Төртінші билік өкілдері зауыт тынысымен танысты

16.10.2014
1412 просмотров
Тамыз-қыркүйек айларында отандық нарықта бензин тапшылығы орын алып, жұртшылықтың біраз әбігерге түскені белгілі. «Бензин жоқ», «Талонмен беріледі» сынды жанар-жағар май құю стансаларындағы жазулар жүргізушілердің наразылығын тудырып, кейбірі әлеуметтік желілер арқылы бензиннен бас тартуға үндеген еді. Осыдан-ақ, мотор отындарының әлеуметтік маңызы қаншалықты екенін бағамдай беріңіз.

Бензин тапшылығының себебі неде? Бұған отандық мұнай өңдеу зауыттарында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының әсері қаншалықты? Осыны жұртшылыққа жете түсіндіруді мақсат еткен ҚР Энергетика министрілігі Атырау мұнай өңдеу зауытында пресс-тур ұйымдастырды. Шараға ҚР Энергетика министрінің баспасөз хатшысы Марат Усманов, «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ корпоративтік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Ғалым Тумабаев, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Пресс турға қатысушылар орталық зауыт зертханасы, бензин және дизельді гидротазарту қондырғысы, зауыттық орталық басқару ғимараты, ағын суды биологиялық тазарту қондырғысы, құю эстакадасында және ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Мотор отындары ең көп тұтынылатын егін жинау науқанының басталуы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне мұнай экспорттайтын ресейлік Ачинск МӨЗ-нда орын алған апатты жағдайдың салдары жанар-жағар май нарығындағы тұрақсыздыққа әкеп соқтырды. Бүгінде қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының үшеуінде де қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 2020 жылға дейін отандық зауыттар әлеуметтік маңызы бар бензин маркаларына деген ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ететін болады. Еліміз бойынша мотор отындарын тұтынушылардың 55 пайызын оңтүстік өңірдің тұрғындары құрайды екен. Бұл өңір халық ең көп шоғырланған аймақ боп саналады, тиісінше, сұраныс та жоғары. Сондықтан да, 2020 жылдан соң төртінші зауыт құрылысы емес, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын арттыруға бағытталған қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мәселесі қарастырылу үстінде. Ал әзірге мәселе тек импортерлердің көмегімен шешілмекші. Атап өтер жай, импортқа тәуелділіктен туындаған бензин тапшылығының қайталанбауын болдырмау мақсатында бүгінде «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ деңгейінде Белорусь, Азербайжан мемлекеттерінің импорттық мұнайын тарту мәселесі қаралуда.

Мұнайлы астанаға қайта оралайық. «Өзіміздің мұнайымыз бар, мұнай өңдеу зауытымыз бар, соған қарамастан бензин тапшы» деп базынасын айтатын тұрғындар таяқтың бір ұшын зауыттағы қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарына әкеп тигізеді. Ал шындығында бұл жұмыстар мұнай өңдеу көлеміне әсер етпейді. Зауытта жүзеге асырылып жатқан ароматикалық көмірсутектер шығару кешені мен мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы жобаның ауқымдылығына, монтаж жұмыстарының күрделілігіне қарамастан өндіріс жағдайында жүргізіліп жатыр. Бұл кешендердің технологиялар лицензиары француздық «Axens» компаниясы. Лицензиар ретінде дәл осы компанияға неге басымдық берілгенін жобаларға техникалық қолдау көрсету жөніндегі басқарушы директордың орынбасары Дмитрий Макеев былай түсіндірді: «Бұл технологиялар әлемнің жүзден астам зауыттарында қолданыста. Жан-жақты зерттелген, тиімділігін дәлелдеген, әбден пісіп-жетілген технология деуге болады. Сонымен қатар, мұның энергия тиімділігі өте жоғары және металл ауқымы аз».

Мұнай өңдеу департаменті бастығының орынбасары Василий Гацконың айтуынша, зауыт бүгінде тәулігіне 14 200 тонна мұнай өңдеп, осынша көлемде өңделген мұнай өнімдерін жөнелтіп отырады. Тәулігіне тиелетін бензин көлемі 1 900 тонна көлемінде. Осы жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша зауыт жоспарды 120 000 тоннаға артық орындаған. Бастапқыда 2014 жылы зауытқа 4 млн 800 мың тонна мұнай өңдеу жүктелген болса, бүгінгі жоспар 4 млн 920 мың тонна деп белгіленіп отыр. Жылдық жоспар тек Атырау мұнай өңдеу зауытында ғана емес, қалған екі отандық зауытта да көбейіп отыр. Біздің облыстың сұранысын толығымен өтеу үшін 9-10 мың көлемінде бензин қажет екен, ал Атырау мұнай өңдеу зауыты айына 25-30 мың тонна көлемінде бензин шығарады. Алайда, зауыттың процессинг негізінде жұмыс жасайтынын есте ұстаған жөн.

Зауытта шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасына заманауи құрылғылармен жарақталған, сынамаларының дәлдігі халықаралық бақылау сынақтарында дәлелденген орталық зауыт зертханасы кепілдік береді.

Айта кетер жайт, зауыт екі жылдық жөндеу циклымен жұмыс жасайды. Биыл зауыт күрделі жөндеуге тұрған жоқ. Дей тұрғанмен, біздің зауыттың өзгелерден айырмашылығы – мұнда бастапқы мұнай өңдеу қондырғыларының саны екеу. Тиісінше, бір қондырғы жөндеуге тұрғызылған жағдайда келесі қондырғы жұмысы тоқтамайды. Қысқасы, өндірісте кідіріс болмайды. Мұнай өңдеу департаменті бастығы Еркін Сүйлейменовтың айтуынша, бүгінде жөндеуаралық циклді ұзарту мақсатында жұмыс жасалуда. Осы бағытта технологиялық қондырғыларға аудит жүргізіліп, үш жылдық жөндеу циклына көшудің мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Тұтынушылардың сапалы, бәсекеге қабілетті мұнай өнімдерімен қамту Атырау мұнай өңдеу зауытының негізгі мақсаты боп қала бермек. Қайта жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін зауыт ішкі нарықты 1 млн 700 мың тонна көлемінде жоғары октанды бензинмен қамтамасыз ететін болады. Демек, жанар-жағай май нарығындағы мәселелер ішінара өз шешімін табады деген сөз.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу