Хан ордалы Сарайшыққа саяхат

15.06.2016
735 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагерлері Хан ордалы Сарайшыққа саяхат жасады.

Оны кәсіпорынның Зейнеткерлер қоғамы ұйымдастырып, зауыт басшылығы қолдау көрсеткен. Атап өткен жөн, киелі де шежірелі жерге саяхаттауға ардагерлердің біразы ниет етіпті. Осы сәрсенбінің сәтінде зейнеткерлердің Сарайшыққа жолы түсті.   

Сарайшыққа облыс қонақтарынан басқа да осы тарихи орынды көру үшін шет мемле¬кет¬терден арнайы келетіндер де аз емес. Сондықтан да Алтын Орда астанасымен таныс болуға қызығатындарды біз қуанышпен қарсы аламыз. Атырау облысының орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі астананың тарихи орны мемлекет қамқорлығына алынған,-деді «Хан ордалы Сарайшық» мұражай кешенінің директоры Молдаш Бердімұратов.

Қасым хан хандық құр¬ған кезеңде саяси-эконо¬ми¬калық тұрғыда айрықша дамы¬ған, ғылыми орталық болған Сарайшықта бүгінде «Хан ордалы Сарайшық» мұра¬жай қорығы жұмыс істеп, өт¬кен¬нің ұлағатын ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөл атқарып тұр. 1999 жылы қыркүйекте ашылған кешен үш құрамнан тұрады. Оның алғашқысы - хандар пантеоны. Бұл пантеон сегіз қабыр¬ғадан құралған. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпы¬тастар қойылған. Құлпытастарда Мөңке-Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір - Оқас, Қасым хан, Ших Мамай, Жүсіп хандардың есімдері ойып жазылып, есімдері жаңғыртылған. Осы Жеті хан монументінің ортасына «Әулие ағаш» орнатылған. Оған келушілер ниет етіп, тілек тілейді. Біздің зейнеткерлер де зиярат етіп, жоралғы жасады. 

Ал, мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, ХІV ғасыр¬дағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған. Зауыт ардагерлеріне тарихи қала орнында табылған әрбір тарихи жәдігер таныстырылды. Сарайшықтың тарихи қабатында жатып, бүгінгі күнге жетіп, көз алды¬мызға өткен мыңжылдықты елестеткен жәдігерлер шынында да таңға¬ларлық. Нумизматикалық түрлі теңге¬лер¬мен қатар Сарайшық тұрғындары¬ның күнделікті өмірлерінде пайдалан¬ған қыштан жасалған бұйымдар (құ¬ман, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе) түрлі араб әріпімен жазылған бедерлі бұйымдар, Қытай фарфорынан жасалған табақ, әйелдердің әшекей заттары, бала бесікте жатқанда пайдаланылатын шүмек, асықтар және басқа да толып жат¬қан экспонаттар қала мәдениетінің қандай деңгейге өскенін, оның сол кездегі өркениеттік мәртебеге лайық озық шаһар болғанын айғақтайды. Барлығын анық түсіндірген таныстырушының еліктіргені сонша, зейнеткерлеріміз алаңдамастан құлақ қоя тыңдайды. Мұнда әрбір жәдігердің тарихи мәнінен басқа табылған кездегі маңызы да ерекше. 

Мұражай кешенінің үшінші бөлігі - қазба орны. Жайық өзенінің иінінде орналасқан көне Сарайшықтың орнында өткен ғасырдың 50 жылдары алғаш рет тарихшы-академик Әлкей Мар¬ғұлан қазба жұмыстарын жүргізген. 2000 жылдары Қазақ археология институ¬ты¬ның Батыс филиалының экспедициясы жалпы көлемі 600х600 метр алаңқайды алып жатқан қазба жұмыстарын бастаған екен. Бүгінде ескі қала орнында қазба жұмыстары жүргізілмейді. Қазылған қала орнының үштен бірін Жайық жағалауы шайып кеткен. Зейнеткерлер ескі Сарайшық қорымының қазбасы орнымен танысты.   

Одан соң зейнеткерлердің мәдени-саяхаттық сапары «Қазынатал» табиғи қорығында жалғасты. Мұнда олар табиғат аясында саялап, демалыстарын мәнді өткізді. Осылайша зауыт ардагерлерінің Сарайшыққа сапары үлкен де мағыналы әсерге бөленді. 

Надежда Галиева, зейнеткер: Атырау мұнай өңдеу зауытында бірнеше жыл оператор болып қызмет атқардым. Бүгінде жасым 70-те. Хан ордалы Сарайшыққа сапарымыз өте мәнді өтті деп айта аламын. Менің анам- Евдокия Семберкина осы Сарайшықтың тумасы. 1914 жылы қалашықтың ескі орнында туған екен. Ұлы Отан соғысы басталар алдында тұрмысқа шыққан соң, Гурьевке (Атырау) қоныс аударыпты. Анам көзі тірісінде айтушы еді, ол кезде жас болатынбыз, Сарайшықтың үлкен тарихи өткені бар екенін. Міне, жол түсіп анам туған жерге аяқ басып тұрмын. Тұңғыш келуім. Өте ыстық көрінді, үлкен толқулы сезімдемін. Мұражай кешені мені таң қалдырды. Көптеген жәдігерлер бар екен. Әрқайсысының өз тарихы бар. Көне Сарайшық қаласының тарихи маңызы неге тұрады? Маған үлкен әсер қалдырды. Ескі Сарайшық қаласының орнын көрдік. Қазба орнын өзен суы шайып жатыр. Өкінішті-ақ. Оған билік орындары назар салады деген ойдамын. Табиғаты қандай десеңші?! Өте керемет. Әсерлі саяхат болды, бәріміз үшін.

Тілек Ділмағамбетова, зейнеткер: Зауытта 1971-2011 жылдар аралығында 40 жыл үзбестен ЭЛОУ-АВТ қондырғысында оператор болып қызмет атқардым. Бүгінде өмірімнің осы зауытпен байланысқанына өкінбеймін. Еңбегімнің жемісін көріп отырмыз. Атыраудан бар жоғы 40-50 шақырым жерде осындай әлемге әйгілі тарихи жер бар екеніне көз жеткіздім. Мен де осы келгендердің көпшілігі сияқты Сарайшыққа тұңғыш рет келуім. Алған әсерім өте күшті. Немерелерімді ерте келдім, туған жерінің тарихын, өткенін білсін деп. Біз қартайдық, болашақ осы бүлдіршіндердікі. Сондықтан саяхатқа арнайы ертіп шықтым. Көне Сарайшық туралы тарихи деректерге қанықтық. Табиғаты қандай керемет! Оның аясында дамылдап, Атырауда осындай киелі де шежірелі бар екеніне, қуанамыз да мақтанамыз! Біздің демалысымызды ұйымдастырған Зейнеткерлер қоғамына, қолдау көрсеткен зауыт басшылығына алғысымыз шексіз. Осыдан 25 жыл бұрын сол кездегі зауыт директоры В.Гафнер мен беделді зейнеткер А.Бычков Ардагерлер клубын құрып, осындай алысты болжайтын жоспар жасаған екен ғой. Сол ұйымның бүгінде зейнеткерлер әлі де игілігін көріп келеді. Бүгінгі зауыт басшылығы да сол қолдауды жалғастырып келеді. Бәріне ризамыз.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу