Алып құрылғылар зауытқа жеткізілді

23.05.2016
669 просмотров

23 мамырда Атырау мұнай өңдеу зауытына Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешеніне арнайы жасалған алып құрылғылар жеткізілді.

«R2R» каталитикалық крекинг қондырғысының Т-0101 пайдаланылған катализатор бункерінің көлемі 810 м3, диаметрі 5 900 мм, ал, биіктігі (цилиндр бөлігі) 29 500 метрді құрайды. Екінші құрылғы, Т-0103 қосалқы катализатор бункерінің көлемі мен өлшемі біріншісімен бірдей. Әрқайсысының салмақтары – 220 тонна. 

Атап өткен жөн, екі алып құрылғы «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалған. Отандық өнім болып саналады. Кәсіпорын мұндай алып құрылғыны жалпы ел бойынша алғаш рет жүзеге асырып отыр. Тапсырыс беруші «Марубени» компаниясы. Бұрын кешенге қажетті мұндай алып құрылғылар Қытайда жасалып келген. Оны тасымалдау үлкен шығын болатын. Сондықтан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенін салып жатқан мердігерлер отандық өндірісшілерге жүгінген. «АтырауНефтеМаш» ЖШС бас директоры Александр Донсковтың айтуынша, құрылғыларды құрастырып жасауға 8 ай уақыт кеткен. Алдымен ұзындығы -144 метр, ені- 60, биіктігі -31 метр болатын арнайы ғимарат салынып, оған заманауи технологиялар әкелінген. Білікті дәнекерлеуші мамандар шақыртылған. Қолданылған болат металл Ресейден алынған. Ол американдық стандарт бойынша құйылған. Құрылғының бастапқы сатысынан бастап, «Марубени» корпорациясының мамандары сапасын қадағалады. Аяқталу кезеңінде және құрылғы сынақтан өткізілгенде әлемдік «Хитачи» компаниясының мамандары да құрылғының сапасын тексеруге тартылған. Құрылғы толықтай жасалып болған соң халықаралық мамандардың сынағынан сәтті өткен. Ендігі мәселе алып құрылғыларды Атырау мұнай өңдеу зауытының басына жеткізу болатын. Құрылғыларды тасымалдауға халықаралық «ALE» компаниясы тартылды. Арнайы сүйретпесі бар көлік техникасына құрылғылар тиеліп, бір апта бойы жолға дайындалды. Сондай-ақ, қала ішіндегі құрылғыны алып жүру бағыты келісіліп, көшелерде кедергілер алынды. Зауытқа дейінгі жол ұзақтығы -16 шақырымды құрады.   

Бұған дейін «АтырауНефтеМаш» ЖШС-де ароматикалық көмірсутектер шығару кешеніне шағын көлемдегі құрылғылар жасаған болатын. Ал, «МТӨК құрылысы» жобасына «АтырауНефтеМашпен» құны 5,5 млн. АҚШ доллары көлемінде үш келісім –шарт жасалған.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу