Екі мыңнан астам адам еңбек ететін Атырау мұнай өндеу зауытында әлеуметтік саясат ең негізгі бағыт санатында. Өйткені, жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қамтамасыз етпейінше, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу екіталай. Ел-жұрт «Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етемін» дегенді «Мен әлеуметтік тұрғыда қорғалғанмын» деп түсінеді. Бұл дегеніңіз – үлкен абырой, зор жетістік. Ендеше, зауыттықтар әлеуметтік тұрғыда қаншалықты қорғалған?
Біз бүгін «АМӨЗ» ЖШС қызметкерлерін әлеуметтік қолдау ережелеріне» сәйкес зауыттықтарға ұсынылатын жеңілдіктер мен төлемдерге тоқталмақпыз. Солардың бірі - медициналық сақтандыру бағдарламасы (науқастану жағдайынан сақтандыру). Бағдарлама шеңберінде зауыт «Казахинстрах» сақтандыру компаниясымен келісім шартқа отырды. Қызметкерлер мен олардың таңдаған отбасы мүшесіне медициналық көмек көрсетуге жылына қомақты қаржы бөлінеді. Сақтандыру бағдарламасына сәйкес, қызметкер және оның отбасы мүшесі тәуліктің 24 сағаты бойы медициналық кеңес алып, жедел жәрдем қызметін, отбасылық дәрігерлер қызметін (терапевт, педиатр) пайдаланып, массаж, физиотерапия процедураларын алып, жылына бір рет флюорографиядан өтіп, тұмауға қарсы егу жүргізуге, басқа да медициналық қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік алады. Бұл бағдарлама шеңберінде әйел адамдар жүктілік кезінде дәрігер бақылауынан өте алады. Егер жағдай сақтандыруға кірмейтін болса, емделуге және ота жасатуға материалдық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, серіктестік бюджетіндегі бір кешенді түскі ас құны негізге алына отырып, зиянды өндіріс қызметкерлері ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Зауыттықтарға ұсынылатын жәрдемақының тағы бір түрі – мектепке дейінгі жастағы балалары бар қызметкерлерге 1 ең төменгі жалақы мөлшері көлемінде ай сайын төленетін жәрдемақы. Бұл жәрдемақы баланың мектепке дейінгі білім беру орындарында, болмаса үйде тәрбиеленіп жатқандығына қарамастан, барлығына бірдей төленеді. Бұл, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен көмек.
Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енген «АМӨЗ» ЖШС қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың жаңа ережелеріне сәйкес қызметкер алғаш рет некеге тұрса, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетіледі.
Бекітілген жаңа Ережеге сай, 1 сәуірден бастап бала туылуына немесе 5 жасқа дейінгі баланы асырап алуына байланысты, тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда бір бала үшін 50 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Бұл шара шеңберінде сәуір айынан бастап зауыттың жас шаңырақ иелерінен 6 арыз қабылданып, оларға жоғарыда көрсетілген қаржы көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
50, 60 жасқа толған қызметкерлерге 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы көрсетіледі.
Зауыт басшылығы қызметкер балаларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру ісіне жете көңіл бөледі. Жыл сайын жүздеген бала еліміздің және ТМД елдерінің сауықтыру лагерлерінде демалады. Лагерьге жолдама және жол ақысы құнының 70 пайызы зауыт тарапынан өтеледі.
Зауыттың әлеуметтік саясатының бір бағыты – зейнеткерлермен жұмыс. Зауыттың қалыптасу және даму жолында өлшеусіз үлес қосып, еңбек сіңірген жандардың жағдайы зауыт басшылығының жіті назарында. Зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлерге еңбек өтіліне сәйкес бір жолғы төлемақы беріледі. Зауыт зейнеткерлері мемлекеттік мерекелерде зейнетақыларына қосымша сыйақы алады. Жыл сайын Наурыз, Жаңа жыл сынды мерекелерде ардагерлерге арналған дастархан жайылады. Зейнеткерлерге медициналық көмек, пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу, жерлеу рәсімдеріне материалдық көмек беру қарастырылған.
Аталған жеңілдіктер, өтемақылар мен жәрдемақылар тізбегі Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмысшыларды әлеуметтік қолдау мәселесі жалаң сөз емес, жүйелі жолға қойылған маңызды сала екендігінің айқын дәлелі. Жетпіс жылдық тарихы бар зауытымыздағы тұрақтылық пен өркендеудің кілті де осы екендігіне күмән жоқ.
Назад к списку новостей