Құшақтар гүлге толған күн

10.03.2015
742 просмотров

Әуел баста  әйелдердің құқығын қорғау  мүддесінен туындап, бүгінде аналардың ұлылығы,  арулардың сұлулығы дәріптелетін көктемнің алғашқы мерекесі  Атырау мұнай өңдеу зауытының қыз-келіншектері үшін тосын сыйларға толы болды.

Қыстың көбесі сөгіліп, көктемнің "төбесі" көрінгендігінен хабар берер бұл мерекеге дайындық зауытта бір апта бұрын басталды.  Ақ тілектер жазылған әдемі баннерлер, қызылды-жасылды шарлармен бейнеленген әсем гүлдер көктем мейрамының көз ұшында екендігін аңғартып,   мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Мерекелік  құттықтау 6 наурыз күні еңбек вахтасында тұрған арулардан басталды. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Құсайын Урымбасаров және еңбек ресурстары басқармасы  басшысының орынбасары Марина Яшкова цехтарды  арнайы аралап, күндізгі және түнгі вахтадағы қыз - келіншектерге  гүл шоқтарын сыйға тартты. Тосын сыйға таңданыстарын жасырмаған арулар өз ризашылықтарын білдірді.

Мереке сол күні кеште Құрманғазы мәдениет сарайында  жалғасты.  Бұл күні зауыт арулары әдеттегіден де әдеміленіп кеткендей көрінді.  Маман киімдерін әдемі көйлектерге алмастырған қыз-келіншектерді зауыт жігіттері қарсы алып, әсем гүл шоқтарын ұсынды. Жанды елітер әуен, қыздардың көңілдерін көтеруге тырысқан пантомимашылар, дәмді тағамдарға толы дастархан...Бір қарағанда, қыз-келіншектердің көңілдерін тоғайту үшін осылар да жеткілікті тәрізді көрінетіндей. Бірақ зауыт әкімшілігі мен кәсіподағы мұнымен шектелген жоқ. Нағыз мереке мәдениет сарайының концерт залында жалғасты.

Әдемі кештің шымылдығы  зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Құсайын Урымбасаровтың тілектерімен түрілді.

- Біздің зауытта әйелдер көптеп саналады. Бірақ біз олардың ешқайсысын да естен шығармақ емеспіз. Олардың қатарында бізге бағыт беріп, тәрбиесін аямаған алдыңғы буын, бірге қадам басып келе жатқан замандастарымыз, ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, өндірістік көрсеткіштерді арттыру үшін аянбай тер төгіп жүрген  әріптестеріміз де бар. Сіздер  зауыттың дамуына үлес қосып қана қоймай, өз шаңырақтарыңыздың түтінін түтетіп, ұрпақ өсіріп отырсыздар. Бүгін - сіздердің мерекелеріңіз! Әркез жүздеріңізге күлкі, жандарыңызға жылулық тілеймін, қымбатты біздің арулар! - деді зауыт басшысы.

Сондай-ақ, зауыт басшысы өз сөзінде кәсіпорындағы құрылымдық өзгерістерге қарамастан, байырғы дәстүрлердің үзілмейтіндігіне, мұндай мерекелік шаралар алдағы уақытта да баршаға ортақ ұйымдастырылатындығына сендірді.

Айта кетейік, мерекелік шара зауыттың белсенді жастарының күшімен ұйымдастырылды. Оларға оң баға берген    бас директор  жастар ұсынған  жаңа идея, тың бастамаларды қолдауға дайын екендігін де атап өтті.

Келесі сөз кезегін алған кәсіподақ  көшбасшысы Құсайын Урымбасаров та аруларға жылы сөзін аяған жоШараның тізгінін ұстаған ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің  қызметкерлері  Ринат Бекқайров пен Өмірхан Жақсығалиевтар кештің әсерлі өтуі үшін барын  салды. Тіпті көше аралап, қаламыздың ер-азаматтарының мерекеге қатысты айтарларын сұраған олар жауаптарды топтастырып, бейнежазба түрінде көрермендер назарына ұсынды.  Шара бағдарламасы  жан-жақтылығымен ерекшеленді. Зауыт жігіттерінің әріптес аруларға жолдаған әсем әндері мен бишілердің өнеріне тәнті боп, қол соқпағандар кемде-кем. Ал кәсіпқой саксофоншы Рафаэль мен скрипкашы Артур орындаған туындылар талай жүректерді жаулағаны сөзсіз.  Ал бұл күннің басты сыйы - шығыстың жарық жұлдызы, ҚР  эстрада әншісі Парвиз Назаровтың орындауындағы әндерді залдағылар қосыла шырқап, кешті одан сайын ажарландыра түсті.  Парвиздың шығыс мақамындағы әндер көпшіліктің делебесін қоздырып, зауыт арулары мың бұрала билей жөнелді.  Сахна зауыттың әдемі бикештерімен, кішкене бүлдіршіндермен  одан сайын әрлене түсіп, олар өзара би додасына түсті. Жеңімпаз деп танылған  зауыт қызметкері Валентина Хохлова Парвиз Назаровтың әндері жазылған СД-дискіні сыйға алды. Мұндай сыйлыққа №4 цех қызметкері Назым Әлжанова да ие болды.   Әдемі мереке сыйлаған   кеш соңында  арулар ұмытылмас кештен естелік ретінде ескерткіш суретке түсті.  Кештен алған әсерімен бөлісулерін сұраған біздің сауалымызға олардың қай-қайсысынан "Тамаша!"  деген жауап алдық. 



Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу