Өткен жұмада ҚР энергетика министрі Сергей Школьник, энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин, инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаевтар қазақстандық мазмұн үлесін арттыру мақсатында өткен форум аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, жұмыс барысымен танысты. Мәртебелі меймандарды Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастап келді. Зауыт басшысы Қайрат Оразбаев кәсіпорынның тыныс-тіршілігі, өндірістегі оң өзгерістер мен инвестициялық жобалар хақында баяндап, қонақтар зауыт аумағына экскурсия жасады.
Кейін билік өкілдері «Атырау» мәдени орталығында ірі компаниялар мен кәсіпорын жетекшілермен жүздесті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға оң ықпал етудің жолдары қарастырылған форумда отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, жұмыс орындарын сақтап қалу жөнінде нақты шаралар белгіленді. Форум аясында 70-тен астам ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Олардың қатарында Атырау мұнай өңдеу зауыты да бар. Серіктестік басшысы Қайрат Оразбаев зауыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында «Атыраунефтемаш» ЖШС-мен құны 1 млрд. 597 млн. 809 мың 600 теңгелік және «Қазақ саңыраулар қоғамы» Атырау оқу-өндірістік кәсіпорнымен 23 млн. 249 мың 821 теңгелік қос меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Атырау облысы әкімдігімен арада өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек құқығын қамтамасыз ету және қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Форум шеңберінде облыстық әкімшілік фойесінде жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, оған 17 компания қатысты. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындар, болашақта жүзеге асырылатын жобалар мен «жасыл экономика» бағытын қамтыған көрмеге Атырау мұнай өңдеу зауыты да қатысты.
Назад к списку новостей