пәтер кілті табыс етілді. Ал, биылғы жылы «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ» банкі арқылы 234 пәтер берілмек. Мұндай жаңалық зауыттағы отбасын енді құрған жастардың қызығушылығын танытты.
Кездесу барысында сот-медициналық сараптама, зияткерлік құқық және сот-сараптамалық институтының қызметі таныстырылды. Бұл да азматтардың қажеттілігі үшін маңызды ақпараттар еді. Зауыттықтар өз кезегінде заңгерлерге толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
Құқықтық –танымдық кездесуді қорытындылаған зауыт бас директорының орынбасары Азамат Акишев ақпараттық топ өкілдеріне келелі түсіндірмелік жұмыстары үшін басшылықтың және ұжымның атынан ризашылығын білдіре отырып, зауыттықтардың осындай кездесулерді барынша жиі өткізіп тұруға мүдделі екенін атап өтті.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу