Палуандар Азия чемпионатында топ жарды

26.07.2016
1395 просмотров
Шілде айында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы грек –рим күресінен Азия біріншілігінде атыраулық Қаһарман Қисыметов пен Әділет Сисембаевтар чемпион атанып алтыннан алқа тақты. Екі чемпион Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы шақырылып, сый-сияпат көрсетілді.
    Қаһарман Қисыметов Филлипинде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында құрлық жеңімпазы атанып, алтын жүлдені қанжығалады. Ол енді күзде Францияда өтетін Әлем біріншілігіне дайындық үстінде. Ал, Әділет Сисембаев жуырда Тайпей елінде жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде қарсыластарының бәрін жығып, жеңімпаз тұғырын бағындырды. Ол қыркүйек айында Грузияда өтетін Әлем чемпионатына дайындалуда.    
      Атырау облысы еркін, грек-рим және әйелдер күресі Федерациясының қарқынды белсенділік танытып, нәтижелерін көрсету 2014 жылдан бастау алғанын атап өткеніміз жөн. Осы жылдар ішінде атыраулық палуандар халықаралық аренаға шықты. Атап айтқанда, 2015-2016 жылдары жастар мен жасөспірімдер Азия және әлемдік чемпионаттарда топ жарды. Бұған дейін Қазақстан біріншілігінен ары аса алмаған палуандарымыз әлемдік сайыстың боз кілемінде бағын сынап, шеберліктерін айқын көрсете білді. Кадеттердің Азия және әлем біріншіліктеріндегі жеңісі жастар мен ерексектерге де тың серпіліс әкелді. Палуандар дайындықтарын шыңдап, чемпионаттарға тыңғылықты әзірленетін болды. Бұл тұрғыда болашақ олимпиадашыларды грек-рим күресінен жаттықтырып жүрген аға жаттықтырушы Валентин ТЕН, аға жаттықтырушы Александр Поливадов, аға жаттықтырушы Еркебұлан Уайсовтардың ерен еңбегі зор.
        Екі чемпионды Атырау мұнай өңдеу зауытында Бас директор-Атырау облыстық еркін, грек-рим және әйелдер күресі Федерациясының президенті Қайрат Оразбаевтың атынан Кәсіподақ комитетінің төрағасы, аталған Федерацияның  вице-президенті Кенжебек Шахметов қабылдап, жылы лебізін білдірді:
-    Соңғы екі жылда палуандарымыз үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Оған Федерацияға төрағалық ететін зауыт бас директоры Қайрат Құлымұлының еңбегі зор деп санаймыз. Жастар болсын, жасөпірімдер болсын, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды ұйым қамқорлыққа алды. Спорттан қол үзбей жоғары немесе орта кәсіби білім алып жатқандарға арнайы стипендия тағайындалды. Барлық топтағы палуандардың спорттық жиындарға қатысуына жағдай жасалуда. Жаттығу алаңдары соңғы үлгіде жасақталды. Егер осындай топ жаратын чемпиондарымыз шығып жатса, қолдауымыздың нәтижесі деп білеміз және палуандарға барлық ынталандыруды көрсетіп тұратын боламыз. Біз қабылдап отырған екі Азия жеңімпаздарының Әлем чемпионатында топ жаратынына сенімдіміз.
     Кенжебек Шахметов облыстық  еркін, грек-рим және әйелдер күресі Федерациясының президенті атынан Азия чемпиондары Қаһарман Қисыметов пен Әділет Сисембаевқа ақшалай сыйлық пен Әлем біріншілігіне қатысуға арнайы тігілген спорттық киімдер жиынтығын табыс етті.
     Жалпы алғанда грек-рим күресінен Атырауда ересектер, жастар және жасөспірімдер (кадеттер)  санаттары жаттықтырылып, түрлі сайыстарға қатысып жүр. Осылардың ішінен іріктелген палуандар үстіміздегі жылдың қазан айында Қазақстан Кубогі үшін, 2017 жылдың қаңтар айында Ел чемпионатында бақтарын сынайтын болады.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу