Зауыттықтар балық аулаудан жарысты

27.02.2015
652 просмотров

Ақ қар, шымшыма аяз, таза ауа...  Қол боста суға  қармақ салғанды жаны сүйетіндер  үшін бұдан артық не керек дерсіз?!

Жыл сайын зауыттықтар арасында  ұйымдастырылатын спорттық балық аулау жарысы  біздің  арамызда да мұндай адамдардың аз еместігін дәлелдеп келеді.  Ал биылғы жарысқа   қатысушылардың контингенті сәл өзгерген: әккілігімен танылған балықшылар да, ардагерлер де, әйелдер де  бар.

Жарыс бірнеше номинация бойынша өтті. Төрешінің ысқырығы естілісімен сайыскерлер  шұғыл мұз бұрғылауға кірісті. Ешкімнің де бәр сәтке аялдағылары жоқ, өйткені «Ең жылдам бұрғылау» номинациясынан баршасы да дәмелі.  Әйтсе де,  бұл жүлде  36,6 секунд нәтиже көрсеткен №5 цехтың балықшыларына бұйырды.  Ал 2 және 3 – орындар МӨжТК өндірісі мен  №7 сайыскерлерінің еншілеріне тиді.  Мұзды жылдам әрі дұрыс бұрғылау үшін  балықшының ептілігі  пен шапшаңдығы өз алдына, қолындағы бұрғысы  да сапалы болуы керек. Мұндай жарыстарға 1982 жылдан бері үзбей қатысып келе жатқан зауыт ардагері Жолдас Есқараевтың қолындағы бұрғысына отыз жылдан асыпты. Жүлдегерлер қатарынан көрінбегенімен, ынталандыру сыйлығын еншілеген ардагер зейнет демалысында болса да, мұндай сайыстардан шет қалғысы келмейтінін айтады.

-  Мына бұрғыны 1982 жылы жолдас жігіттердің бірі Ресейден әкеліп берген еді. Ол кезде бұрғының көзі қат болатын, қазір неше түрі сөрелерде самсап тұр. Бірақ мен бұрғымды алмастырған емеспін.

Балық аулау да спорттың бір түрі ғой, денсаулыққа пайдасы мол.  Ол өз алдына, бүгін,міне, байырғы жұмыстастарымды, үзеңгі жолдастарды көріп, бір қуанып қалған жайым бар, - дейді Жолдас аға.

Балықшылар кезінде өзінен ауқат іздегендердің өзегін талдырмаған өзеннің балығы  байырғымен салыстырғанда сарқыла келгендігін де жасырмайды. Жарыстың үшінші минутында қармағын  балық қауып,  қанжығасы майланған №6 цех қызметкері Төлеген Такишев:  «Шіркін, бұрын балықты қап-қабымен аулаушы ек!» - деп еске алады.  «Ең бірінші ауланған балық» номинациясын жеңіп алған ол  балықшылықпен бала күнінен бері әуестеніп келеді.

- Әрине, балық бұрынғыдай көп емес. Дегенмен, олжалы оралатын күндеріміз де аз емес. Былтыр қармағымда 14 келі тартатын сазан қапты. Қыста жайын аулағаным да бар. Балықтың бұл түрі жазда болмаса, қыста көп түсе бермейді, -  дейді  ол бізбен әңгімесінде. 

Ауланған балықтардың ішіндегі ең ірісі – жылу-электр орталығының қызметкері Владимир Жейновтың балығы.  Ал бір өзі 12 балық аулаған орталық зауыт зертханасының қызметкері Ерболат Балмағамбетов те арнайы аталымды жеңіп алды.  Бұл өз кезегінде зертханашылардың «Топтық аулау» аталымы бойынша  бірінші орынға шығуларына мүмкіндік берді. 2-орын 6-цех қызметкерлеріне, ал 3-орын 7-цех сайыскерлеріне бұйырды.  Сонымен, жалпы топтық есеп бойынша зертханашылар сайыс жеңімпазы деп танылса, 2-3-орындарды №7 және №5 цех сайыскерлері иемденді. «Балықшы ханшайым» деп аталған айрықша аталым МӨжТК өндірісінің қызметкері Светлана Левкинаға табысталды.  Әдетте ерлер ғана әуестенетін балық аулауға деген сүйіспеншіліктің оянуына оның әкесі себепші болыпты.  

- Әкем Спартак ұзақ жылдар зауытта еңбек етті.  Ол балықты жақсы аулайтын, мені де өзімен бірге ала кетуші еді. Содан болса керек, балық аулағанды жаным сүйеді. Бала күнімде Соколок өзеніне қармақ салатынбыз.  Менің бұл кәсіпке деген қызығушылығым да сол өзеннен басталды. Біреулер тағам әзірлегенді жақсы көреді, ал біреулер киім тоқып, кесте тіккенді ұнатады. Ал менің сүйікті ісім – балық аулау, мен мұнымен мақтанамын. Балық аулап отырған кезде басыңа алуан түрі ой келеді: сараптайсың, безбендейсің,  тоқтамға келесің. Мұның осындай да кереметі бар! - дейді  Светлана Спартакқызы.              

Жайықта өткен жарыстың жеңімпаздары мен барлық қатысушылар зауыт кәсіподағы ұсынған арнайы сыйлықтармен марапатталды.  Таза ауадағы демалыс  бұл  жарыстың басты олжасы  болғандығы айтпаса да түсінікті.  Байқағанымыздай, биыл да бұған дейінгі жарыс жеңімпаздарының  есімі қайталанды. Бұл балық аулаудың  сыры  тек сәттілікте ғана емес, ептілікте екендігін  де аңғартады. Адамды сабырлылыққа, байыптылық пен шыдамдылыққа баулитын балық аулау   жарысында жанкүйер бола жүріп  түйгеніміз  - осы.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу