Болашақ мамандарды машықтандыруға қашанда жол ашық

18.05.2016
1375 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауыты тек Атырау ғана емес Қазақстандағы жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізуге атсалысып келеді.

Атап айтқанда, «Атырау МӨЗ» ЖШС Атырау мұнай және газ институты, Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Қазақ-Британ Техникалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік унверситеті, сонымен қатар, Атырау политехникалық колледжі, Атырау мұнай-газ технологиясы колледжі мен Қазіргі заманғы Каспий маңы колледждерімен мақсатты тәжірибеден өткізу туралы келісім жасаған. Жоғарыда аталған оқу орындары студенттерінің зауытта тәжірибенің барлық түрінен (таныстыру, өндірістік, дипломалды) өтуіне мүмкіндігі бар. Тәжірибеден өтушілерге зауыттағы құрылымдық бөлімше басшыларының мақұлдауымен кәсіби мамандар санатынан арнайы тәжірибе жетекшілері тағайындалады. Тәжірибе жетекшілері студенттердің қауіпсіздік ережесі мен еңбек қорғау, өрт қауіпсіздігіне, тәжірибе бағдарлмасында көрсетілмеген міндеттерді студент-практиканттардың атқаруына жол бермеуге, тәжірибені сапалы өткізуге жауап береді. Сонымен қатар, тәжірибе жетекшілері студенттердің курстық, дипломдық жұмысы мен есебіне қатысты барлық қызметтерден материалдар мен мәліметтерді жинастыруға көмектеседі. Жыл басынан бүгінге дейін зауытта 119 студент өндірістік тәжірибеден өткен. Кәсіпорын басшылығы мен мамандары студенттердің көптеп тәжірибеден өтуіне жол ашып отыр. Себебі, осы студенттердің есебінен кадрлар резерві жасақталады. Жас буын мамандар дайындалады. Үздіктер бітірген зауытта еңбек жолын бастауына зор мүмкіндіктері бар.

Әлішер Жұмахметов, Атырау политехникалық колледжінің студенті
- Колледждің 4 курсында оқимын. Соңғы жыл болған соң тәжірибеден өтіп, болашақ алғалы отырған мұнай және газ өңдеу мамандығын игерсем деп келдім. Бізді зауытта жақсы қарсы алды. Алдымен мамандар зауыт құрылылымен таныстырды. Зауыт өте үлкен екен. Осында хош иісті көмірсутектер өнідірісі қондырғыларын көрдім, Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жүріп жатыр. Мамандығым осы зауытпен байланысты болған соң мені бәрі қызықтырады. Алғашқы күндері осындай қызықтыратын сұрақтарыма толық жауаптар алдым. Тәжірибені «ЭЛОУ-АТ-2» қондырғысында өткіздім. Тәлімгер ретінде Медет Зинуллиев бөлінді. Ол қондырғының ерекшеліктерін таныстырумен қатар, мұндай күрделі технологиямен жұмыс істеуді үйретті. Жылына 2 млн. тоннаға дейін мұнай өңдейтін қондырғының технологиясын теориялық түрде оқып білсек, енді зауытта көзбен көріп тәжірибе жүзінде қызметімен танысып жатырмын.


Құнанбай Саулиев, Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінің студенті
- 3 курста оқимын. Мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысында тәжірибеден өтіп жатырмын. Өндірістік тәжірибеге бірінші рет қатысуым. Мен осы Атырау мұнай зауытына бөлінгеніме өте қуаныштымын. Мұнда әрбір тәжірибеден өтушіге үлкен маңыз бөледі. Бізді студенттер деп емес, болашақ мамандар ретінде қабылдады. Қондырғы бастығы Максим Оспановтың өзі мұнай коксын қыздырып шынықтырудың технологиясымен таныстырды. Қондырғыда ұшпа компоненттер мен ылғалды жойып, қыздырып шынықтырылған коксты алудың жолын көзбен көрдім. Өндірістің қыр-сырымен танысып жатырмын. Мен үшін осы тәжірибеден өту кезеңінде мамандығыма қатысты нәрсенің бәрін үйреніп алғым келеді. Себебі, болашақта еңбек жолымды осы зауытта бастасам деген арманым бар. Ол үшін мамандығымды толық игеруім қажет. Сол үшін жұмыстанатын боламын.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу