МТӨК жобасы ішкі жанармай тапшылығын жоюға жол ашпақ

25.04.2016
660 просмотров
22 сәуірде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Зауыт басында «ҚазМұнайГаз – өңдеу- маркетинг» АҚ және АМӨЗ басшылығы кәсіпорында жүзеге асып жатқан өндірістік қайта жаңғырту жобаларының жүзеге асуын баяндады.

Алдымен Энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев зауытта қайта жаңғырту бойынша салынған қондырғылар мен құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Зауытта 2015 жылы ароматикалық көмірсутектер кешені іске қосылып, ароматикалық көмірсутектер: бензол мен параксилолдың алғашқы өнеркәсіптік-тәжірибелік партиясы алынды. Кешен сызбасының икемделігі арқасында оны екі бірдей мақсатта пайдалануға болады: отындық және мұнайхимиялық нұсқалар. Отындық нұсқа жоғары октанды бензин өндірісін мейлінше молайтуға жол ашпақ. Ал, мұнай-химия нұсқасы мұнай-химия саласына бензол мен параксилолды шикізат ретінде өндіруге бағыталған. Сондай-ақ, өндірістегі инновациялық технологиялар Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын автомобиль бензиндерінің сапасын К-3 стандартына жеткізіп, Кедендік Одақтың Техникалық регламентіне сәйкес, оның құрамындағы бензолды 1%-ға дейін төмендетпек. Энергетика министрі мен аймақ басшысы бастаған делегация зауыттағы Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылыс алаңдарын да аралады. «Мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК) құрылысы» жобасы аяқталу сатысында. Жобаның механикалық бөлігін аяқтау 2016 жылы межеленген. Зауыттағы жоба құрылысымен танысқан соң, Қ.Бозымбаев пен Н.Ноғаев Атырау мұнай өңдеу зауытының бірыңғай операторларын залына бас сұқты. Мұнда зауыттағы барлық технологиялық процесс автоматты түрде басқарылады. Мамандар оңтайландырылған автоматты басқару жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірді. Осы жерден компьютерлік желі арқылы барлық технологиялық қондырғылардың жұмыс барысы толық бақыланып отырады. Одан соң Энергетика министрі мен аймақ басшысы Қазақстандағы мұнай өңдеуші кәсіпорындардың келелі жобалары жөнінде кеңейтілген мәжіліске қатысты.

Мәжілісте «ҚазМұнайГаз- өңдеу-маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесов Энергетика министріне елдегі мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғыртудан кейінгі қол жеткізілетін нәтижелермен таныстырды: «...Барлық мұнай өңдеу зауыттарында қайта жаңғыртулар өткен соң, АИ-80 маркалы бензин түрін шығару тоқтатылады. Бүгінде зауыттар бұл бензин маркасын тек тапсырыс беру көлеміне қарай шығарып жатыр. Жалпы Атырау мұнай өңдеу зауыты К-4 стандартына сәйкес жоғарыоктанды бензин шығаруға түбегейлі көшкен. Егер жаңғыртулар жүзеге асқанда жоғарыоктанды бензин өндіру 14 пайыздан 31 пайызға дейін артады. Яғни, 2 млн. тоннадан 5 млн. 250 мың тонанаға жетпек. Бүгінде республика бойынша жанармайға сұраныс 2,93 млн. тонна. Үш зауыттың жаңғыртуынан соң біз ішкі сұранысты толық жауып, артық жанармай шығаратын боламыз». 

Бүгінде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту екі негізгі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт- мұнайды тереңдетіп өңдеу арқылы жоғары сапалы бензин, дизель отыны мен реактивті отындарды шығару. Екінші бағыты- өнеркәсіптік бензол мен параксилол өндірісі. Атырау мұнай өңдеу зауыты бойынша, ароматикалық көмірсутектер өндіру кешені іске қосылып, жұмысын бастады. Зауытта «Мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК) құрылысы» жобасы аяқталу сатысында. Бүгінде мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінде (МТӨК) құрылыс-монтаж, қондырғыларды орнату жұмыстары қарқын алды. Құрылыс алаңдарында діңгектерді қағу толық аяқталды, бетондау жұмыстары бітіп қалды. Жабдықтармен қамтамасыз ету және орнату тоқтаусыз жүргізілуде. Ірі көлемді қондырғылардың тапсырысын дайындау 100 пайызға орындалып тұр, соңғысы үстіміздегі жылдың тамыз айында жеткізіледі. 

«Sinopec Engineering Group» компаниясы 716 дана құрал-жабдықтың 679-ын, «Марубени» 441 дана құрал-жабдықтың 386-сын, «КазСтройСервис» 53 дана құрал-жабдықты жеткізіп қойды. Сондай-ақ, кешен құрылысында құбырлар мен металл құрылғыларды ауқымды монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа кешенде өндірістік жұмысты жүргізу үшін персоналды оқыту қолға алынды. 

Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені (МТӨК) іске қосылысымен К-4 және К-5 (Евро-4, Евро-5 тектес) стандарттарындағы бензин шығарылады. Мұнайды тереңдетіп өңдеу ұлғайып, өндірісте ашық түсті мұнай өнімдерінің (бензин, дизель отыны) үлесі артады. Зауыттың мұнайды өңдеу қуаты жылына 5 тен 5,5 млн. тоннаға дейін жеткізіледі. Кешен құрылысына 1800 адам тартылған. Жобаның механикалық бөлігі биыл аяқталып, кешен келер жылдың наурыз айында толық өндірістік қуатында өнім шығара бастамақ.

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Атырау мұнай өңдеу зауытындағы МТӨК құрылысының жүру қарқынына оң баға берді. Сонымен қатар, елдегі мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғыртудың маңызына тоқталды. «...Мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту - бұл маңызды бағыт. Өкінішке орай, мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту біздің елімізде кеш қолға алынуда. Біз тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде автомобиль бензинінде импортқа тәуелдіміз. Қазақстан шамамен жыл сайын 1 млн. 300 мың тонна бензинді импорттайды. Біз авиаотынды импорттаймыз, бізде автомашина моторларын құрастыратын көптеген автоөндіріс орындары көшкен сапалы Еуро-4 және Еуро - 5 бензиндерін шығармайды. Біздің алдымызда осы тапсырма тұр. Қайта жаңғыртуда еліміздегі барлық үш зауытта проблемалар бар, бірақ олар шешілетін мәселелер. Ең бастысы, барлық зауыттар тиісті қаржылай ресурстарға ие, бәрінде де мердігерлер бар, жұмыс барысы айқындалған»,-деді министр. 

Мәжіліс соңында ҚР Энергетика министрі зауыттағы қайта жаңғырту жобасы құрылысының сапалы жүргізіліп, 2016 жылдың соңына дейін аяқталуына және кәсіпорынның өндірістік тиімділігін арттыруға байланысты тапсырмалар берді.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу