Өтесіннің өнегелі өмір жолы

03.08.2016
710 просмотров
Есімін атасы Қыдырғали қарт ырымдап Өтесін қойыпты. Соғыстан аман-есен келген ұлы Бисембіден 1954 жылы туған баласын Аманкелді атаған екен. Сәби көп тұрмай шетінеген. Көпті көрген көнекөз қария екі жылдан соң дүние есігін ашқан немересіне осылай атын қояды. Ағасының көре алмағанын, жарық дүниеде бере алмағанын өтеп жүрсін дегені. Атасы Өтесін немересі туғанда дүбірлетіп той жасамаса да, ауыл-елдегі үлкен-кішіні дастархан басына жинап ақсақалдардан батасын алған екен. Баталы бала алғыр болып өсті, ержетіп еңбекке араласты. Отбасын құрды, бала сүйді. Еңбекте озат болып, абыройы асқақтады. Атасы мен майдангер әкесінің үмітін ақтады. Бастысы- айналасына шапағаты тиер азамат атанды.
Өтесін Бисембіұлы Уандықов туғаннан бері міне, аттай 60 жыл өтіпті. Кеше атасы Қыдырғали қарттың сары баласы бүгінде аға жасты бағындырып, асқаралы алпыстың асқарына шықты. Қариядан өнеге алып өскен оның парасатты да елге сыйлы азамат болуы заңдылық еді. Әкесі, соғыс ардагері Бисембі Қыдырғалиұлы бар ғұмырын осы Атырау қаласындағы өндірістерге арнаған жан. Майданнан келісімен халық шаруашылығын көтеруге ден қойған. Балаларын да еңбекқорлыққа баулыды. Ұрпағына еңбек пен оқу ғана жетістікке жеткізетінін ұқтырған адам болды. Айтқандай, мұнай өңдеу зауытында көп уақыт болмаса да еңбек етті. Өтесін Уандықов 1974 жылы кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіріп, сол кездегі Гурьев химия зауытына жұмысқа алынады. Газды ажырату цехы зауыттың ең қауіпті учаскесі екен. Сол өндірісте18-ге енді толып мұрты тебіндеген жас батылдықпен қызмет етеді. Талапты да еңбекқор жасты басшылық санатын көтеремлеп, жоғары оқу орнына жолдама бергелі жатқанда 1976 жылы әскер қатарына шақырылады. Кеңес Одағының қиыр солтүстігіне әскери – теңіз флотына аттанады. Мурманскте әйгілі «Севастополь» әскери крейсерінің жеке құрамы сапында борышын өтеді. Солтүстік мұзды мұхитына бірнеше рет іссапарға шығып, әскери тапсырмаларды орындады. Табанды теңізші әскер қатарында жүріп КОКП (КПСС) қатарына өтеді. Армияда жүріп Коммунистік партия қатарына өту сирек кездесетін құбылыс. Таңдаулылар ғана сынақтан өтетін. Теңізші Өтесін осыған лайық саналды. Әскерден қайтарда Солтүстік және Балтық теңізіндегі шетелдерге шығатын балық сауда флоты аттай қалап қызметке шақырған екен. Дегенмен, туған жерге бүйрегі бұрып тұратын Өтесін елге оралған. Келісімен химия зауытындағы газ ажырату цехында жұмысын жалғастырды. Зауыт жолдамасымен Шымкенттегі химия-технология институтының күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1986 жылы мұнай және газ өңдеудің инженер химик-технологы мамандығын алып шығады. Оқуды бітірген маманның қызметтегі мансабы да осы жылдардан бастау алады. Химия зауытында өндірістің ауысым бастығы, бөлімше бастығы, өндірістік цех бастығының орынбасары міндеттерін абыроймен атқарды. Еңбектен қол үзбей жүріп цехтың бастауыш партия ұйымы хатшылығын қоса алып жүрді. Ө.Уандықов білікті басшылығы қырымен қатар партиялық жұмыстың сырын да меңгеріп алды. Чернобыльдағы атом электрстансасы апаты болған кезеңде зардабын жоюға бүкіл Одақ аумағынан тәжірибелі мамандар тартылғанда, 1988 жылы алғашқылардың легінде аттанды. Орта-Азия әскери округінің құрамындағы химиялық полкі сапында офицерлік шенде қызмет етті. Апат болған жерден 30 шақырым радиустағы жерлерді (Беларусь Республиксы, Могилев облысы, Хойники қаласында орналасқан әскери бөлім) қауіпті химиялық қалдықтардан залалсыздандыруға қатысты. Көзге көрінбейтін жаумен күреске қатысқандардың кейін денсаулығына зардабын шеккендер қаншама?! Өтесін Бисембіұлының өмір жолындағы осындай ерлікке пара-пар әскери борышын бүгінде бірі білсе, бірі білмес. Кеңес Одағы тарағаннан кейін кезінде дүрілдеп тұрған Гурьев химия зауытының да жұмысы шатқаяқтай бастаған. Бұрынғы бір бірімен тығыз байланысып жатқан өнімдерді өткізу жүйесі ыдырады. Әр республика өз алдына тәуелсіздігін алып, шикізаттың келетін көзі тоқтады. Өндірістің енді қайтара оңалуынан үміт үзілген шақта Өтесін Уандықов Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа шақырылады. Бұл 1993 жыл еді. 37 жастағы қылшылдаған жігіт шағы, өмірді көрген, біліміне білігі сай, тәжірибелі маманға мұнай өңдеу зауытындағы №1 цех бастығының орынбасары қызметі ұсынылады. Цех бастығы Манарбек Бекбергенов. Бұрын осы кісінің қарауында химия зауытында жемісті қызмет еткен. Тіл табысып қызметіне кірісіп кетті. Әрине, 20 жылдай химия зауытында еңбек еткен оған мұнай өңдеу өнідірісі оңай болған жоқ. Салалас болғанымен айырмашылығы жер мен көктей. Мамандығы сәйкес келетіндіктен, білмейтінін осы қондырғылардың басында жүріп үйренді, кезінде институтты бітіру дипломын мұнай өңдеу бойынша қорғағаны, студент кезінде талай конференцияларға қатысарда мұнай өңдеу технологиясы жөнінде еңбектер жазғаны еске түсті. Алдымен цехтағы жұмысшылардың қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауына ден қойып, атқаратын қызметіне қарай біліктіліктерін ұдайы тексеріп тұруды күнделікті міндетіне алды. Жұмысқа құлшына кіріскен жасты бәрі бірдей қолдай кеткен жоқ, әрине. Басқа саладан келгендіктен мойындамайтындар да табылды. Өтесін Бисембіұлы оған мойыған жоқ, өзінің мұнай өңдеу саласынан білетіндігін аз уақыт ішінде дәлелдеп, бәрін ортақ іске жұмылдыра білді. Ол кезде Ғалымжан Амантурлин техникалық бөлім бастығы болатын. Жұмысын шыр айналыдырып отырған маманды жауапты учаскелерге салып сынады. ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысына қайта жаңғырту жүргізілгенде технологиялық процестерді автоматтандыру, басқа да секцияларының жұмысын жетілдіру барысына жауапты етіп қойды. Ө.Уандықов өз білігімен сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып, биіктен көріне білді. Кейіннен техникалық бөлім бастығының орынбасары қызметіне көтерілді. Бұл қызметте жүріп, каталитикалық риформинг катализаторын ауыстыруға, катализаторды шекарадан асырып бағалы металдарын алу үшін үкіметтік шешімді рәсімдеуге атсалысты. ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысында Теңіз мұнайын өңдеудің мүмкіндігіне баға берілетіні мен ТС-1 реактивті отынын өндірістік жолға қою осы тұс еді. Мұнай өңдеуде тәжірибе жинап қалған оны басшылық зауыттағы күрделі учаскелердің бірі - №3 цехқа басшының орынбасары қызметіне ауыстырады. Цехта техникалық кеңестің шешімімен мұнайды өңдеу технологиясы мен шығарылатын мұнай өнімдерін ұтымдастыру бойынша жұмыс басталған еді. Осы шаруаның басы-қасында жүріп қажырлылығын көрсетті. Барлық ұтымдастыру жұмыстары ұжыммен бірге атқарылып, сәтті аяқталды. Өтесін Бисембіұлының кейінгі қызметі зауытта қоршаған ортаны қорғау жұмысымен тығыз байланысты. Бүгінде басқармадағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бөлім бастығының орынбасары. Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін осы саланың барлық бүге-шігесін айқын сезетін, кәсіби білігі жоғары маман білсе керекті. Сондықтан басшылық зауыттың экологы қызметін сеніммен тапсырғандықтан, 16 жылдан бері жауапкершілікпен атқарып келеді. Бүгінде жаһандық үдерістердегі технологиялық даму сатысындағы заманда мұнай өңдеу зауытының қоршаған ортаға әсері айтарлықтай төмендетілді. Оған зауыт башылығының қолға алған келелі жобалары оң ықпалын бергенін атап өткеніміз жөн. Өтесін Уандықов Атырау мұнай және газ институтының ғалымдарымен бірге жасақтаған алаулық оттықтың жетілдірілген құрылғысы өнертапқыштық еңбегіне авторлық куәлігін иеленген. «Чернобыль АЭС апатының зардабын жоюға қатысушы» медалімен, «Қазақстан мұнайына-100 жыл» және «Атырау МӨЗ-70 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған. Ө.Уандықовтың отбасы да мұнай өңдеу зауытымен біте қайнасып жатыр. Жары Қалжан зауытта қызмет етеді. Үлкен қызы- Асел әке жолымен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бітіріп, инженер-эколог мамандығы бойынша зауыттың Орталық зертханасының қызметкері. Кіші қызы Заузагүл де зауытта еңбек жолын бастады. Күйеу баласы Е.Угибаев тауарлы мұнай өнімдері өндірісінің операторы қызметінде. Інісі Арал Уандықов сумен жабдықтау және құбыр өндірісінің машинисі қызметінде. Кезінде бірге қызмет еткен, бүгінде де қатарлас дос-жарандары Қанат Қабденов, Дүйсен Балмағамбетовтердің отбасымен араласып, қуаныштарын бөлісіп келеді. Өтесін Бисембіұлы көкөніс, бау-бақша, жеміс ағаштарын өсіруді соңғы жылдары серігіне айналдырған. Көктем шыға ауласына қияр-қызанақ егіп, жеміс ағаштарын (алма, өрік, қара өрік, алмұрт, жүзім) баптайды. Бұл кәсіп адамды сергітеді, шаршағанды басады дейді, майталман. Әзірге бағбандыққа әуесқойлықпен қарайды. Зейнеткерлікке шыққан соң, бау-бақша шаруашылығына ден қоймақ ниетте. Еңбектің зейнетін көретін ауыл да алыс емес қой. Мерейтойыңыз құтты болсын! Нұрлыбек Ғизатов Құсайын Орынбасаров, Мұнай өңдеу өндірісі бастығының орынбасары: Өтесін Уандықов Атырау мұнай өңдеу зауытына келген 1993 жылы мен №1 цехтағы АТ қондырғысында аға оператор болтанымын. Ол цех бастығының орынбасары. Менен 2-3 жас үлкендігі болса да қатары санады. Кез келген жұмысты бастамас бұрын ақылдасып алатын. Мен оның себебін, басқа саладан келгендіктен деп ойлайтынмын. Химия зауытынан келген еді, бізге. Бәрі де басында оған басқаша көзқараста болды. Кейін түсіндік қой. Оның білгірлігі сол, жұмыс басындағы мамандармен санасатындығы екен. Алдымен жұмыс барысын жоспарлап алады, сосын кеңеседі. Әбден піскен соң шешім қабылдайды. Мұндай ерекшелік барлық адамда бола бермейтін қасиет. Мен Өтесіннің бойынан осыны байқадым. Кейін мен 2003-2013 жылдары №8 цех бастығы болдым. Сол кезеңде техникалық бөлімнен біздің тікелей кураторымыз болды. Әрбір мәселені, ол үлкен болсын, шағын болсын бәріне маңыз беріп қарайтын. Сондықтан да оның қолға алған жұмысы нақты бітетін. Біздердің күн сайын жағдайымызды сұрап отырады, келіп тексеріп те алады. Оның талапшылдығы бізді тәртіпке, жауапкершілікті сезінуге үйретті. Цехтағы нысандардың ахуалын күн сайын арнайы келіп көзімен көріп кетеді. Жұмысшылармен сөйлеседі. Өз ісіне адал жан. Адамгершілігі мен қарапайымдылығы да оның парасатын толықтырып тұратын. Бізді сыйлайтын, біз сыйлайтын азамат деп батыл айта аламын! Өтесін Бисембіұлының 60 жас мерейтойында денсаулық, отбасының амандығын, алдағы еңбегінде табыстар тілеймін! Қаржаубай Сұлтанғалиұлы еңбек ардагері: Құс қанатты ұшқыр уақытқа тоқтау болған ба?! Өтесін есімді жалын жүректі жігітпен танысып-біліскенім күні кеше сияқты еді. Енді санап, саралап қарасам, содан бері «қайран жиырма беске» жуықтайтын кезең артта қалыпты. Ол алғашқыда-ақ көзқарасы байыпты, сөзі орнықты, жүзі жылы, мінезі ұяң жандардың бірі ретінде тым-тәуір әсер берген-ді. Ішкі сезімім алдамапты. Ол кейінде де сол күйінен айнымай, бойында адами қасиеттердің мол қазынасы бар азамат екенін істе де, достық және іскерлік қарым-қатынаста да дәлелдей алды. Тіпті тереңірек таныса келгенде, Уандық қарттан Қыдырғали, Әбіл, Мұқан, Мақсот өрбісе, солардың ішінен Әбіл мен Мұқанның біраз ұрпағы маған сонау Кең Жылойдан таныс болып шығып, Өтесін екеуміздің өзара сыйластығымызды біршама тереңдете түскені әрдайым ойға оралып, көңілге шуақ құйғандай болады. Олардың бірі-мұнайлы Ембінің Ленин орденді атақты бұрғышысы Елеусінов Әбілдің ұлы, екі бірдей жоғары оқу орнын бітіріп, қазыналы Қаратонда ұстаз, поселкелік Кеңестің хатшысы, аудандық партия комитеті партия кабинетінің меңгерушісі, Теңіз кен орнында геолог, инженер қызметтерін абыройлы атқарған Көңілқош Әбілұлы да, екіншісі-белгілі геолог-мұнайшы, геология-минерология ғылымдарының докторы, Каспий қайраңының кілтін тауып, «қара дарияның» құлпын ашқан, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қуандықов Балтабек Мұқанұлы еді. Ал Қыдырғалидан Бисембі мен Дүйсембі тараса, біздің Өтесініміз Бисембі шаңырағының бүгінгі тірегі мен ұйытқысы. Әлбетте, Өтесіннің өмір жолына тереңірек үңілсек, оның оңай жол болмағанын көру қиын емес. Ол-сықырлаған сынақтан, арпалысқан апаттан, із кескен ізденістен тұратын, әсірлеп айтсақ, нағыз отты жол. Ол еңбек өмірінің үш жылын қазақ баласының табаны сирек тиетін қиыр солтүстікте, Мурманскінің әскери крейсерінде жауынгерлік борышын өтеуге, үш айын Чернобыль тажалының зардаптарын жоюға, еңбек өтілінің жиырма жылын қазақ химия өнеркәсібінің тұңғышы—Гурьев химия зауытын өркендетуге арнаса, жиырма үш жылын қазақ мұнай өңдеу өнеркәсібінің ілкі перзенті-Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңартуға, жаңғыртуға, заманауи биікке көтеруге бағыштап, одан әрі жалғастырып жатыр. Бұл-оның ерлік жолы, текті әлеуеттің туын жықпауға бекем бел буған қайсарлығының көрінісі. Құдайға шүкір, қай салада да абыройлы. Марапаттары мол, алғыстары да жетерлік. Басты байлығы-сүттей ұйыған отбасы, сүйікті жары, жапырағы жайылған ұлағатты ұрпағы. Мен бүгін Алпыс асқарына аяқ басқан ізетті ініге, адал досқа, мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі іргелі әулеттің көшбасшысы Өтесінге тек қана жақсылық тілегім келеді. Бүгін той болғандықтан әзіл-қалжың айту да артық бола қоймас. Ақын Шал Құлекеұлы бір толғауында: Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін, Жетпіс жаста иленген терідеймін,- деген екен. Иленген теріге жеткенше әлі табаны күректей он жыл бар. Сондықтан жақсылық мағынасында тай жеген бөрі күйіңде жүре бер, жасай бер!

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу