Зауыттықтардың балаларға базарлығы

01.06.2016
676 просмотров

Қазақстан, мен сенің ұрпағыңмын!

Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Сулейман Фомин шығармашылық кешін өткізді. Интернаттың акт залы лық толған. Бірнеше дүркін облыстық, республикалық және халықаралық фистивальдердің жүлдегері Сулейманның бұл шығармашылық жолындағы алғашқы концерті. Ол Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, «Қазақстан, мен сенің ұрпағыңмын!»-деп аталыпты. Жас әнші кішкентайынан өнерге жақын екенін көрсетіпті. Сондықтан балалар үйіндегі өнерге баулушы жетекшілері Сулейманның ән шырқау шеберлігін шыңдаған. Сулейман өз шығармашылық кешінде алғашқы орындаған «Ана» әні тәрбиешілеріне арналған екен. Ән жан тебірентеді. Осындағы барша баланы бөле-жармай анасындай қамқорлайтын тәрбиешілерге олардың ризалығы шексіз. Балалар үйі туған үйі, тәрбиешілер-туған анасындай болып кеткен. Жасөспірімнің тырнақалды шығармашылық кешінде бірнеше ән шырқалды, бишілер мың бұрала биледі. Балалар бар өнерін салып, көреременіне ықыласқа бөледі. Балалар үйінің директоры Сәния Мусиева, Сулейман Фоминнің балалар үйінің мақтанышы, өнерге қанат қаққан бүлдіршіндірге үлгі екенін атап өтті: «- Біз Сулейманмен мақтанамыз. Ол жеті қырлы бір сырлы азамат болып өсіп келеді. Өз болашағын осы өнерден табарына сенімдіміз. Ол сонымен қатар спортқа да бейім екенін көсретті. Енді 9 сыныпты бітірген Сулейман балалар үйінен қанат қағып үлкен өмірге аяқ басқалы отыр. Атырау политехникалық колледжіне құжаттарын тапсырып қойды. Балалар үйінің ұжымы, осындағы тәрбиеленушілер ақ жол тілейді!» 

Сулейман Фоминнің шығармашылық кешіне Атырау мұнай өңдеу ұжымының атынан Кәсіподақ төрағасы Кенжебек Шахметов пен персоналды басқару жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары Гуляра Өтеғалиева қатысып, ақжарма тілектерін айтты. «-Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевтың атынан және ұжым атынан Сулейманға шығармашылық табыстар тілейміз. Оның алдында үлкен белес тұр. Жол жолда тек сәттілік тілейміз! Жалпы зауыт балалар үйін соңғы жылдары қамқорлыққа алып келеді. Мұқтаждықтарына назар салып, қажеттерін алып беруге жәрдемдесіп келеді. Болашақта да балалар үйі зауыттықтардың назарында болады.»-деді Кенжебек Рахметов. Гуляра Өтеғалиева Ұжы Жеңіс күніне арналған зауыттықтардың кешінде Сулейманның ән шырқап, жұмысшылардың ықыласына бөленгенін мақтанышпен жеткізді. Алда, Сулейман зауытта өтетін мәдени шаралардың құрметті қонағы болмақ. Қонақтар жас әншіге планшет сыйға тартты.

Бұл күні шығармашылық кешін өткізген Сулейман Фоминді құттықтаушылар көп болды. Жас әншінің көрермендеріне деген ризашылығы шексіз. Айтқандай, Сулейман политехникалық колледжде мұнай өңдеу операторына оқып, болашақта Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет істемек ойы бар. Ол бұл туралы шығармашылық кешінде жария етті. 

Біз-бақытты баламыз!

Балалар мерекесінде зауыттықтар Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтауды ұмытқан жоқ. Зауыт ұжымы атынан кәсіпорын бас директорының орынбасары Азамат Акишев пен Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Шахметов балалар үйіндегі «Біз-бақытты баламыз!» атты кешке қатысты. Балалар кеште ән салды, би биледі, келген қонақтарға өнерлерін көрсетті. Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары Азамат Акишев балалардың қуанышымен бөлісуге келгендерін тілге тиек етіп: «...Сіздер бақытты болуға лайық жансыңдар! Жарқын болашақтарың бар. Сондықтан да аға буын сіздерді қамқорлайды. Қолдан келген бар көмегімізді жасаймыз. Сабақтарыңды жақсы оқып, үлкен азамат болуға талыпыныңдар. Араларыңда өнерлі балғындар аз емес. Біз бәріңіе сәттілік тілейміз!» Зауыт ұжымы атынан келген қонақтар балалар үйіне стол теннисінің жиынтығын тарту етті. Бұл күні балғындарды қаладағы басқа да мекеме, ұйым өкілдері келіп құттықтап, тәттілер мен ойыншықтар сыйлады. Қамкөңіл балалар қамқорлықтан кенде емес. Сонда да балалар жылда 1 маусымда қонақтарды асыға күтеді. Қамқор жандар жүрек жылуына зәру балғындардың көңілін аулап қана қоймай, спортқа жақын болып, өнерге қанат қағуы үшін ақыл-кеңестерімен де бөлісті. Ал, сыйлыққа қарқ болған болашақ шәкірттер оқуда үздік болуға уәде берді. Бүгінде С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде 45 тәрбиеленуші бар. Олардың ішінде 11-і биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге түлеп ұшпақ. Осы жаз айларында балалар Ресейдегі Железноводскте, Оңтүстіктегі «Машат-Арасанда», Көкшетаудағы «Балдәурен» демалыс орталығында, өзіміздің «Тұлпар» лагерінде демалады. Балалар үйінің 2 үздік оқушысы Италия еліне саяхаттауға жолдама алды.   

Аманжанға арман болған арба

Тәңірбергендер әулетінде осыдан 6 жыл бұрын дүниеге келген Аманжанды ата-анасының көрсетпеген дәрігері жоқ. Туа бітті сал ауруына шалдыққан сәбиге өздігінен аяғынан тұру мұң. Анасы Дәметкен Құспанованың айтуынша, бала туғаннан бері Алматы, Астанаға бірнеше рет апарып ем алған. Түрлі дәрігер –ғалымдардың алдын көріпті. Көрші Ресейге де ат сабылтып барып емделіп келген. Ендігі арман баланың аяғынан тұрып кетуі. Ол үшін жергілікті жердегі емдеу –сауықтыру орталықтарына барып жүр. Дегенмен, Аманжанның аяғынан тұрып үйренуіне арнайы тірек-буын жүйесіне бекем қылатын арба қажет болатын-ды. Ол кез-келген жерде жоқ. Сатылмайды да. «Жирафик» деп аталатын құрал баланың бойы мен жасына қарай жекелей тапсырыс бойынша жасалады. Ол қомақты қаржыны талап етеді. Отбасының оған жағдайы тартпайды. Аманжанға арман болған арбадан хабардар болған Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы оны орындауды қолға алды. Атыраудағы мүгедек балаларды қолдау қоры арқылы Ресейде Аманжанның бой-сойына қарай өлшеммен арбаны жасауға тапсырыс берді. Айналасы бірер айдың ішінде құрал дайын болған еді. Міне, 1 маусым-балалар мерекесінде зауыттықтар атынан Кәсіподақ ұйымының төрағасы Кенжебек Шахметов Аманжан мен отбасын үлкен сый жасап қуантты. 

Сал ауруы бар баланың арманы болған арнайы арбаны қабылдаған Аманжанның ата-анасының қуанышында шек жоқ. «-Бізге арман болып қала ма, деп едік осындай арбаны. Міне, Атырау мұнай өңдеу зауыты қол ұшын беріп, қуантып жатыр, аналық алғысымды білдіремін»-дейді, Аманжанның анасы Дәметкен Құспанова. Атыраудағы Мүгедек балаларды қолдау қорының өкілі Жанна Лецыктың айтуынша, бүгінге дейін сал ауруы бар балалардың тірек-буын жүйесіне қажетті 4 арба алынған екен. Оның бірін біздің зауыттықтар алып берген. Алда Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы мүгедек балалардың мұқтаждықтарын да назардан тыс қалдырмайды.   

«Шаңырақтағы» шаттық мерекесі

Балалар мерекесі 1 маусымда Атыраудағы «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар үйінде кеңінен атап өтілді. Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Аталған отбасылық үлгідегі балалар үйінде 47 балғын бар. Олар 7 отбасыға бөлініп, тәрбие алады. 4 жастан 15 жасқа дейінгі «Шаңырақты» мекендейтін балалар бұл күні асфальтқа сурет салды, өзара өнер сайысына қатысты. Балаларды құттықтаушылардың саны көп болды. Бәрі де балалардың алдағы шаттық өмірі үшін қолдарынан келгенше мерекелік көңіл күй сыйлады. Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы атынан «шаңырақтық» балаларды кәсіподақ ұйымы өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Мерекелік құттықтауында зауыт Кәсіподақ комитетінің өкілі Е.Косырева, балалар – біздің болашағымыз, біз олардың өмірін жарқын да, тамаша көңіл күй мен қарым-қатынасқа толтыруға тырысамыз. Біздің зауыт ұжымы қамкөңіл балаларға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырды деп атап өтті. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу