Зауытқа жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандар арасында амбициялары жоғары, талапты, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар жетерлік. Олар түрлі бағдарламалар мен байқауларға қатысуға ниетті, алайда зауыттағы еңбек өтілінің жеткіліксіздігі көп жағдайда мүмкіндіктерін шектеп жатады. Осы орайда өндірістегі озат жастарды анықтау, оларды кәсіби дайындау мақсатында «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат Оразбаевтың өкімімен «Өндірістегі жас мамандардың карьерасы мен карьералық өсуі» және «Мамандығы бойынша үздік-2015» байқауына қатысуға дайындау» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
«Өндірістегі жас мамандардың карьерасы мен карьералық өсуі» бағдарламасы арқылы жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандар арнайы оқытудан өтіп, өз мүмкіндіктерін көрсетуге және оны кәсіби тұрғыда іске асыруға мүмкіндік алады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жас мамандарды кәсібилендіру, қызметке байланысты қарым-қабілет пен білім дағдыларын дамыта түсу және лауазымдық өсуге жағдай жасау. Ал келесі « Мамандығы бойынша үздік-2015» байқауына қатысуға дайындау» бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, зауыттағы еңбек өтілі 3 жылдан кем емес қызметкерлерді оқытуға бағытталған.
Негізгі және қосалқы өндірістегі жас мамандарды кәсіби дайындау бағдарламасына қатысушылар «Новатор» газетінде жарияланған хабарландыру арқылы түскен жеке өтініштер және цех басшыларының нұсқаулары негізінде жасақталды. Нәтижесінде еңбек ресурстары басқармасының кадрларды дайындау бөліміне екі бағдарлама бойынша барлығы 148 кандидаттан тапсырыс түскен. Кәсіби дайындау бағдарламасына қатысушылар аясындағы байқау сынағы екі кезеңнен тұрады.Тестілеу арқылы жүргізілген бірінші кезеңде кәсіби білік пен тұлғаның қабілеті бағаланды. Кәсіби тестілеу Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің зауыт үшін арнайы жасақтаған «Электронды тестілеу жүйесі» негізінде 6 мамандық бойынша жүргізілді, олар: технологиялық қондырғы операторлары, технологиялық қондырғыны жөндеу слесарьлары, БӨАжА слесарі және аспапшы, технологиялық компрессорлар және технологиялық сорғы машинисті. Ал электронды жүйеге енгізілмеген химиялық анализ зертханашысы, сынама алушы сынды мамандық иелерінің білігі дәстүрлі әдіспен, яғни, қағаз жүзінде тексерілді. Ал үміткерлердің компетенттілігі мен тұлғалық қабілеттерін бағалау SHL интернет-жүйесі арқылы тексеріліп, сандық және вербальді сараптама жасалынды. Байқау сынағының екінші кезеңі - зауыттың бас мамандарымен әңгімелесу. Зауыт мамандарының өндірістік жүктемесіне және кандидаттар санының көптігіне байланысты бұл кезеңге белгіленген уақыт мерзімі ұзарып, бүгінде аяқталуға таяу. Әңгімелесу қорытындысы бойынша үміткерлер екі бағдарлама бойынша топтастырылатын болады.
«Өндірістегі жас мамандардың карьерасы мен карьералық өсуі» бағдарламасы аясында жас мамандар базалық мектеп бағдарламасы, мамандығына қатысты кәсіби білім негіздері, сондай-ақ тұлғалық қасиеттер мен дағдыларды дамытуға бағытында оқытылады. Ал «Мамандығы бойынша үздік-2015» байқауына қатысуға дайындау» бағдарламасына қатысушылар теориялық дайындықтарын шыңдап, жалпызауыттық нұсқаулар, еңбек қорғау, қауіпсіздік техникасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрт және газ қауіпсіздігі, басқару менеджменті жүйелері, кәсіпорын саясаты, ұжымдық шарт, басқа да өзекті тақырыптар бойынша білімдерін пысықтайды.
Назад к списку новостей