Еңбек ұжымы алдында жыл басынан бері жасалған жұмыстар туралы жан-жақты баяндаған зауыт басшысы Қайрат Оразбаев, биылғы жылы зауыт 4 млн. 800 мың тонна мұнай өңдеуді жоспарлап отырғандығын айтты. Бұл көрсеткішке соңғы 20 жылдықта 1994 жылы ғана қол жеткізілген екен. 2014 жылдың алғашқы 4 айында жекелеген мұнай өндіру ұйымдарынан шикі мұнайдың толығымен жеткізілмеуіне байланысты зауыт жоспарлы көрсеткіштен 40 000-нан астам тоннаға қалып келе жатқан-ды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында АТ-2 ЭТ қондырғысында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарын түгелімен қамти отырып, жөндеу мерзімін 30 күннен 20 күнге дейін қысқарту жөніндегі іс-шаралар жоспары жасақталған болатын. Күрделі жөндеу мерзімін қысқарту мүмкіндігі ескеріле отырып, зауыт басшылығы «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» және ҚР Мұнай және газ министрлігі деңгейінде мамыр айында жеткізілетін шикі мұнай көлемін 360 000 тоннаға (жоспар бойынша 300 000 тонна) дейін жеткізу мәселесін оңтайлы шешті. Осы жұмыстың нәтижесінде өткен 7 айдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Өткен 7 айдағы өндірістік қызмет көрсеткіштері төмендегідей: жоспар бойынша 2 млн. 790 мың тонна мұнай өңдеу қарастырылған болса, іс жүзінде 2 млн. 801 мың тонна мұнай өңделген, яғни жоспардан 11,0 мың тоннаға артық. Ал былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда бұл 122,0 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, негізгі мұнай өнімдерін шығару және тиеу жөнінен де жоспар 100 пайызға орындалған және былтырғыға қарағанда өнім көлемі біраз артқан. Мәселен, автокөлік бензині былтырғы 7 айлық көрсеткішпен салыстырғанда 77 900 мың тоннаға, дизель отыны 44 641 мың тонна, вакуумды газойл 36 200 мың тонна, сұйытылған газ 6 мың тонна, мұнай коксы 27 700 мың тоннаға артық өндірілген. 2013 жылдың сәйкесті кезеңінде мұнай өңдеу тереңдігі 58,6 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 62,3 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, өткен 7 айдың қорытындысы бойынша жоғарыоктанды бензин өндірісі 37 пайызға дейін өсті, ал өткен жылғы көрсеткіш 22,4 пайыз болатын. Айта кетер тағы бір жайт, тиелген дизель отынынының 100 пайызы К-2 экологиялық таза дизель отыны классына сәйкес келеді.Қайрат Құлымұлының сөзінше, зауыт алдындағы маңызды міндеттердің бірі – АВТ-3 ЭТ қондырғысының ағымдағы жөндеу жұмыстарын 15 тәуліктен 5 тәулікке дейін қысқарту және қыркүйек айында өңдеу көлемін 310,0 – нан 400,0 мың тоннаға дейін жеткізу болмақ. Мұнай өңдеу көлемін қайта бөлудегі мақсат 4-тоқсанда қысқы мерзімде жоғары сұранысқа ие шекті сүзілу температурасы -25 градустық дизель отынының өндірісін ұлғайту үшін бастапқы және екінші мұнай өңдеу қондырғыларының жүйелі жұмысын қамтамасыз ету.
Бас директордың сөзінше, есепті мерзімде өндірісте келеңсіз оқиғалар, адами фактор салдарынан туындайтын апатты жағдайдар тіркелмеген. - Бұл бас инженер қызметінің жүйелі жұмысының жемісі деп білемін, - деп баға берді зауыт басшысы.
Сондай-ақ, бас директор өз баяндамасында энергия қауіпсіздігі, экологиялық аспектілер, өндіріс тиімділін арттыру бағытында атқарылған іс-шаралар мен перспективалық жобалар, өнім сапасын арттыру, басқа да өндірістік және технологиялық маңызы бар жұмыстар туралы әңгімелеп, жұмысшыларды зауыттың өткен жеті айдағы қаржылық-экономикалық көрсеткіштері туралы хабардар етті.
Жұмысшыларды әлеуметтік қолдау мәселесі – зауыттың әлеуметтік саясатының негізі. Зауыттықтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлеріне тоқталған зауыт басшысы мектеп жасына дейінгі балалары бар қызметкерлерге төленетін дотация жөнінде түсінік бере кетіп, жас отбасыларға қолдау көрсетуге қай кезде де даяр екенін атап айтты. Сондай-ақ, Қайрат Құлымұлы биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан денсаулығына байланысты қызметін жалғастыра алмауына байланысты еңбек шартын бұзу, яғни мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығару мәселесіне қатысты да өз ойын білдірді. - Біріншіден, бұл ерікті бағдарлама. Егер жұмысшының денсаулығы жарамаса, зейнет жасына жеткенге дейін қинаудың қажеті жоқ. Егер өзі соған ынта білдірсе, мерзімінен бұрын зейнетке шығарған жөн. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыру керек деп ойлаймын, - деді ол өз сөзінде.
Қайрат Құлымұлы еңбек ұжымына арнаған сөзінде кадр мәселесіне ерекше тоқталып өтті. - Білікті мамандарға қай кезде де сұраныс жоғары. Жүздеген жұмысшы инженерлік-техникалық жұмысшы/ИТЖ/ санатына дейін көтерілді. Зауытымыздың ИТЖ - ларының негізі - өзіміздің мамандар. Бір кездері түрлі себеппен басқа кәсіпорындарға кеткен қызметкерлерімізді зауытқа қайтардық. Бұның да жемісін көріп отырмыз, - деді ол.
Бірінші басшы өз сөзінде жас мамандарға қолдау мәселесі, мамандарды қайта даярлау, зауыттықтар арасында спортты дамыту, бұқаралық-мәдени жұмыстар туралы да айтып өтті.
Сондай-ақ, бейінді емес активтерді зауыт құрылымынан шығару бағдарламасы аясындағы жұмыстар туралы баяндаған ол аутсорсингке шығарылған қызметтердегі жұмысшылардың жалақысы, сыйақы, әлеуметтік пакеті толығымен сақталғандығын тағы бір мәрте баса айтты. Егер бұл талаптар орындалмаса, зауыт келісім- шартты қайта қарайтын болады.
Баяндамада келтірілген деректерге сүйенсек, зауыттағы орташа айлық жалақы 326 047 теңгені құраған. Былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда жалақы деңгейі 22 пайызға артқан.
Айта кетейік, алда мұнайшылар мерекесі келе жатыр. Зауыт басшысының сөзінше, осы орайда зауыттықтар 100 мың теңге көлемінде сыйақы алмақ. - Әрине, бұдан да жоғары мөлшерді белгілеуге болатын еді. Бірақ біз жыл соңын күтуді жөн көрдік. Ұмыт болған 13-інші жалақыны қайта жаңғыртсақ дейміз. Жыл соңында еңбекақы қорында бір тиын да қалмайтын болады, оған қам жемеңіздер, барлығын да жұмысшыларға бөліп береміз, - деді Қайрат Құлымұлы.
Зауыттың алға қойған жоспарлары көп-ақ. Солардың бірі - тұрғын үй бағдарламасын қайта жандандыру. Бас директор қарапайым жұмысшыға қолжетімді, пайызсыз несие негізінде берілетін тұрғын үй салу туралы жоспарын да айтып өтті.
Келесі болып мінберге көтерілген кәсіподақ төрағасы Құсайын Урымбасаров өз баяндамасында кәсіподақтың ролі мен міндетіне кеңінен тоқталып, ағымдағы жылдың жеті айында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Кәсіподақ жетекшісінің сөзінен соң "ашық микрофон" жарияланып, зауыттықтар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды.
Зауыттың жастар ісі жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Абат Абулхаиров 2014 жылдың 1 сәуірінде күшіне енген әлеуметтік қызмет көрсету бағдарламасы аясында оқу демалысына берілетін төлемақы мөлшерінің азаюына қатысты сауал жолдады. - Жасыратыны жоқ, әркім өзі үшін оқиды. Ол адам оқуда озат боп, 5-ке оқып жатса, оның білімі біздің кәсіпорын үшін расында қажет болса, мен үздіктерге көмектесуге дайынмын, - деді бұған қатысты Қайрат Құлымұлы. Осы мәселе бойынша жауап берген еңбек және қызметкерлермен есептесу бөлімінің бастығы Гүлнар Достанова мұнай өңдеу зауыттары қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасын бірегейлендіру аясында кей төлемақылар мөлшері қысқарғандығын жасырмады. - Көрсетілетін көмек түрлерінің алуан түрлілігі жөнінен зауытымыз өзгелерден айтарлықтай алда. Сондықтан да, мұның барлығын бір жүйеге келтіру мақсатында көптеген өзгерістер орын алды, кей төлемақылардың мөлшері азайды, сонымен қатар, жаңа төлемақы түрлері енгізілді. Алайда, "ҚазМұнайГаз" ҰҚ Басқармасы бекіткен Типтік ережеде минималды кепілді мөлшерлемелер белгіленіп, кәсіпорынның қаржылық жағдайы тартса, төлемақы көлемін арттыруға болатындығы айтылған. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді Гүлнар Нұрсұлтанқызы.
Келесі сауалды жолдаған №5 цех қызметкері Максим Успанов зауыт спортшыларының жаттығуына жағдай туғызу, оларды жаттығу кезінде жұмыстан босату, спорт алаңдарын салу туралы мәселе қозғады. Зауыттықтар арасында спортты дамытуға жете көңіл бөлетін Қайрат Құлымұлы спортшыларға әркез қолдау көрсетуге даяр екенін айтты.
№4 цех қызметкері Рая Сегізбаева отбасылық династияның бір өкілі ретінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алған қызын жұмысқа қабылдау туралы өтініш білдіріп, бір жыл бұрын түйіндеме тапсырғандығын, алайда зауыт тарапынан ешқандай хабар болмағандығын айтты. - Егер жас маманның дипломы толы "4" пен "5" болса, оның түйіндемесі жылдап жатпас еді. Кадр бөлімінде жүздеген түйіндеме жатыр. Егер мықты түйіндеме көрсем, мен сол бойда кадр бөліміне хабарласып, тестілеуден өткізу жөнінде тапсырма беремін. Кейін оны өз бақылауымда ұстаймын. Басымдық білімділерге, үздіктерге беріледі. Осыны естеріңізде ұстаңыздар! - деп жауап берді бас директор.
Сөз соңында зауыт басшысы жұмысшыларды ұжымдық сайттағы Бірінші басшының блогы жөнінде тағы бір мәрте құлағдар етті. - Қандай да бір сұрақтарыңыз, пікірлеріңіз, айтар ұсыныстарыңыз болса, блогқа жолдаңыздар. Тіпті аты-жөндеріңізді де көрсетпей-ақ қойыңыздар, бастысы - шынайы, дәлелді ақпарат керек, - деді зауыт басшысы еңбек ұжымына қарата.
Сөзімізді түйіндер болсақ, зауыт өткен жеті айды айтарлықтай жетістіктермен аяқтады. Алайда, босаңсуға жол жоқ. Өткен жеті айдағы деректер мен дәйектер бүкіл зауыт ұжымының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Ендеше, осы қарқыннан таймай, жылды озық нәтижелермен қорытындылауға әрбір зауыттықтың ұмтылуы тиіс.
Назад к списку новостей