Спартакиадаға «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Петроказахстан Ойл Продактс» ЖШС, "CASPI BITUM" ЖШС, “ҚазМұнайГаз - Аэро» және «TheRompetrolGroup» компанияларының спортшылары қатысып, мини-футбол, волейбол, теннис, шахмат, кір тасын көтеру, суда жүзу, армрестлинг және арқан тартудан бақ сынады. Үш жыл қатарынан командалық есепте бірінші орын иемденіп келген Атырау мұнай өңдеу зауытының құрамасы биылғы жылы да спартакиада жеңімпазы атанды.
Зауыт намысын қорғаған кімдер? Жеке-жеке тоқталсақ.
12-14 қыркүйек аралығында өткен спартакиаданың алғашқы сүйінші хабары көп күттірмеді. Жарыстың алғашқы сәттерінде-ақ суда жүзуден Ануар Шакенов /АКШ/ бірінші орын алғандығы туралы хабар жетті. Ануар бұл жарысқа биыл бірінші мәрте қатысып отыр. Бұған дейін өзінің қызметтегі ғана емес, спорттағы әріптесі Азамат Жулумбетовтың жеңісті жолын жалғастыруды алдына мақсат еткен ол жанкүйерлерінің сенімінен шыға білді. 2,3 орындарды румындық және павлодарлық спортшылар өзара бөлісті. Ал қыздар арасында суға жүзуден Наталья Тебенькова /КЦ/ мәреге екінші болып жетті. Бірінші жүлде павлодарлық спортшыға, үшінші жүлде «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшысына бұйырды.
Құрамында Мажитов Дулат, Нурибеков Дамир /АКШ/, Успанов Бақытжан /МӨМӨТК/, Мусин Қанат, Кенжалиев Данияр, Дюсенов Ернар, Нұржұмаев Бахтияр / №5 цех/, Шапошников Алексей /ОА/ өнер көрсеткен шағын футбол командасы 1-орын иеленді. 2011 жылы 5-орын, 2012-13 жылдары 3-орынмен шектелген футболшыларымыз финалда «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ ойыншыларын басып озып, жүлдегер атанды. Үшінші орын румындықтар еншісінде.
Спартакиада бағдарламасына былтырғы жылы ғана қосылған ерлер арасындағы волейболдан біздің команданың мерейі үстем болды. Былтыр павлодарлық әріптестерінен жеңіліп, «күміс» медальді қанағат тұтқан волейболшыларымыз есе қайтарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Үшінші орын биыл додаға бірінші рет қосылған "CASPI BITUM" ЖШС спортшыларында. Біздің команда құрамында: Хасанов Құмар, Мусанов Аслан, Төлегенов Еркебұлан /№5 цех/, Черкешбаев Данияр, Жұмабеков Ержан, Төлешов Кайрат /МӨМӨТК/, Жандауов Бауыржан /АКШ/.
Ал волейболдан әйелдер құрамасында: Денисенко Наталья / № 6 цех/, Каденцова Ирина, Адилова Ляззат /цех №7/, Губанова Лидия, Демяшева Лариса /ОА/, Жұмағазиева Айнур /№ 6 цех/, Аленова Іңкәр / «ОЗЛ» СО/, Яшкова Марина /АКШ/. 2011 жылы 3-орын, 2012-13 жылдары 2-орын иемденген волейболшыларымыз биылғы жылы да осы нәтижені қайталады. Жеңімпаз атағын былтырғы жүлдегерлер – «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшылары қорғап шықты. Үшінші орын румын қыздарына бұйырды.
Шахматтан 2011 жылы «күміс», 2012 жылы «алтын» медаль тағынып, 2013 жылы «қола» медаль иеленіп, жеңіс тұғырын дәмін «толығымен» татқан Есенболат Меңдалиевтің /№5 цех/ биылғы нәтижесі – 2-орын. Есенболат павлодарлық қарсыласына есе жіберіп алды, ал 3-орын «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшысына бұйырды.
Әйелдер арасындағы шахматтан, өкінішке орай, Салтанат Абдиева /ОА/ жеңімпаздар үштігінен көріне алмады. 1-орын шымкенттік, 2-орын павлодарлық шахматшының, ал 3-орын «ҚМГ - өнімдері» АҚ ойыншысының еншісіне тиді.
Үстел теннисі бойынша спартакиаданың алғашқы жылында «алтын», соңғы екі жылында «күміс» жүлде еншілеген Қайралиев Айбектің /№5 цех/ биылғы нәтижесі – 2-орын. 1-орынды «ҚМГ өнімдері» АҚ теннисшісі, 3-орынды «ПКОП» ЖШС спортшысы иеленді. Спорттың бұл түрі бойынша әйелдер арасынан әріптесіміз Денисенко Наталья / № 6 цех/ былтырғы нәтижені қайталап, жүлделі 3-орынға ие болды. 1,2 орындарда «ҚМГ өнімдері» АҚ және «ПМХЗ» ЖШС спортшылары.
Үлкен теннистен зауыт намысын қорғаған Джардемов Бахытжан /ОА/ пен Мартынова Елена /МҚ/ да абыройлы өнер көрсетті. Нәтиже жаман емес – 4-орын. Бұл спорт түрінен румындықтарға тең келер ешкім болмады, ал келесі орындар «ҚМГ өнімдері» АҚ және «ПМХЗ» ЖШС спортшыларының еншісінде.
Армрестлингтен Дмитрий Акунишников /МӨМӨТК/ өзіне тең келер қарсыластың жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдеп, спартакиаданың үшінші дүркін чемпионы атанды. Қалған жүлделі орындарды румындық және шымкенттік спортшылар бөлісті.
Кір тасын көтеруден зауыттықтар Герман Морозовқа үлкен үміт артқан болатын. 2011, 2013 жылдары «күмістен» алқа таққан Герман биыл жеңімпаздар қатарынан көріне алмады. «ПМХЗ» ЖШС, «ҚМГ өнімдері» АҚ, «ПКОП» ЖШС спортшыларына есе жіберген ол 4-орынды қанағат тұтты.
Сонымен, жалпыкомандалық есепте Атырау мұнай өңдеу зауыты бірінші орынды иемденді. Екінші орында «ҚазМұнайГаз - өнімдері» АҚ спортшылары. Айта кетерлік жәйт, ұпай саны жөнінен екі команданың да көрсеткіштері бірдей. Алайда, бірінші орын иеленген спортшылар саны жөнінен Атырау мұнай өңдеу зауыты басым түсіп, төртінші рет спартакиада жеңімпазы атанды. Үшінші орын «Павлодар мұнай химия зауыты» АҚ еншісіне тиді.
Шын жүректен спортшыларымызды құттықтай отырып, жеңісті жолдың жалғасы ұзақ болсын деп тілейміз!
Назад к списку новостей